«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Болжамдау департаментінің сарапшылары туу, өлім және көші-қон көрсеткіштерінің негізінде демографиялық болжам дайындады. Талдауға сәйкес, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20,8 млн-нан 21,5 млн-ға (теріс сценарийде) дейін, ал 2050 жылға қарай 23,5 млн-нан 27,7 млн-ға (оң сценарийде) дейін болуы мүмкін.
«Бұл ретте, егер өлім мен туу көрсеткіштері 2021 жылғы деңгейде, ал сыртқы және өңіраралық көші-қон 2017-2021 жылдардағы орташа мәнде сақталса, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20 млн 958 мың адамға, ал 2050 жылға қарай – 27 млн 192 мың адамға жетеді» деп атап өтті Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.
Ол дамыту орталығының таңдалған базалық жылға, туу деңгейіне, өлім-жітімге және көші-қонға байланысты әр өңір бойынша 27 негізгі сценарийді болжайтынын атап өтті. Сондай-ақ, халықтың санын осы негізгі көрсеткіштер шеңберінен тыс модельдеуге мүмкіндік беретін механизм жасалды, мысалы, туу көрсеткішін жоғарылату немесе өлімді белгілі бір пайызға төмендету.
Оның мәліметінше, 2030 жылға қарай орталық сценарий бойынша халық саны Нұр-Сұлтан қаласында – 420 мың адамға немесе 33%-ға, 1,7 млн адамға дейін, Алматы қаласында – 414 мың адамға немесе 20%-ға, 2 млн 466 мың адамға дейін, Шымкент қаласында – 369 мың адамға, немесе 32%-ға, 1,5 млн адамға дейін өседі.
Бұдан басқа, Түркістан облысында халық саны – 207 мың адамға, Маңғыстау облысында – 170 мың адамға, Алматы облысында – 145 мың адамға ұлғаяды.
Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарында халық санының қысқаруы күтілуде. 2050 жылға қарай, ЕРДО сарапшыларының есептеріне сәйкес, болжамның орталық нұсқасын алып қарайтын болсақ өсу бойынша көшбасшы Шымкент қаласы болады, оның халық саны 1 млн 679 мың адамға артып, 2,8 млн адамға жетеді немесе 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есе артады.
Нұр-Сұлтан қаласында өсім 1 млн 634 мың адамды құрайды, бұл 2,3 есе өсімге, 2,9 млн адамның көрсеткішіне сәйкес келеді. Алматы қаласында тұрғындар саны 3,5 млн адамға дейін немесе 1,4 млн адамға (2022 жылға қарай +69%) өседі.
Маңғыстау облысында халық саны 820 мың адамға өседі, соның салдарынан өңірдегі халық саны 1 млн 571 мың адамды құрайды.
«Біздің болжамымыз бен БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің жаңа демографиялық болжамы ұқсас және сценарийге байланысты халық санының 2030 жылға қарай 20,8 млн-нан 21,5 млн адамға дейін, ал 2050 жылға қарай 23,5 млн-нан 27,7 млн-ға дейін өсуін болжайды» деп бөлісті Дмитрий Шумеков.
Жалпы, БҰҰ сарапшыларының сараптамасына сәйкес, осы жылдың қараша айында әлемдегі халық саны 8 млрд адамнан асатынына қарамастан, соңғы уақытта өсімнің біртіндеп баяулауы байқалады. Мәселен, 2019 жылы халық өсімі 76 млн адамды құраса, 2021 жылы 68 млн адам болды.
«Келесі 9 миллиардтық межеге 2037 жылға, ал 10 миллиардтық межеге 2058 жылға қарай жетеді деп күтілуде. Бірақ бұл ретте 2019 жылғы болжамда 2022 жылға күтілетін көрсеткіш 7 млрд 954 млн адамды құрады, яғни пандемия халықтың жиынтық өсуіне парадоксалды түрде оң әсерін тигізді» деп түйіндеді сарапшы.
Сонымен қатар, 2050 жылға қарай халықтың болжамды өсімінің жартысынан көбі (1,8 млрд адам) тек сегіз елде шоғырланатын болады:
- Үндістан (253 млн),
- Нигерия (159 млн),
- Пәкістан (132 млн),
- Конго Демократиялық Республикасы (118 млн),
- Эфиопия (91 млн),
- Танзания (64 млн),
- Египет (49 млн),
- Филиппин (42 млн).
БҰҰ мәліметтері бойынша, келесі жылы Қытай халық саны бойынша Үндістанға жол береді, ал 2030 жылға қарай үнділер саны қытайлардан 100 миллион адамға асып түседі және Қытайдағы 1 миллиард 416 миллион адаммен салыстырғанда 1 миллиард 515 миллион адамды құрайды. 2050 жылға қарай Үндістан халқының саны 1,7 млрд адамға жетеді, Қытай – 1,3 млрд адамға дейін қысқарады.
2050 жылға қарай әлемдегі халық саны бойынша үшінші ел Нигерия болады (2050 жылы – 377 миллион адам, 2022 жылы – 218 миллион адам), АҚШ төртінші орынға түседі (2050 жылы 375 миллион адам, 2022 жылы 339 миллион адам), халық саны бойынша бесінші ел Пәкістан болады (368 миллион адам және сәйкесінше 236 миллион адам), ал алтыншы – Индонезия (317 және 275 миллион адам).
Халық саны 2050 жылға қарай едәуір қысқаратын елдер арасында:
- Қытайды (2022 жылмен салыстырғанда 113 млн адамға немесе 7,9%-ға),
- Жапонияны (20 млн адамға немесе 16,3%-ға),
- Ресейді (11,6 млн адамға немесе 8%-ға),
- Италияны (6,8 млн адамға немесе 11,5%),
- Украинаны (6,8 миллион адам немесе 17,2%),
- Оңтүстік Кореяны (6 миллион адамға немесе 11,7%),
- Польшаны (4,9 миллион адамға немесе 12,4%)
- Германияны (4,4 миллион адамға немесе 5,3%) бөліп көрсетуге болады.
Бұдан басқа, халық саны 1 млн адамнан асатын мемлекеттердің ішінде салыстырмалы түрде алғанда ең көп депопуляция 2050 жылға қарай Шығыс және Орталық Еуропа елдерінде, атап айтқанда Болгарияда (-23,5%), Латвияда (-22,5%), Литвада (-20,5%), Сербияда (-20%), Хорватияда (-17,3%) күтіледі.
Бірқатар елдерде халықтың азаюы әлемнің «қартаюына» алып келмек. 65 және одан жоғары жастағы халықтың үлесі осы жылғы 10%-дан 2050 жылы 16%-ға дейін өседі деп болжануда.
Ақжігіт Әділбеков