Жанға жайлы «жасыл үйдің» ерекшеліктері

Жарияланды
Экоүй салуды жоспарлап жүрсеңіз…

Кейінгі кездері қоғам барынша табиғатқа зиян келтірмейтін, экологиялық шешімдер қабылдауға тырысып келеді. Бұл үрдіс әсіресе, үй салғанда көрініс табатын болып жүр. Осы ретте жайлы табиғи ресурстарға еш зиян болмайтындай жайлы үйдің ерекшеліктері туралы айтқымыз келіп отыр.

         Экоүй деп экологиялық тұрғыдан қауіпсіздік нормаларын сақтай отыра салынған үйді айтады. Ол көп жағдайда үш бөліктен тұрады. Ең бірінші – үйдің қорапшасы. Жай үймен салыстырғанда күн сәулесі есебінен жылулық қорғанышы алты еселенген экоүй ғимаратын экономикалық және техникалық мақсатта жылыту қажет. Экоүйдің екінші бөлігіне оның тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері – жылыту, вентиляция, органикалық және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жатады. Үшінші бөлігіне биоботаникалық бағы бар ғимарат алды алаң жатады.

         Нағыз экоүйлерді жылуды жақсы сақтайтын, адамзатқа зияны жоқ, жылы, жайлы үй деп елестетеміз. Ондай үйді жасау үшін алдымен үйдің жылу қорапшасын жасау қажет. Яғни, үйдің құрылысы үшін жылытқыштарды пайдалану арқылы үйдің тек қабырғасын ғана емес, іргетасы мен еденін де жылытуға болады. Экологиялық үйлердің біраз артықшылығы мен ерекшелігі болады. Ішіндегі ең маңыздыларына тоқталып өтсек:

  • Компьютерлендіру
  • Изоляция
  • Вентиляция
  • Экологиялық материалдарды қолдану.

         Компьютерлендіру – үйдегі барлық процесті компьютер басқарады. Оның функцияларына жылыту жүйесін, су айналымын, жарықты қосу мен өшіру, терезені ашу және вентиляцияны басқару жатады. Егер үйдегі ауа құрғап бара жатса, автоматты жүйе ионизаторды бірден іске қосады. Егер алдағы ауа райы ыстық немесе желді болатын болса, бағдарлама желдің қай бағыттан болатынын немесе терезені қай уақытта ашу керегін жоспарлап береді.

         Изоляция. Аса маңызды ережелердің біріне изоляция жатады. Егер кәдімгі үй құрылысы кезіндегі жылулық изоляция қалыңдығы 2,5-5 см болса, экоүйдегі изоляция қалыңдығы 20-50 см болады.

         Вентиляция. Үшінші талап — үйге жылуды максимал қайтарымын қамтамасыз ететін вентиляциялық жүйе орнату. Автомат вентиляциямен жабдықталған үйлерде шаң ұстап қалатын фильтрлер ауаны тазартып отырады. Егер кәдімгі үйде вентиляциялық торда қаншама шаң-тозаң шөгіп қалатын болса, экоүйлерде ондай жағдай болмайды.

         Экологиялық материалдарды қолдану. Әрине, экоүйлердің бастапқы ерекшелігіне құрылыста экологиялық материалдардарды (ағаш, кірпіш, тас), бейорганикалық қалдықтарды қайта өңдеу өнімдерін (әйнек, бетон, металл) пайдалану жатады.

         Экологиялық үйлерді тұрғызу құны кәдімгі үйлердің құнынан қымбаттау болады. Десе де, экоэнергияға кететін шығын кәдімгі үйге кететін шығыннан 30-50 пайызға төмен. Сол себепті, қазіргі қоғам баламалы энергия көздеріне мұқтаж заманда экологиялық үйлер әлдеқайда тиімді болып отыр. Жалпы «жасыл үй» деген тек тұратын жерді ғана қамтымайды. Көпшілігі аулаға бақша егіп, табиғи таза көкөністер мен жемістерді баптайды. Ол үшін қалдықтарды өңдегеннен алынған тыңайтқыштарды пайдаланады. Байқасаңыз, бәрі тұрғындарға пайдалы болуы үшін ойластырылған. Бақша ексе, экологиялық таза өнім алу үшін еш пестицид, химикатсыз өсіреді. Бұл болса, адам денсаулығына өте жақсы әсер береді әрі өмір сүру сапасын арттырады. Экологиялық үй салу үшін бастысы күн көзі жақсы түсіп тұратын жер керек. Өйткені ол — басты энергия көзі. Дегенмен технология дамыған сайын мұның да ретін тауып, кез келген жерден эко үй тұрғызуға болатын мүмкіндік туатын болса, еш таңғалмаймыз. 

Сондай-ақ оқыңыз