«AMANAT» партиясы Қостанай облысында 27,9 мың га жайылымды мемлекет меншігіне қайтарды
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы Қостанай облысында болды. Аймақтағы көшпелі кеңес қорытындысы бойынша мемлекет меншігіне 27,9 мың га жайылым жер қайтарылды.
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы белсенді жұмыс істеп жатыр. Қостанай облысында партия мүшелерінің күш салуымен жалпы ауданы 27,9 мың га жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды.
Атап айтқанда, Федоров ауданында 7,1 мың га, Науырзым ауданында – 20,8 мың га қайтарылды, ал Меңдіқара ауданында ірі шаруа қожалықтарының бірімен 3,4 мың га жерді көпшіліктің қолданысы үшін өтеусіз беру туралы меморандум жасалды.
«Біздің комиссияның басты мақсаты – пайдаланылмай жатқан, оның ішінде заңсыз жеке меншікке өтіп кеткен жайылымдарды қайтару және оларды ауыл тұрғындары үшін қолжетімді ету. Жыл басынан бері Қостанай облысында 60 мың га пайдаланылмай жатқан жер қайтарылды. Сонымен қатар, жалпы ауданы 45,4 мың га болатын 24 жер учаскесін қайтару мәселесі бүгінде сот өндірісінде. Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы 267 мың га жерді мемлекет меншікке қайтаруға көмектесті», деді партия Хатшысы Дәулет Кәрібек.
Меңдіқара ауданының тұрғындарымен пікірлесу кезінде партия мүшелері өз бастамаларын алға тартты. Қазіргі уақытта, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, елді мекен маңындағы 5-тен 20 шақырымға дейінгі радиустағы жерді көпшіліктің пайдалануы үшін тәркілеуге рұқсат етіледі. Комиссия мүшелері осындай қайтарылған учаскелерді жеке қолға беруге жол бермеу үшін ауылдық округтердің балансында қалдыруды ұсынады.
Бұл бастаманы кәсіпкер Еркін Бұқанов қолдап отыр. Ол сондай-ақ мемлекет агробизнеске көбірек көңіл бөлуі керек екенін атап өтті. «Ауылда ауыл шаруашылығымен айналысуға дайын іскер адамдар өте көп, бірақ жердің жоқтығы – өте өзекті мәселе. Олар қалай үлестірілді? Игерілмеген жерлерді, әрине, мемлекетке қайтару керек», деді ол.
«Бізде қазір үлкен шаруашылықтарға, тұтас аграрлық компанияларға сұраса болды әрдайым жер беріледі. Әділ болуы үшін халықтың да жерді үлестіру конкурсына қатысуға мүмкіндігі болуы керек», деп атап өтті Меңдіқара ауданы Архиповка ауылының тұрғыны Светлана Калиевская.
Комиссия мүшесі, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов белгілі бір адамдар жерді жай ғана иеленіп, оны игермей отырғанына, ал бұл әрекет экономикаға зиян келтіретініне назар аударды.
«Жер не үшін қайтарылып жатыр? Мемлекет бәрін өзіне қайтарып алу үшін емес, бұл қадам ең алдымен оны игеруге дайын адамдарға беру үшін жасалады. Сұрақты басқалай қойғым келеді. Мәселе мал жаюға ғана қатысты емес. Анығында, бұл жерде маңыздысы – әділдік орнату. Жер мәсеселін қала аумағында да, елді мекенде де қарастырып жатырмыз. Тағы бір өзекті мәселе бар. Ауылда жер, жұмыс жоқ болғандықтан, жастар қалаға көшіп жатыр. Ал онда тұрғын үй жоқ. Қайтып келсе, мұнда жер жоқ. Жерді халыққа қайтару – тікелей міндетіміз», деді ол.
Комиссияның тағы бір мүшесі, блогер Ғалым Байтоқ жерді жөн-жосықсыз иеленіп отырғандарға қарсы іс-қимыл мәселесіндегі елеулі жетістіктерді атап өтті.
«Латифундистердің басым көпшілігі жерді өзге адамдардың пайдалануына мүмкіндік бермеді немесе жалға беріп отырды. Тіпті, Қарағанды облысында 1 млн, Маңғыстау облысында 3 млн га жуық жер бір адамның қолында болған жағдайлар болды. Комиссияның алдағы міндеті – осы мәселенің барлығын бақылауда ұстау. Жерді игермейтіндерден қайтарып алып қана қоймай, оның тиімді пайдалануын қадағалау маңызды», деді ол.
Еске сала кетейік, соңғы бірнеше ай ішінде Комиссия мүшелері Жетісу, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарында болды. Жер комиссиясының құрамына Парламент Мәжілісіне «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттар Айдос Сарым, Ерлан Саиров, Жанарбек Әшімжан, Қайнар Абасов, Артур Платонов және тәуелсіз сарапшылар мен қоғам қайраткерлері Бақытжан Базарбек, Марат Бәшімов, Кирилл Павлов, Марат Шибұтов, Мақсат Толықбай тағы басқалар кіреді.