Жаңалықтар

Мемлекет биыл бос жатқан 904 мың га жерді қайтарды

АШМ: Жыл соңына дейін тағы осындай 5 млн га жер қайтарылмақ

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылдың алты айында пайдаланылмай қалған немесе заң талаптарын бұза отырып берілген 904 мың гектар жерді мемлекетке қайтарды (2021 жылы 430 мың гектар жер қайтарылды), деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Ағымдағы жылдың соңына дейін пайдаланылмай жатқан тағы 5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтаруды қамтамасыз ету жоспарлануда.

«1 млн 517 мың гектар аумақта жер пайдаланушыларға қатысты 601 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. 680,9 мың гектар жер бойынша тағы 57 материал Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің департаменттерінде тіркелу сатысында тұр. 2021 жылы 210 мың гектар аумақта жер пайдаланушыларға қатысты 177 жоспардан тыс тексерулер тіркелді», – делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді әкімдіктер одан әрі ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің тікелей пайдалануына бөледі.