Соңғы жылдары күрделі трансформацияны бастан кешіріп жатқан саланың бірі – сақтандыру. Жалпы сақтандырумен және өмірді сақтандырумен айналысатын компаниялар клиенттеріне пайдалы өнімдер ұсынудан жарысқа түсуде. Бұл ретте секторды басқаратын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан да заңнамалық негізде біраз бастамалар бар. Соның бірсыпырасын жақында таныстырды.
12 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына байланысты Сақтандыру нарығын дамыту Басқармасының бастығы Сағи Әжібек түсініктеме берген.
Заңмен ұсынылатын маңызды жаңалықтардың ішінде:
- Өмірді сақтандырудың жаңа, әлеуметтік маңызы бар өнімдерін енгізу;
- Сақтандыру саласын одан әрі цифрландыру;
- Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін дамыту;
- Сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетігін жетілдіру бар.
«Бұл – заңның күшіне енуіне байланысты сақтандыру нарығында күтілетін жаңалықтардың негізгі, бірақ толық емес тізбесі. Шын мәнінде, Заң – бұл таяудағы үш-төрт жылға арналған сақтандыру саласын дамыту бағдарламасының бір түрі. Реттеушіге нарықпен бірлесіп барлық ұсынылған жаңалықтарды іске асыру бойынша үлкен жұмыс жүргізу керек болады, сектордағы нормативтік құқықтық базаны, техникалық және институционалдық өзгерістерді әзірлеу қажет. Заңның негізгі идеясы – сақтандыру саласын одан әрі цифрландыру, халық үшін сақтандыру ұйымдарының офистеріне бармай-ақ онлайн режимде сақтандыру қызметтерінің толық аясын алу мүмкіндігін қамтамасыз ету», дейді агенттік өкілі.
Қазір тұтынушылар цифрландыру үдерісінің алғашқы жемісін де көріп жатыр. Мысалы, қазірдің өзінде автосақтандыру шарттарын қашықтан отырып жасау мүмкіндігі бар. Автокөлік иесі мен автомобильге қатысты деректерді толтырудың қажеті жоқ, себебі Бірыңғай сақтандыру дерекқоры оларды Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік дерекқорларымен интеграциялаған.
Заңда 2024 жылға қарай міндетті автосақтандыру шарты бойынша сақтандыру қызметін көрсетудің толық: шарт жасалған сәттен бастап сақтандыру төлемін алғанға дейінгі циклі цифрландырылуға тиіс екендігі көзделген. Сонымен қатар, барлық рәсімдер барынша қарапайым және ашық болуы керек.
Сонымен қатар 2024 жылдан бастап автомобиль иелерінің болмашы жол-көлік оқиғаларының салдарынан көлік құралдарына келтірілген залал үшін сақтандыру төлемдерін алуын жеңілдететін «Еурохаттаманы» енгізу жоспарланып отыр. Мұндай тәртіп жол-көлік оқиғасына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына зиян болмаған жағдайда және залал сомасы 100 АЕК-тен аспаса, полицияның қатысуынсыз мобильді қосымшаның көмегімен сақтандыру төлемін алуға құжаттарды ресімдеуге және сотқа жүгінуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта клиент пен сақтандыру ұйымының өзара іс-қимылының бүкіл процесін цифрландыру мақсатында сақтандыру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арасында интеграция жүргізілуде, Бірыңғай сақтандыру дерекқорының функционалы пысықталуда және мобильді қосымша әзірленуде.
Заңға енгізілген түзетулердің үлкен блогы сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған.
«Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігімен өтелетін сақтандыру сыныптары тізбесінің ұлғайтылуы – сақтанушылар үшін маңызды жаңалық. Қордың кепілдігі сақтандырудың барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сыныптарына, оның ішінде бірлескен зейнетақы аннуитеттері мен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде өмірді сақтандыруға да қолданылады. Егер қазіргі уақытта Қордың кепілдігі сақтандырудың тек 5 түрін қамтыса, Заң күшіне енгеннен кейін сақтандырудың кепілді түрлерінің саны 10-ға дейін, яғни екі есе артады», деді Басқарма бастығы.
Заңда автокөлік иелерінің жауапкершілігін сақтандыру мәселелеріне көп көңіл бөлінген. Автосақтандыру бойынша қазіргі тариф 2007 жылы бекітілген. Енді сол тариф өзгермек және әр өңірдегі жол апатының деңгейі мен сақтандыру шығындарының деңгейіне байланысты автополис құны белгіленеді. Заңның бұл өзгерісі шығындылық деңгейі төмен өңірлерде міндетті автосақтандыру бойынша тарифтердің төмендеуіне әкеледі.
«Жалпы, Заңда мәселелердің кең ауқымы қамтылады. Заңды іске асыру уақытты талап етеді, бірақ жалпы, сақтанушылардың құқықтарын қорғау және сақтандыру саласын цифрландыру бойынша ұсынылған шаралар клиенттер үшін сақтандырудың тартымдылығын арттырады, өсу әлеуетін толық іске асыруға және оның тұтастай ел экономикасының дамуына қосатын үлесін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз» деп қорытындылады Сағи Әжібек.
Сондай-ақ сақтандыру саласының өзгерістеріне байланысты агенттік төрағасының орынбасары Мария Хаджиева да пікір білдірген еді.
Зейнетақы аннуитеті бойынша, елімізде ер адамдар 55 жастан, әйел адамдар 52 жастан бастап төлем ала алады. Ол үшін ер адамның зейнетақы қорында – 6,7 млн, әйел адамның зейнетақы қорында 9 млн теңге болуы тиіс. Сондай-ақ 45 жастан бастап пайдалануға мүмкіндік беретін «мерзімі жылжытылған» аннуитет те бар. Ол үшін ер адамның кемінде 6,1, әйел адамның 7,7 млн теңгесі болуы шарт. Хаджиеваның айтуынша, ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен жағдайда да зейнетақы аннуитетін бірігіп ала береді. Өйткені әр адамның төлем графигі жеке жасалады дейді агенттік өкілі.
Ол зейнетақы аннуитетінің артықшылықтарын атайды: Соның арқасында азамат өмірінің соңына дейін тұрақты әрі қомақты төлем алып отырады. Екіншіден, үй сатып алу қажет болған жағдайда БЖЗҚ-дағы сомасын түгелімен алуға құқылы. Қазір бұл өнімді (зейнетақы аннуитеті) бірқатар сақтандыру компаниялары ұсынады.