Upcycling: ескі заттан жаңа бұйым шығару тренді

Жарияланды
Экологиялық ұтымды әдісті дизайнерлер ғана емес, сіз де пайдалана аласыз

Керек емес бір заттан екінші бір бұйым жасайтындар болады. Оларды «апсайклер» дейді. Бүгінгі экологиялық өмір сүру трендіне сай болғыңыз келсе, сізге де осы терминмен танысуды ұсынамыз. Кейінгі он жылда енген бұл түсінік біртіндеп халық арасында кең таралып келеді. Апсайклер болу үшін дизайнер болу міндет емес. Оны қарапайым адам да үйіне қолданып, табиғатқа қамқорлық қыла алады. 

Upcycling қайдан шықты?

         Алдымен апсайклиң (ағылшынша upcycling) дегеніміз не екеніне тоқталсақ. Бұл — материалдар мен заттарға жаңа функция ойлап тауып, құндылығын арттыру мақсатында екінші қайтара қолдану. Яғни ескі заттарға жаңа дем беру десек болады. Мұндайда адамның шығармашылық қабілеті іске қосылады. Қоқысқа барлығын лақтырып тастай бермей, керісінше жоқтан бар жасауға ұмтылуға шақырады. Әрі бұйымдарды қаңсық қылмай, одан таңсық дүние жасауға жол ашады. Аталған термин сәнге айналмай тұрған кезде де адамзат баласы апсайклиңмен айналысқан еді. Бірақ оны экологиялық шешім деп емес, жоқтан бар жасау үшін істеген болса керек. Индустриялық революцияға дейін жаңа заттар істеп шығару қымбатқа түсетін. Ал адам еңбегі болса аса бағаланбайтын. Тіпті тегін саналатын. Осылайша жөндеу жұмыстары да, бір бұйымнан екіншісін жасап шығару да адам өмірінің ажырас бөлшегі болған-етін. Десе де, өндірістік революция келгелі қоғам көбіне асыра пайдаланатын болып кетті. Пайдаланбағанын лақтырып тастай салатын болды. 

         XX ғасырдың басынан бастап апсайклиң шығармашылық өнер туындыларын жасау мақсатында қолданыла бастады. Сондай-ақ, үнемдегісі келгендер де бір заттан екіншісін істеуді қолға алды. Әсіресе, кедейлер арасында танымал болды. Экономиканың тұрақсыздығы, тауар тапшылығы осылай істеуге мәжбүр етті. Сөйтіп XX ғасырдың соңы, XXI ғасырдың басында екінші қайтара өңдеу немесе ресайклиң ұғымы ене бастады. Бұл болса, апсайклиңнің одан әрмен өркендеуіне әкелді. Адамдар экологиялық мәселелер туралы көбірек хабардар болып, табиғатқа зиян келтірмеу жолдары жайлы біле бастады. 

         Осылайша адамдар керек емес затты қоқысқа тастаудан бұрын оған екінші өмір сыйлау туралы ойланатын болды. Мейлі ол ойыншық, жиһаз, ыдыс, киім болсын — бәрінен бірдеңе істеуге тырысады. Бір қарағанда керек емес бұйым болып көрінгенімен, оған да жаңаша тыныс сыйлауға қашанда болады. Заманауи апсайлкиң-брендтер экологиялық проблемаларды көтеріп, сән мен дизайн арқылы заттарды саналы түрде пайдалануға үндейді. Әлеуметтік желілер қарқынды дамыған сайын екінші қайтара пайдалану керемет тенденцияға айналды. Бірінен бірі көріп, идея алмасуға мүмкіндік көбейді.  

Киімнің көп тігілуінен табиғатқа қандай зиян келеді?

         Кейінгі 15 жыл ішінде әлем бойынша тігілетін киімнің көлемі шамамен екі есе көбейген. Ал маталардың дені қайта жаңартылмайтын ресурстардан тұрады. Атап айтқанда, синтетикалық талшықтар өндіруге арналған мұнай, мақта өсіруге арналған тыңайтқыштар, мата мен талшықтарды бояуға арналған химикаттар деген сыңайлы. Керек емес киімдердің 85 пайызға жуығы қоқыс полигондарына тасталады. Одан қала берді fast fashion киімдердің жартысы дерлік бір жыл болмай жатып, қажет емес болып қалады. Киім тігуге қолданылатын талшықтардың 87 пайызы не қоқысқа тасталады, не өртеледі. Әр секунд сайын ішінде киімдері бар бір қоқыс көлігі өртеуге не қоқыс полигонына жөнелтіледі екен. Жыл сайын адамдар 80 млрд данадан астам киім алады екен. Бұл болса, тігін өндірісін әлемдегі табиғатқа сайын ең ірі ластаушы категорияға жатқызуға себеп болып отыр. Сайып келгенде адамдар алған киімінің орта есеппен 50 пайызын ғана киеді екен. Ал қалғандары жай ғана шкафта орын алып тұрады. Бір киімнің ыдырауына 200 жылға жуық уақыт керек. Ол аз десеңіз, ыдырау процесі кезінде ол топырақ пен жер асты суын ластайтын метан бөледі. Бұл болса, қоқыс полигондарының көлемін арттыруға себеп болатыны белгілі.     

Бизнесте апсайклиң қалай көрініс табады?

         Шетелде апсайклиң бағыты қарқынды дамып кеткен. Түрлі көрмелер мен іс-шаралар ұйымдастырылады. Осылайша креатив ойлау қабілетін де арттыруға болады. Тіпті дизайнерлерді оқытатын алдыңғы қатарлы университеттерде бөлек пән болып оқытылады. Бұл экологиялық жағынан ғана емес, коммерциялық тұрғыдан да тәп-тәуір деңгейге жеткен. Жылдар бойы орын алып жатқан заттарға жаңа дем беріліп, сатып алушының көзін қыздыратын бұйымға айналып шыға келеді. Бұл дегеніміз заттар эксклюзив көрініс табады. Сатып аларда соған баса мән беретін болады. 

         2021 жылдың көктем-жаз кезінде апсайклиң әлем бойынша мықты тенденцияға айналды. Өйткені  Balenciaga, Marni және Miu Miu сынды брендтер осы бағытта басты назарға алды. Marni маркасы бұрынғы заттардан сырт киімдер тігіп шығарды. 1970 жылғы сөмкелерді қайта өңдеп, Coach жаңа бұйымдарды таныстырды. Винтаж дүкендер мен базарлардың антиквариатынан алынған заттардан 80 көйлек тігіп, апсайкл коллекция капсуласын ұсынған Miu Miu-ді мысалға ала аламыз. Осылайша өзге де брендтер ескі заттарын қайта өңдеп, қайта қолданысқа енгізу туралы ойлана бастады.

         Бір жағы пандемия кезінде дизайнерлер студияда бар материалдардан тігуге амалдап, ақыры керемет шешімдер жасады. Бұған дейін тек жаңа маталармен жұмыс істеп келген болса, енді олар қолда бардан жаңа заттар шығарды. Тағы бір айта кететін жайт, люкс маркалы бұйымдардың өтпей қалғанын жеңілдікпен сатпай, сол күйі өртейтін не қоқысқа тастайтын болса, енді оған қатысты түсінік те біртіндеп өзгеріп келеді. Өйткені тұтынушылар қазір барынша экологиялық санамен ойланады. Бренд тауарлардың ысырапшылдығына сынайды.   

Өзіңіз апсайклер болғыңыз келе ме?

         Апсайклер болу үшін дизайнер болу міндетті емес. Өйткені өзіңіздің жеке апсайклиң жобаңызды жүзеге асыруға ешқандай кедергі жоқ. Кем дегенде үйдегі декорлардан бастай аласыз. Бастысы, қолданысқа керек емес деп тапқан бір затыңызды аласыз да, одан қажет әрі құнды бір дүние жасап шығарасыз. Қандай материалдарды қолдануға болады десеңіз, бірнеше идея айта кетейік. Мысалы, шыны, металл, ағаш, картон, пластик, қаңылтыр сынды материалдарды алуыңызға болады. Тіпті болмаса, қоқысқа тастағалы тұрған қораптан да бірдеңе шығарып көріңіз. Барлығы өзіңіздің қиялыңызға байланысты. Ойланған сайын неше түрлі ой келеді. Болмаса, «Пинтерестен» іздеп көрсеңіз, одан да небір идеялар алуға болады. Мүмкіндік мол.

         Ескі баспалдақ, кітап сөресі, киілмейтін киім, гаражда босқа орын алып тұрған, лақтыруға қимай жүрген дөңгелек — бәрінен жаңа бұйым жасауға әсте болады. Әсіресе, үй декоры ретінде ғажап дүниелер ойластыруға болады. Мұның экологиялық тұрғыдан пайдасы орасан екені белгілі. Бір жағы қоқысқа кететін заттардың санын әжептәуір азайтасыз. Бұл қоршаған ортаға зиянды заттардың бөлінуін қысқартады. Осы орайда сіз аз да болсын үлесіңізді қосып жатырсыз деген сөз. Сонымен бірге жаңа не шикізат өнімдеріне деген сұранысты азайтуға сеп болады. Бұл дегеніңіз ауа мен су ластануын, зиянды газдардың шығуын төмендетеді. Осылайша басқа табиғи ресурстар сақталады. Яғни апсайклиң ұғымының мәні тереңде. Ол күллі ғаламшарға қамқор болуға үндейтін жаңа норма іспеттес.     

Сондай-ақ оқыңыз