Қазақстан маймыл шешегі індетіне қарсы күресуге дайын ба?

Жарияланды
Еліміздің барлық халқының 56 пайыздан астамы КВИ-ға қарсы вакцина алды

Қазақстанда коронавирус індеті қайта бас көтерді. Пандемия әдепкідей аса қауіпті емес. Дегенмен індеттің аты індет. Ауыр не жеңіл екен демей, сақтық шараларын қабылдау қажет. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазір күн сайын 3000-ға дейін КВИ дерегі тіркеліп жатыр.

«Бағалау матрицасына сәйкес бүгінде сары аймақта Нұр-Сұлтан қаласы, қалған өңірлер жасыл аймақта орналасқан. Тәулігіне 3000-ға дейін КВИ+ және 20-ға дейін КВИ- жағдайлары тіркеледі. Қазіргі КВИ түрі ауру жеңіл түрде өтуде, бірақ қауіпті топқа, яғни аурудың қатаң түрімен ауыратындарға жүкті әйелдер, 60-тан асқан егде адамдар, созылмалы, қосалқы аурулары бар науқастар, сонымен бірге КВИ қарсы егілмеген адамдар жатады» деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соңғы аптада әлемнің 69 елінде сырқаттанушылықтың өсуі байқалған. Оның ішінде Ресейде – 68 пайызға, Венгрияда – 40 пайызға, Грузияда – 20 пайызға, Польшада 13 пайызға өсіп, дүниежүзінің үш үлкен өңірінде коронавирус инфекциясы кеңінен таралуда.

Бізде науқастардың 94 пайыздан астам амбулаториялық жағдайда емделіп жатыр.  

«Қазіргі таңда республикада қуаты 5 062 төсек-орын болатын 191 инфекциялық аурухана КВИ бойынша стационарлық көмек көрсетеді, төсек-орынмен қамту 28 пайызды құрайды. Инфекциялық төсек-орынмен қамтудың ең жоғары көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында 55 пайыз және Солтүстік Қазақстан облысында 59 пайыз екені байқалады. Реанимациялық орынмен қамтудың ең жоғары көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында – 28 пайыз және Түркістан облысында 20 пайыз» деді ведомство басшысы.

4 тамыздағы жағдай бойынша еліміздің реанимация бөлімшелерінде КВИ диагнозымен 43 пациент жатыр. Негізінен, барлық пациенттерде қосалқы аурулар бар. Атап айтқанда, пациенттердің 20,3 пайызында – артериялық гипертензия, 7 пайызында – өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, 5 пайызында – жүректің ишемиялық ауруы, 8 пайыздан астамында қант диабеті және т.б. бар.

Науқастарды емдеу үшін дәрі-дәрмектің және медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлемі жеткілікті. Өңірлерде коронавирус инфекциясын емдеу үшін дәрілік заттардың 16 атауы бойынша 2 айлық толтырылатын қор қамтамасыз етілген.

«Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында, амбулаторияларда 80 мың пациентке жететін дәрілік заттар қоры бар. Сонымен қатар министрлік бөлшек және көтерме сауда орындарда дәрілік заттардың болуына тұрақты мониторинг жүргізеді. Бүгінгі күні осы ұйымдарда дәрілік заттардың 3 айға жеткілікті қоры бар және қажет болған жағдайда уақытылы толтырылады. Бұдан басқа, осы жылдың басынан бастап медициналық ұйымдарға 6 млрд теңгеге дәрілік заттар әкелінді, бұл жылдық көлемнің 70 пайызын құрайды» деді Ғиният.

Эпидемиологиялық тексеру барысында ауырғандардың 80 пайызы егілмеген немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екені анықталды, бұл тағы да КВИ-ға қарсы вакцинацияның қажет екенін растайды.

«Республикада халықты ревакциналау жалғасып жатыр, бүгінгі күні ревакцинамен 5 млн-нан астам адам қамтылды, ол егілуге тиісті халықтың 68 пайызын құрайды. Бір тәулікте 14 мыңнан астам адам егіліп жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда халықты вакциналау вакцинаның 3 түрі: QazVac, Sinofarm және Pfizer қолжетімді, барлығы 1 млн 200 мың доза бар. Вакцинаны тұтыну қарқынын ескере отырып, иммундық-профилактиканы қамтамасыз ету үшін үкімет 800 мың дозаны күзгі-қысқы айларға алып қоюды жоспарлауда» деді ведомство басшысы

Ол эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және бизнестің шектеусіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін барлық объектілерде санитариялық-дезинфекциялық режимін сақтау және халықтың қызметтер алу кезіндегі қауіпсіздігін сақтау қажеттілігі туралы тағы да еске салып өтті.

Әлемді елеңдетіп, қауіпке бөлеп отырған тағы бір жағдай – маймыл шешегі деп аталатын індет түрінің тарап жатқаны. Әрине, бұл ауру әзірге кең етек жайған жоқ, десе де оның таралу ауқымын осы бастан шектейтіндей тиімді шаралар қабылданғаны жөн. Бұл ретте Қазақстан да маймыл шешек ауруын анықтау және емдеу бойынша хаттама әзірлеп жатыр.

Ажар Ғинияттың айтуынша, маймыл шешегі туралы ДДҰ-дан ақпарат көп түседі. Ұйымның мәліметінше, қазіргі кезде 89 елде 25 мыңнан астам жағдай тіркелген. Ауру жеңіл түрде өтіп жатыр.

«Мысалы, бүгінгі ақпаратқа сәйкес, 7 елде, 8 жағдай болған екен. Қазіргі таңда ДДҰ-дан келген әр ақпарат қаралады. Аталған ұйым вакцинация жүргізу керек еместігін айтты. Нұсқау болса, оны орындауға тырысамыз. Өзіміз де ауруға мониторинг жүргізіп жатырмыз, ұқсас белгілері бар аурулар болса, диагноз қою үшін тексереміз, сондай-ақ қызметкерлерімізді оқытып, дайындап жатырмыз. Осы ауруды емдеуде дәрігерлерге нұсқау болатын хаттама әзірлеп жатырмыз. Мамандарымыз осы ДДҰ-ның өкілдерімен бірге жұмыс істеп жатыр» деді министр өз жауабында.

Сондай-ақ оқыңыз