Жаңалықтар

АҚШ Сенаты Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуын мақұлдады

Байден Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуы альянстың қауіпсіздігін нығайтады деді

АҚШ Сенаты Финляндия мен Швецияның Солтүстік Атлантикалық альянсқа қосылуын ратификациялауға дауыс берді. Бұл туралы interfax.ru сайты хабарлады.

Осылайша, 100 сенатордың 95-і бұл елдердің НАТО-ға мүше болуын қолдаса, біреуі қарсы дауыс берді. Сенаттың мақұлдауын алу үшін кемінде 67 дауыс қажет болды. Дауыс беру Сенаттың сайтында көрсетілді.

«Сенат екі жақты негізде бір дауыспен сөйлейді және авторитаризмнің күшеюі жағдайында Батыс альянсын нығайтады», – деді Сенаттағы көпшіліктің жетекшісі Чак Шумер дауыс беру алдында.

АҚШ президенті Джо Байден шілдеде Финляндия мен Швецияны НАТО-ға қабылдау туралы хаттамаларды АҚШ Сенатының мақұлдауына жіберді. Америка заңына сәйкес, ратификациялау рәсімін ел президенті жүзеге асырады, сенат бұған келісім береді. Кейін АҚШ конгресінің Өкілдер палатасы Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруін қолдайтын қарарды мақұлдады. Финляндия мен Швеция қосылу туралы хаттамаларды барлық мүше мемлекеттер ратификациялағаннан кейін НАТО-ға ресми түрде мүше болады. Альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг бұл процесс бірнеше айға созылуы мүмкін екенін атап өтті. Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуы туралы құжаттарды альянсқа мүше 30 елдің 23-інің парламенті ратификациялаған.

Финляндия мен Швеция 18 мамырда НАТО-ға кіруге өтініш берді. Өтініштерді талқылауға Түркия тосқауыл қойды, бірақ кейін ол қарсылықтарын қайтарып алды.