Қазақстанда қазір базалық пайыздық мөлшерлеме – 14,5 пайыз. Ал инфляция – 15 пайыз. Соңғы бірнеше ай қатарынан инфляцияны тежеу мақсатында базалық ставка бірнеше рет көтерілді. Көп сарапшылар бұған сыни тұрғыдан қарайды. Бірақ Ұлттық Банктің таяу арада өз позициясын өзгерте қояр ықыласы байқалмайды. Олар қазір қолға алған шаралар жақын арада емес, алдағы 2-3 жыл бедерінде өз жемісін береді дейді.
«Біздің негізгі мақсатымыз – қазақстандықтардың әл-ауқатын қорғау, қазақстандықтардың кірістері мен жинақтарын құнсызданудан сақтау. Қазірдің өзінде қабылдаған шешімдеріміздің жағымды аралық нәтижелеріне куә болып отырмыз. Жыл басынан бері депозиттік база долларландырудың біршама төмен деңгейін сақтай отырып қайта қалпына келді, ал кейбір облыстарда біздің резиденттеріміз теңгеге ауысуда белсенділік танытуда. Мұның барлығы жинақтау қабілетінің артқандығын білдіреді және біз үдемелі баға жағдайында бұл үрдісті қолдап қана қоймай, оны бекіте түсуді міндетіміз деп білеміз. Осы жылы базалық мөлшерлеменің өсуінен инфляцияны төмендетудің негізгі нәтижелері орта мерзімді кезеңде уақытша кеш шығады. Соған байланысты, қазіргі шаралардың негізгі нәтижесін біз 1-2 жылдықта ғана көреміз, яғни, 2023-2024 жылдары», дейді Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов отандық басылымға берген сұхбатында.
Ол сондай-ақ шетелдіктер тарапынан біздің мемлекеттік облигацияларға қызығушылық бар екенін де атап өтеді. 2021 жылы сыртқы инвесторлар Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын сатып алуды 5 есе, яғни, 79 млрд теңгеден 384 млрд теңгеге дейін көтерген. Дегенмен жаһан нарығында болып жатқан жағдайларға байланысты тап қазір инвесторлардың қатысуының төмендеуі байқалады.
Пірматовтың сөзінше, базалық мөлшерлемені арттырудағы негізгі мақсаттың бірі – халықтың тұтынушылықтан жинақтауға ауысуын ынталандыру үшін теңге депозиттерінің тартымдылығын арттыру (ол бойынша кірістілікті көбейту). 2022 жылдың басынан бастап базалық мөлшерлеме мен ҚДКҚ-ның ұсынатын мөлшерлемелерінің өсуінен кейін іле-шала корпоративті сектордың да, халықтың да салымдар бойынша мөлшерлемелері өсе бастаған.
«Нәтижесінде, біз банк жүйесінде депозиттердің өсімі орын алғанын көріп отырмыз. Белгісіздіктің өсуіне қарамастан, депозиттік ұйымдардағы депозит көлемі жылдық мәнде 8,1%-ға, яғни, 27,2 трлн теңгеге дейін өсті. Осы жылдың екінші тоқсанында базалық мөлшерлеменің артуынан ықпал байқала бастаған кезде, жеке тұлғалардың теңгелік салымдары 6,1%-ға, заңды тұлғалардың салымы 4,4%-ға өсуі арқасында депозит көлемі 2,7%-ға көбейді. Ұлттық валютадағы депозиттерге қаражаттың қосылуы және валюталық депозиттерден салымдардың алынуы – депозиттегі долларланудың төмендеуіне ықпал етті. Мәселен, 2022 жылдың ақпан айындағы 38,4% жоғарғы шегінен маусымның соңына қарай 35,3%-ға түсті», деп дерек ұсынады ҰБ төрағасы.
Оның айтуынша, базалық мөлшерлеменің артқанына қарамастан, бизнеске берілген несие жылдық мәнінде маусым айында 12,7%-ға, ал халыққа берілетін несие 40%-ға өскен. Өз кезегінде, жиынтық несие портфелі 27,5%-ға, яғни, 20,1 трлн теңгеге дейін көбейген. Сондай-ақ, корпоративтік секторға ұлттық валютадағы несиелердің жыл сайынғы өсуі 2012 жылдың қазан айынан бері алғаш рет максималды 19,4%-ға артыпты.
«Кәсіпорындарға берілген жаңа несиелердің де көлемі ауқымдырақ болды. Олар, негізінен, айналым қаражатын қаржыландыруға (2021 жылы 76%) және экономикадағы ағымдағы іскерлік белсенділікті қолдауға бағытталып отыр. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлік субъектілеріне 11,1 трлн теңгеге жаңа несиелер берілді. Салыстырар болсақ, өткен жылғы республикалық бюджеттің шығыстары 14,8 трлн теңгені құрады, яғни, бизнеске берілген несиелер бюджет шығыстарының ¾ бөлігіне тең болды. Бұл банктердің экономикадағы маңыздылығын көрсетеді. Міндетіміз – ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді қаржыландырудың пайда болуына жағдай жасау. Біз бұған экономикамыз үшін тұрақты барабар инфляция деңгейі мен теңгенің сатып алу қабілетін қамтамасыз ету арқылы қол жеткізе аламыз. Біздің саясатымыз бірінші кезекте осы мақсаттарға бағытталған», дейді ол.
Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру мәселесіне де орай пікір білдіреді.
«Экономиканы әртараптандыру – бір күндік жұмыс емес. Ол үнемі жүргізіледі. Үкіметтің 2025 жылға қарай 41 млрд доллар көлеміндегі тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспорты жөніндегі мақсатына қол жеткізу қазірдің өзінде осы бағыттағы жұмысты күшейтуді талап етеді» деді. ҰБ төрағасы Open API, Open Banking және цифрлық қаржылық сервистерді дамыту мәселесіне де көңіл бөлді.
«Open API және Open Banking дамыту жобасы қазақстандық нарықтағы сапалы өзгерістерге бағытталған. Қаржылық қызметтерді пайдаланушылар үшін жеке және қаржылық деректерді бақылау, басқару, оларды үшінші тұлғаларға қауіпсіз беру және авторизацияланған нарық ойыншылары ретіндегі төлемдерді бастамашылық ету мүмкіндігі пайда болады. Бұл қаржы нарығының ойыншыларына жаңа дербестендірілген қызметтер мен өнімдерді ұсынуға, сондай-ақ инновациялық қаржылық қызметтерді жасап шығаруға мүмкіндік береді. Яғни, біз қаржы ұйымдары мен олардың клиенттерінің өзара іс-қимылын барынша жеңілдетуге және қауіпсіздендіруге, инновациялар мен бәсекелестік үшін жағдай жасауға тырысып келеміз», деп түсіндірді Ғалымжан Пірматов.