Жаңалықтар

Қазақстанда Агробанк құру неге тиімсіз?

Бұл мәселе арагідік көтеріліп отырады

Елімізде Агробанк құру керек деген ұсыныс арагідік айтылып тұрады. Бұл тақырып осыдан бірер ай бұрын да көтеріліп, қаржы саласына жауапты шенділер мұндай салалық қаржы институты қажет емес деп кесіп айтқан еді. Атап айтсақ, елімізде аграрлық банктің құрылуына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова да, Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов та қарсы шықты. Депутаттық сауалға жауап берген премьер-министр Әлихан Смайылов та мұндай банкті іске қосу қажетсіз екенін айтты.

Үкімет басшысының сөзінше, бізде «Бәйтерек» холдингі өзінің еншілес компаниялары арқылы агроөнеркәсіп кешенін қаржыландырумен айналысады. Сондықтан оған қосымша дәл сондай қаржы ұйымын құрудың қажеті шамалы деді.

Сонымен тақырып жабылғандай көрінген.

Таяуда бұл мәселені «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қайта көтерді. Палатаның агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Жигули Дайрабаевтың айтуынша, аграрлық сала артық бюрократия мен қағазбастылықтан арылуы керек.

«Біз Агробанк құруды ұсындық. Мұндай жағдайда 300 мыңға жуық фермер кімге барарын білетін болады. Олардың бастамасы жүзеге асуы үшін талап етеміз. Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін азамат үшін шектеу болмауы қажет. Қаража алу үшін қазір фермерлер 35 құжат жинайды. Шаруашылықпен айналысатын қатардағы фермер ондай құжатты қайтіп жинамақ? Жұмыс істегісі келген адамға жағдай жасай алуымыз керек. Бірінші кезекте шешілуі керек мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі және қаржыландыру жайы», деген еді Дайрабаев брифингте.

Дайрабаев мұндай банк Ресейде бар және сәтті жұмыс істеп жатыр деп мысал келтіреді. Егер бастама мақұлданар болса өзге елдердің осы бағыттағы жұмыстарын үлгі етуге болады екен. «Атамекен» ҰКП-ның хабарлауынша, қазір азық-түлік қауіпсіздігі аясында барлық қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын біріктіретін арнаулы салалық бағдарлама жасалып жатқан көрінеді.


«Атамекеннің» қазіргі идеясын кезінде көтергендердің бірі – депутат Мұрат Бақтияров.

«Фермерлерді қаржылық қолдауды күшейту үшін ауыл шаруашылығы банкі құрылуы керек деп есептеймін. Бұл атал­ған салаға үлкен демеу береді. Қызылорда облысына барған кезімде фермерлер осы мәселені көтеруімді сұрады. Диқандардың айтуынша, өңірде күріш негізгі аграрлық өнім болып отыр. Облыс ішкі нарықта осы өнімнің 80 пайызын қамтамасыз етеді. Бірақ жылдан-жылға жұмыс істеу қиындап бара жатыр. Өңір­дегі суар­малы жерлердің жағ­дайы сын көтермейді, су құ­быр­лары мен кәріз жүйелері тиіс­ті қаржының жоқтығынан уақ­тылы тазаланбайды, соның сал­дарынан кептеліп, шамадан тыс сортаңданып қала бере­ді. Дамыған елдерде 1 текше метр судан 4-6 кило ауыл ша­руа­­шылығы өнімі өндірілсе, біз­де бұл көрсеткіш небәрі 0,4-0,8 ки­лоны құрайды – 6 есе аз. Да­мыған елдерде 1 кило өнім алу үшін 160-400 литр су жұм­салса, бізде ол 1 200-1 500 литр­ді маңайлайды. Суармалы жер­лер­дің гидромелиоративтік күйі көңіл көншітпейді. Бұл мәселе Үкіметтің назарын аударуы тиіс» деген еді Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатор сондай-ақ минералды тың­айтқыштар бағасының қымбат­тауын, арадағы делдалдардың кесірінен бағаның шарықтап тұрғанын айтады.

«Біздің ауылшаруашылық өндірушілері Ресей мен Беларус­тың фермерлерімен бәсекеге түсе алмайды. Ол елдердегі аграрлық банк фермерлердің мүлкі мен жерін кепілге алып, ұзақ мерзімге арзан несие береді. Әрі аталған банктің бөлімшелері әр өңірде бар. Ауыл шаруашылығына ар­налған банк ашу мәселесі Пар­ла­мент қабырғасында талай ай­тылды, бірақ әлі оң шешім шыққан емес» дейді ол.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай идеяны ұсынудың мәні жоқ.

«Бұл идея наурыз айында парламент сенатының сессиясында қаралып, сыналған еді. Сол кезде премьер-министр агроөндірісті «Бәйтерек» өз еншілес компаниялары арқылы қаржыландырып отырғанын, ал ондай салалық банктің қызмет аясы өте тар, тәуекелге толы болатынын айтқан еді. Енді осы идеяны «Атамекен» тағы ұсынуда. Біз бұл идеяның бюджеттен ақша алу тұрғысынан ғана ұсынылғанына сенімдіміз. Өйткені былтыр «Кең дала» бағдарламасы аясында 2,6 мың ауыл шаруашылық тауарын өндірушіге 70 млрд теңгеге несие берілді. Бұл осыған дейін жұмыс істеп келе жатқан бағдарламалардың жұмысқа қабілетті екенін көрсетеді. Ал ауыл шаруашылығын несиелеу көлемі 2022 жылдың әдепкі бес айында 81 пайызға өсті. Алайда аса ірі көлемдегі қаржыны қажет ететін жаңа бюджет шығындарына себеп боларлық жаңа ресурстар ұсыныла береді» деп жазады телеграмдағы marketanatomy каналы.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова да ауыл шаруашылығына лайықталған салалық банк қажет емес деген пікірді ұстанады.

«Ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің негізгі проблемалары қандай? Біріншіден, сервис пен қаржылық сауаттылықтың төмендігі олардың қызметін жүр­­гізу­дегі ашықтыққа кедер­гі болып тұр. Түрлі құралдар ен­гізу арқылы оны түзеуге бола­ды. Екіншісі, ауыл шаруашы­лы­ғындағы жоғары тәуекелдер. Сала­ны болжау өте қиын, сон­дық­тан қаржы институттары ол жаққа асқан сақтықпен аяқ басады. Өкінішке қарай, жұ­мыс істемей тұрған кредиттер үлесі бұл салада өте жоғары – 25 пайыз. Сондықтан мемлекет кепілдендіру құралдарын ұсыну, сондай-ақ шектеулі формада – субсидиялау формасы арқылы тәуекелдерді бөлістіруі керек деп санаймын. Өйткені көптеген дамыған елдерде ауыл шаруашылығы саласы дәстүрлі түрде субсидияланады. Ондай мақсат үшін агробанк керек емес. Одан гөрі арнаулы даму институты қажет», деді Бахмутова.