Елімізде балаларға арналған түзету кабинеттері арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталады
Балалар жылында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (ПМПК) және психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталады. Бқл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ психикалық ауытқулары бар, есту, көру және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған оңалту орталықтары мен арнайы мектеп-интернаттардың материалдық-техникалық базасы жаңартылады.
«Қазіргі ПМПК, түзету кабинеттері мен арнайы білім беру ұйымдарының жабдықтары ұзақ уақыт бойы жаңартылмаған және ескірген. Олардың кейбіреулерінде балаларға қажетті түзету және дамыту ортасын құруға арналған арнайы құрал-жабдықтар жоқ. Сондықтан министрлік қолданыстағы түзету кабинеттері мен орталықтарын жаңғырту туралы бастаманы қолға алды. Өңірлерде ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жаңа арнайы заманауи жабдықтар мен қажетті техникалық құралдар сатып алынады. Бұл көрсетілетін психологиялық-медициналық-педагогикалық қолдаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде балалардың дамуындағы бұзушылықтар аурудың ерте сатысында анықталып, оларға уақытылы психологиялық-медициналық және педагогикалық көмек көрсетіледі», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Күдеринова.