Коллекторлармен қалай сөйлесу керек?

Жарияланды
Қашып жүргеннен гөрі келісімге келген жақсы

Кредит алған соң, оны уақытылы төлеп отыру керек. Өйткені төлемесеңіз, мәселелер туындайды. Төлем жасап отыруға, кешіктірген жағдайда айыппұл төлеуге келісімшартта келісіп, қол қойғаныңызды ұмытпаңыз. Кешіктіргеніңіз кредит тарихыңызды құртады. Яғни бұл сіздің клиент ретінде беделіңізді түсіреді. Алдағы уақытта банктерден қарыз ала алмауыңызға себеп болуы мүмкін. Кейде банктерұзақ уақыт бойы кредит төлемей жүрген адамдардан қарызды қайтару үшін коллекторларға жүгінеді. Олар кімдер, қандай құқықтары бар? Сіздің қандай құқығыыз бар? Осы туралы айтамыз.  

         Егер сіз кредитіңіз бойынша қарызыңызды төлемей жүрсеңіз, банк әр кешіктірген күнге қарыздың жалпы сомасының 0,5 пайызы болатын сомаға айыппұл салуға құқылы. Ал кешіктіру мерзімі 90 күннен асып кеткен соң айыппұл мөлшері кешіктірілген әр күннің сомасының 0,03 пайызынан аспауға тиіс. Жалпы банк қызметкерлері күн сайын хабарласып, неге төлемей жүргеніңізді сұрайды. Егер келісімге келе алмаса, банктің коллекторлық бюроға ісіңізді бағыттауға құқығы бар. Бірақ ол үшін арада ипотекалық қарызда — 90 күн, өзге қарыздарда 180 күн өтуі керек.  

         Коллекторлық бюро сотқа дейінгі төлету және қарызды реттеу, қарызға қатысты ақпарат жинаумен айналысады. Коллекторлық компания банкпен және шағын қаржы ұйымдарымен келісімшартқа отырған кезде кредитті ұйым оларға қарыз алушының деректерін береді. Яғни сізге хабарласқан кезде коллектордың қолында сіздің байланыс телефондарыңыз, үй және жұмыс нөмірлері, жұмыс орны, тұрғылықты мекенжайы, отбасылық жағдайы дегендей мәліметтер болады. Сонымен бірге қарызыңыз туралы толық ақпаратқа ие: қанша қарызсыз, негізгі қарыз, сыйақы мөлшерлемесі, комиссиялар, айыппұлдар және т.б. 

         Олар клиентпен кем дегенде алты ай, ұзақ дегенде 5 жыл жұмыс істейді. Яғни сізбен коллекторлар байланысқа түскен болса, егер қарызды әрмен қарай да қайтармаған болсаңыз, араға алты ай салып істі сотқа жолдай алады. Ең бірінші рет байланысқан кезде коллектор өзі туралы мынадай ақпарат беруі керек:

  • Өзінің толық аты-жөні;
  • Коллекторлық агенттіктің аты;
  • Агенттіктің тіркелген нөмірі. Яғни коллекторлық агенттіктер реестрінде болуы керек;
  • Кредитордың атауы. Банк, шағын қаржы ұйымының аты;

         Ең алдымен аталған коллекторлық агенттіктің шынында бар екенін көз жеткізу керек. Ол үшін Ұлттық банктің коллекторлық агенттіктер реестрін қарап шығыңыз.

Коллекторлар құқығы

  •       Тұрғылық мекенжайыңыз бойынша үйіңізге сағат таңғы 8:00-ден бастап, кешкі 21:00-ге дейін, жұмыс күндері келе алады. Бірақ аптасына үш реттен аспауы керек. Ал бір күнде бір рет қана. Сонымен бірге коллекторлық агенттіктің кеңсесіне де шақыра алады.
  • Әлеуметтік желілер, электронды пошта, жазбаша хат алмасу арқылы байланысқа шыға алады.
  • Әңгіме жазылады. Егер агенттік кеңсесінде кездесу болып жатса, видеоға түсірілуі мүмкін.
  • Үйіңізге немесе жұмысыңызға бір күнде үш реттен артық хабарласпауы керек. Уақыты: таңғы 8-ден кешкі 9-ға дейін. 

Коллекторларға тыйым салынады:

  • Қазақстан Республикасының заңында көрсетілгендей, айтылмауы керек деген ақпараттан өзге компания жайлы мәліметтерді жасыруға;
  • Демалыс және мереке күндері байланысуға;
  • Сіздің мәліметтеріңізді үшінші біреулерге жариялауға;
  • Сіздің беделіңізді қасақана түсіріп, сізге зияны тиюі мүмкін нәрселер істеуге;
  • Өміріңізге қауіп төндіруге;
  • Қоқан-лоққы жасауға, күш қолдануға немесе мүлкіңізге зиян келтіруге;
  • Қарызыңыз туралы өтірік ақпарат беруге;
  • Ақшаны қолма-қол немесе қолма-қолсыз өзі алуға;
  • Ақшалай емес, мүлік түрінде қарызды жабуды талап етуге;
  • Сізден білген коммерциялық не өзге де құпияларды жария етуге.

Қалай сөйлесу керек?

         Коллекторлар сіздің мүлкіңізді тартып ала алмайды. Ол үшін іс сотта қаралуы керек. Дегенмен кейде коллекторлар артық кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан сіз де құқығыңызды білгеніңіз жөн:

  • ҚР заңнамасына сай, сіз қойған қосымша сауалдарыңызға жауап аласыз;
  • Коллекторлық агенттікке барып, кредитті не үшін төлей алмай жүргеніңізді дәлелдейтін құжаттарды көрсетіп, апара аласыз. Сөйтіп бәлкім банкпен арадағы келісімшартқа өзгеріс енгізіп қалуы мүмкін;
  • Қарызыңыз туралы ақпарат сұрата аласыз;
  • Коллекторлармен кездескенде видео түсіруге және сөйлескенде аудиоға жазуға болады.

         Қазақстанның Ұлттық банкі коллекторлық агенттіктердің шектен шықпауын қадағалайды. Егер заң бұзған болса, лицензиясын тартып ала алады. Егер коллекторлар құқығыңызды таптап жатса, былай істеуге болады:

  • Коллекторлық компанияның үстінен сотқа беруге;
  • Құқық қорғау органдарына шағымдануға;
  • Ұлттық банкке мына мекенжай бойынша хат жіберіп, шағым қалдыруға 050000, Алматы қаласы, Әйтеке би көшесі, 67.
  • info@kzp.nationalbank.kz электрон поштасына хат жазуға;
  • 8 (727) 2619-213, 8 (727) 2788-104, ішкі нөмірі 5573 нөміріне хабарласуға;
  • НБК Onlinе мобайл қолданбасындағы «Қаржылық қызмет тұтынушылардың құқығын қорғау» бөлімі арқылы байланысуға.

Қандай ақпаратты жасыруға болмайды?

  • Жұмысыңызды, мекенжайыңызды, атыңызды, байланыс нөміріңізді ауыстырған болсаңыз, оны хабарлауыңыз керек;
  • Табыс, шығын, мүліктеріңіз туралы ақпарат айтуыңыз керек;
  • Кредитордың қарызды төлеу шарттарын 15 күн ішінде қарастырып, өзіңізге сай келетін шарттар туралы хабарлауыңыз қажет

Қалай байланыс орнату керек?

         Ең алдымен, хат жолдаңыз. Коллекторлық агенттік қызметкерлері сізбен байланысқан соң, бір ай мерзім ішінде коллекторлық агенттікке жат жазуыңыз керек. Ол жерде мынадай өтініш болады:

  • Банктік қарыз бойынша жасалған келісімшарттың шарттарын өзгерту;
  • Неге қарыз болып қалғаныңызды түсіндіріп бересіз;
  • Біліміңіз, табысыңыз, шығындарыңыз, отбасылық жағдайыңыз, отбасында кімдер бар, тұратын жеріңіз және мүлкіңіз туралы ақпарат;

         Бұл ақпараттарды көрсеткен жөн. Сонда ғана кредиттік ұйым сіздің қаржылық жағдайыңыздан хабардар болып, басыңызға іс түскен болса түсініктік танытып, осы мәселені шешу жолдарын қарастырады. Хат қарыздың қалай және неге пайда болғаны туралы ашық жазғаныңыз жөн. Сөйтіп банкке белгілі бір шешімдер ұсынып көріңіз. Мысалы, жаңа жұмысқа тұрғанша кредиттік демалыс сұрап көре аласыз. Немесе мерзімін ұзартып, бірақ төлем сомасын азайтуды ұсыныңыз. Болмаса, қандай да бір мүлікті сатып, кредитті жабуға ұсынып көрсеңіз болады. Бұл хатты коллекторлық агенттік алған соң, оны кредиторға бағыттауға міндетті. Хатты екі данада жазып, қабылдаған адамның қолын қоюын, аты-жөні мен қызметін көрсетуін талап етіңіз. Кредитор хатыңызды 15 күн ішінде қарастырады да, жауабын коллекторлық агенттікке береді.  

         Банк не шағын қаржы ұйымы келісімшарт шарттарын өзгертеуге шешім қабылдауы мүмкін. Оған құқығы бар. Сонымен бірге өз талабын ұсынуы да мүмкін. Болмаса, сіз айтқан шарттарға келісіп қалуы да ғажап емес. Банктің шешімін коллекторлық агенттік сізге 10 күн ішінде хабарлауы тиіс. Сіз ескеруіңзі керек тағы бір жайт. Кредитор сіз коллекторлармен байланысқа түскен уақытта сотқа жүгіне алмайды. Сондай-ақ, агенттік сізбен байланысқа шыққан уақыт үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар қоспауға тиіс. Кредит төлеуіңізді талап етпеуі керек. Ал енді коллектордан қашуды жалғастырып, телефонды алмай, үйге келсе есік ашпай жүре берсеңіз, алты айдан асқан уақыттан соң олар сіздің үстіңізден сотқа бере алады.  

Сондай-ақ оқыңыз