Кім де болсын көп ақша тауып, таршылық көрмей өмір сүргісі келеді. Дегенмен сол қалауын іске асыруда көпшілігіне өзі шығарып алған, кертартпа ойлар кедергі болады. Сөйтіп екі арада бай болмауының себебін белгілі бір мәселелерге, адамдарға байлап қояды. Негізі адамның қаржылай тәуелсіз болуына әсер ететін жалғыз фактор — өзі. Сондықтан біреуді кінәалаудың орнына өзімен жұмыс істей бастаған адам — дұрыс жолда. Осы ретте оқырмандарымыздың назарына қаржы мәселелері бойынша коуч Альфио Бардолланың «Ақша бақыт әкеледі» кітабынан үзінді ұсынғымыз келеді. Атап айтқанда, кертартпа ойлар және автордың соған қатысты пікірі.
- Ақша табу үшін ақша керек. Көпшілігі осылай ойлайды. Бірақ қарап отырсақ, бүгінде миллиондаған еуро активтері бар байлардың 90 пайызы кезінде бәрін нөлден бастаған.
- Қазір тауып жатқан ақшамның кететін жерлері бар. Сондықтан мен ештеңе өзгерте алмаймын. Кейбір ірі компаниялар кәсібін гараждан бастаған. Оған Apple, Hewlett‑Packard, Tecnogym мысал бола алады. Ал тиражы 250 млн данамен шыққан Гарри Поттер туралы кітаптарды автор бос уақытында жазған. Шын мәнінде өзгерісті қатты қалаған адамға тығырықтың кез келген түрінен жол табу қиын болмайды.
- Бай болу үшін оқу керек. Негізі адамның білім деңгейі оның материалдық жағдайына тікелей байланысты болмайды. Әлбетте, сауатты, оқыған, көзі ашық адам болған жақсы. Дегенмен мектептегі куәлік не қызыл диплом сіздің мықтылығыңыздың кепілі бола аламайды. Айталық банкке барғанда сізден «сабақты нешеге оқыдың?» деп сұрамайды. Оларға материалдық жағдайыңыз ғана маңызды. Соған қарап қана баға береді.
- Байысам, Шықбермес Шығайбай болып кетемін. Көпшілігінде осындай қорқыныш болады. Әйтсе де, ақша адамды өзгертпейді. Бар болғаны ішкі болмысын жақсырақ ашып береді. Яғни іші тар адамда ақша пайда болса, одан бетер іштарланып кетеді. Ал енді былайғы күні дн жақындарыңызға көмектесуге құштар адам болсаңыз, жағдайыңыз гүрлеп кеткенде бұрынғыдан да көбірек қол ұшын созатын боласыз. Материалдық та, рухани да қолдаудың маңызы зор. Сондықтан алдымен өзіңізді түзеңіз. Мінезіңіздің жақсаруына ақша емес, өзіңіз себепші бола аласыз.
- Қаржылық жағдайымды реттеуге қазіргі жұмысым жеткілікті. Кәсіпкер не инвестор болудың қажеті жоқ. Қаржылық еркіндікке қол жеткізудің тәсілі жұмыс істеу деп ойлайтындар көп. Әйтсе де, күнделікті 8 сағаттық жұмыста жүріп, шіріген бай болып кететіндер сирек. Мұндай жұмыста жүріп көбіне байып кететіндер спортшылар, музыканттар, актерлер немесе алпауыт компаниялардың басшылары болады. Ал енді инвесторлық немесе кәсіпкерлік машығын арттырмағандар қаржылық еркіндікке жете алмайды. Сондықтан кәсіпкер не инвестор болуыңыз керек. Әрине, мақсатыңыз байып, жақсы табыс табу болса.
- Қазіргі өміріме дән ризамын. Бай болғым келмейді. Шынында, айлығы өзіне жеткілікті, қамсыз өмір сүретіндер бар. Оларға бұдан артық табыс керек болмауы да мүмкін. Әйтсе де, өмір сан қилы. Неше түрлі жағдай болып қалауы мүмкін. Жақындарыңыздың бірі ауырып қалса, өзіңіз бір жағдайға тап болып қалсаңыз, қаншалықты әзірсіз? Сондықтан бұлай деп айтпас бұрын, бәрібір қор жинап, жеткілікті деңгейде ақшаңыз болуы қажет.
- Менің қолымнан келмейді. Адам көп нәрсені тіпті тырысып көрмей жатып ойлап, шешім шығарып қояды. Мына жағдайда да солай. Еш нәрсе оп-оңай бола қоймайды. Бірде құлайсың, бірде тұрасың. Байлыққа апарар жолда да солай. Аяққа тұрып кеткенше берілмеу керек. Көбірек кітап оқып, қаржы туралы біліміңізді арттыра беріңіз. Миллионерлердің биографияларын шолып шығып, ой түйіңіз. Үйренуден жалықпаңыз.
- Бұрын байып кету оңай еді. Қазір олай емес. Бұл да өтірік. Қайта қазір жағдайдың түзеу әлдеқайда оңайлау. Өйткені жолдары өзгерді. Осыдан отыз жыл бұрын жақсы бір өнім жасап, оны нарыққа шығарып жіберу жеткілікті еді. Табыс біртіндеп түсе беретін. Яғни ол кездегі басты мәселе өндіріс болған. Ал қазір ше? Бүгінде біз индустриялық қоғамнан ақпараттық қоғамға ауыстық. Яғни ақпараттық ресурсы бар адам — бай адам. Уеб-сайт жасайтын жап-жас балалар бүгін болмаса, ертең компания құрып, әлемдік нарықта небір алпауыттармен иық тіресіп шыға келуі мүмкін.
- Жасым келді. Уақытты жіберіп алдым. Бүгінде жастың да, кәрінің де байып кетуге тең мүмкіндігібар. Бұл жерде мәселе — санада. Жас ұлғайған сайын көпшілігі қорқақтап қалады да, комфорт зонада шыққысы келмей қалады. Өзін ақымақ сезініп қалмас үшін қателесуден қашады. Бар болғаны осы.
- Тым жаспын. Бұл — алдыңғылардың қарама-қарсы типі. Мысалы, АҚШ-та жасөспірімдердің өзі қаржы нарығына инвестиция құйып жатады. Олардың жетістігіне тіпті кейбір топ-менеджерлер жете алмай жүрген болуы да мүмкін. Жастардың миында шектеу аз болады. Сондықтан шыңға шығуды жастайынан бастаған адам ұтылмайды. Спортта неғұрлым ерте жаттыға бастасаң, соғұрлым нәтиже жақсырақ болады. Мұнда да солай.
- Байлардың бәрі ақшаны арам жолмен табады. Негізі арам адамдар байлардың да, кедейлердің де арасында болады. Сондықтан бұлай ойлау қате. Байлардың көпшілігі бүгінгі дәрежеге интеллектісінің, көп уақыт машығын дамытудың, тынбай оқып, үйренуінің нәтижесінде жеткен. Жоғарыда айтқан тәсілмен байығандар барын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ барлығы бірдей сондай болады деуден аулақ болған жөн.
- Көп ақша табу үшін көп жұмыс істеу керек. Негізі 24 сағаттың 20 сағатында жұмыс істесе де, айлығы шайлығына жетпей жүретіндер болады. Сол сияқты бірнеше сағат қана істеп, кей адамдардың бірнеше жалақысын бір айда табатындар бар. Бұл жерде мәселе сағаттың санында емес, ақылмен жұмыс істеуде.
- Материалдық тұрғыдан бай болсаң, рухани жағың кенде қалады. Асылында, бұл екеуінің арасында еш байланыс жоқ. Рухани тұрғыдан бай болуға сіздің көп ақшаңыз кедергі бола алмайды.
- Бақытты ақшаға сатып ала алмайсың. Әу баста байығысы келген кезде адамның ниеті негатив болса, онда байығаннан көктемеуі әсте мүмкін. Өйткені оның бар пиғылы біреуге бірдеңе дәлелдеу, ашу, өкпе-реніштен құралған еді. Бірақ көп ақша адамға жағымды әсерлерді көбірек сезінуге мүмкіндік береді. Ата-анаңызды шетелге демалысқа жіберіп, жұбайыңызға қалаған зергерлік бұйымын сыйлай алатын болсаңыз, бақыт сыйлағаныңыз болмай ма? Ал ол үшін ақша керек.
- Барлығы бірдей бай болуы мүмкін емес. Негізі ақша табу — велосипед тебу сынды машықтың бірі. Яғни оны дамыту арқылы үйреніп, бір жолға салуға болады. Сол сияқты оған жету жолын үйрете де аласыз. Ол үшін уақыт пен техника керек. Сондай-ақ, қадалған жерден қан алатын қасиет болғаны дұрыс.
- Байып кету оңай болса, бәрі байып кетпей ме? Барлығы адамның өз қолында. Басым көпшілігі ол жолдан өтуге ерініп, дайын асқа тік қасық бола салсам дейді. Ақша туралы ізденбейді, миында шектеулері толып жатыр, ішкі тәртібі нашар, өзін-өзі дамытқысы келмейді, өсу туралы ойламайды, көңіл-күйін қалай басқаруды білмейді.
- Уақытым жоқ. Бұл адамның шектейтін нәрсе ғана емес, бұл — сылтау. Өзін ақтап алу десек те болады. Егер әлі күнге дейін байып кете алмасаңыз, демек сіз жүрген сала, сіздің уақытыңызды алып жүрген жұмыс қаржылық еркіндікке жол аша алмайды деген сөз. Сондықтан уақытыңыз бен күшіңізді шынында құнды нәрселерге жұмсауға тырысыңыз. Уақыт алатын, бірақ маңызы шамалы дүниелерден арылыңыз.