Бірінші сынып оқушыларының ата-аналарының көпшілігі мемлекеттік тілде оқуды таңдады
Бүгінгі күні балаларды бірінші сыныпқа қабылдауға 390 мыңға жуық өтініш түсті. Оның ішінде балалардың 70%-ы мемлекеттік тілде оқуды таңдады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми Telegram-каналы хабарлады.
Бірінші сыныпқа өтініштерді қабылдау 1 сәуірде басталған болатын. Ал құжаттарды қабылдау мерзімі 2022 жылғы 1 тамызда аяқталады.
Одан кейін мектептерге сыныптарды қалыптастыруға сапалы дайындық жұмыстарын жүргізуге және оқу үрдісін ұйымдастыруға уақыт беріледі.
«Құжаттарды қабылдау мерзімінің аяқталуына санаулы күндер қалды. 1 сәуірден бастап 4 ай бойы БАҚ-та да, әлеуметтік желілерде де 1 тамызға дейін құжаттарды тапсыру қажеттігі туралы хабарлап келеміз. Әлі өтініш беріп үлгермегендер 1 тамызға дейін құжат тапсыра алады. Қазір көптеген мемлекеттік білім беру қызметі электронды форматта қолжетімді, сол себепті egov.kz веб-порталы арқылы өтініш жіберуге болады. Сонымен қатар ата-аналардың өтініші бойынша құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да тапсыру мүмкіндігі бар», – деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Балаларды қазақ сыныптарына қабылдау бойынша жоғары көрсеткіш Қызылорда (89,7%), Батыс Қазақстан (85,4%), Маңғыстау (87,6%) және Жамбыл облыстарында байқалады.
Жаңа оқу жылында 405-410 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады деп күтіліп отыр.