Брокерлік шотты қалай ашуға болады?
Қор нарығында бағалы қағаздармен сауда жасамас бұрын инвестициялық шот ашу керек. Мұны қалай жасауға болады және инвестордың не нәрсеге назар аударуы керек екені туралы Fingramota.kz айтып береді.
Қазақстанда бөлшек инвесторлар қор биржасында лицензиясы бар делдалдар – брокерлер мен дилерлер арқылы ғана сауда жасай алады. Бұлар клиенттің атынан бағалы қағаздармен мәмілелер жасайтын және сауда-саттыққа тікелей қол жеткізе алатын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары.
Инвестициялық делдалдардың қызметін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің атынан уәкілетті орган реттейді. Қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтында бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың лицензиясының болуын тексеруге болады. Егер лицензия бар болса, ол нарықтың адал қатысушысы болып табылады және оның тарапынан инвесторлардың құқықтары бұзылған жағдайда реттеуші оған ықпал етудің түрлі шараларын қолдана алады. Қазақстан қор биржасында ресми тіркелген брокерлер мен дилерлердің тізімін сіз сондай-ақ оның сайтының «KASE мүшелерінің тізімі» бөлімінен қарай аласыз.
Брокерді анықтап алғаннан кейін сіз онымен брокерлік қызмет көрсету және бағалы қағаздарды номиналды ұстау бойынша жазбаша шарт жасауыңыз керек. Қызмет елдің барлық кәмелетке толған азаматтары үшін, яғни 18 жастан бастап, тиісті құжаты (жеке куәлігі немесе төлқұжаты) болған жағдайда қолжетімді. Осы шартқа сәйкес брокер бағалы қағаздарды сатып алу және сату бойынша қызмет көрсетеді, сондай-ақ сіздің атыңыздан осы Бағалы қағаздар орталық депозитарийінде – барлық қазақстандық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды орталықтандырылған есепке алуды және растауды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйымда есепке алуды және сақтауды жүзеге асырады. Бағалы қағаздармен мәмілелер жасау нәтижесінде сіз инвестициялық табыс аласыз (бағалы қағазды сату кезінде оның құнының өсуі немесе купондық сыйақы түрінде), ал брокер өз кезегінде өз қызметтері үшін комиссия алады.
Брокерден оның мәмілелер сомасының пайызы түріндегі қызметі, бағалы қағаздарды сақтау, биржада тіркеу және қызмет көрсету және т.б. үшін комиссиялық сыйақысы қанша болатынын міндетті түрде сұрап алыңыз. Әдетте, ең аз мөлшерде инвестициялар қарастырылмаған. Оның барлық қыр-сырын және брокермен ынтымақтасу талаптарын оның өзімен кеңседе немесе телефон арқылы алдын ала талқылап алу қажет. Бұдан басқа, брокерлік компанияның сайтында әдетте танысу үшін жеке және заңды тұлғалар үшін брокерлік қызметтер көрсету және номиналды ұстау туралы шарт, сондай-ақ қызметтердің тарифтері орналастырылған. Шарт жасасқанға дейін оларды мұқият оқып шығыңыз. Бүгінгі күні қосылу шарттары түрінде рәсімделуі мүмкін брокерлік қызмет көрсету шарттарының басым бөлігі қашықтықтан электрондық тәсілмен жасалады.
Брокер инвесторға Бағалы қағаздар орталық депозитарийінде шот ашады. Бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелерге арналған барлық шоттар Орталық депозитарийде ашылады, сол жерде инвесторлардың активтері дербес шоттарда сақталады, бұл клиенттер қаражатының сақталуын және барлық мәмілелердің транспаренттілігін қамтамасыз етеді.
Қазақстанның қор нарығындағы соңғы екі жылдағы ең елеулі және белгілі үрдістердің бірі жеке тұлғалар-инвесторлар санының өсуі болып табылады. 2022 жылдың алты айында бөлшек инвесторлардың саны жыл басынан 1,6 есеге ұлғайып, 365 мыңнан асты. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жеке тұлғалар 146 мың жаңа дербес шоттар тіркеген.
Үйден шықпай-ақ шот ашуға бола ма?
Инвестициялық шотты бірнеше тәсілдермен ашуға болады:
- брокермен жеке кездеу барысында, оның кеңсесінде;
- брокердің мобильдік қосымшасы арқылы;
- брокердің сайтында онлайн-өтінімі арқылы.
Инвестициялық шотты ашу, жүргізу және жабу – ақысыз көрсетілетін қызмет, бұл ретте брокерлер шотты сол күні немесе ең ұзағы үш жұмыс күні ашады.
Инвестордың іс-әрекет алгоритмі:
Сауда платформасына өту қажет, оның көмегімен брокерлік ұйым жіберген сілтеме бойынша инвестициялауға болады.
Бұдан кейін шот ашуға өтініш толтыру қажет, оған сіздің жеке басыңызды куәландыратын құжаттың сканерленген көшірмесін, телефоныңыздың нөмірін растауыңыз, сондай-ақ өзге деректерді (тұрғылықты мекенжайыңызды, электрондық пошта) тіркеу қажет. Міндетті түрде өтінішті көшіріп алыңыз және өзіңіздің құрылғыңызда сақтап қойыңыз.
Өтінішке қол қойыңыз. Кейбір брокерлер бұл үшін ЭЦҚ-ны пайдалануды және өз компьютеріне NCALayer бағдарламасын орнатуды, ал басқалары SMS-хабарламадан код енгізуді сұрайды.
Енді сіз шотты банк кассасы арқылы немесе мобильдік банкинг арқылы, брокердің сауда платформасы кабинетінде банк картасымен толтыра аласыз.
Сіз тапқан қаражатты брокер платформасы арқылы немесе кез-келген банкке жүгіну арқылы ала аласыз. Қаражат 1-3 жұмыс күні ішінде алынады.
Шарт жасасқаннан және шот ашқаннан кейін сіз брокерден бағалы қағаздарды, алтынды және басқа да қаржы құралдарын сатып алуға және сатуға өтінімдерді орналастыру үшін сауда терминалына қолжетімділік аласыз. Сіз қандай биржаларда сауда жасай алатыныңызды брокер көрсетеді. Әдетте сауда платформасы тек отандық қор биржаларына ғана емес, сонымен қатар шетелдіктерге де қолжеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, сіз отандық және шетелдік компаниялардың акцияларын, облигацияларын және басқа да қаржы құралдарын сатып ала аласыз және сата да аласыз.
Тапсырыстарды SMS немесе ЭЦҚ арқылы растай отырып, сіз брокерлік компанияның мобильдік қосымшасы арқылы немесе оның сауда платформасында сауда операцияларын жүргізуге өтінімдерді бере аласыз және растай аласыз. Сауда жасау үшін сізге қандай сома қажет екендігі туралы сіз өзіңіздің қаржылық мүмкіндіктеріңізге, жоспарларыңызға және қор нарығындағы таңдалған сауда стратегиясына сүйене отырып, брокерден кеңес ала аласыз. Барлық жинағыңызды бірден бағалы қағаздарға салмаңыз, әсіресе сауданы қарыз қаражатына бастаудың қажеті жоқ, қор нарығында тиімсіз сауда болған жағдайда сіздің бюджетіңіз үшін маңызды емес сомадан бастаңыз. Себебі инвестициялау – бұл тәуекел: бағалы қағаз қаншалықты көп пайда әкелсе, соғұрлым оған инвестиция салу арқылы көп ақша жоғалтуыңыз мүмкін.