Жеке тұлғалардың банкроттығы: қарыздардан құтылуға мүмкіндік

Жарияланды

Мемлекеттік кірістер комитеті еліміздің несиелері, салық қарыздары мен коммуналдық төлемдерден қарыздары ең жоғары және көп шоғырланған облыс орталықтарында банкроттығы туралы заң жобасына байланысты түсіндіру жұмыстарын бастады. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

2022 жылғы 15 тамызда Өскемен қаласында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің конференциясы өтті, оның шеңберінде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң жобасының (Заң жобасы) мәселелері талқыланды.

Шараға қатысқан 200 қатысушының ішінде: жеке тұлғалар, қаржылық кеңесшілер, әкімшілер және мүдделі мемлекеттік органдар мен банктердің өкілдері болды.

Кездесу барысында спикерлер бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан заң жобасының негізгі ережелерін түсіндірді.

Олар, сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, 3 түрлі рәсімдерді енгізуді қарастыратынын атап өтті.

Бірінші рәсім: соттан тыс банкроттық, оны азаматтар келесі жағдайларда қолдана алады:

  • банктер, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және коллекторлар алдындағы борыш, борыш сомасы 4,9 млн. теңгеден (1600 АЕК)аспауы тиіс;
  •  ресми табыс жоқ немесе табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспаса (оның ішінде асырауындағы адамдар (отбасы мүшелері) да қоса есептеледі, ол адам басына 36018 теңгені құрайды.

Бұл ретте борышкердің мүлкі болмауға тиіс және банкпен борыштар бойынша реттеу рәсімін жүргізу қажет.

Соттан тыс банкроттықты тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Екінші рәсім: сот банкроттығын азаматтар 4,9 млн.теңгеден астам қарыздар бойынша және борыштың қалған түрлері бойынша қолдана алады.

Осы рәсім барысында борышкердің мүлкі болған жағдайда, ол сауда-саттықта өткізілуге жатады.

Түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі.

Үшінші рәсім, бұл тұрақты табыс болған жағдайда, сотта қарыздарды төлеуге (5 жылға дейін) бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін көздейтін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Ол үшін екі тараптың (борышкер мен кредитордың) келісімі қажет.

Сондай-ақ, комитет өкілдері банкроттықтан кейінгі салдары туралы айтты:

1) жобада 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу көзделген;

2) азаматтар банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдана алады;

3) банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделген

Сондай-ақ, жобада азаматтардың банкрот деп танылған күннен бастап бір жыл ішінде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан міндетті түрде өтуі көзделген.

Іс-шара соңында лекторлар конференция қатысушыларының барлық сұрақтарына жауап берді. Азаматтардың ұсыныстары заң жобасына байланысты Мәжілістегі алдағы талқылау барысында қарастырылады.

Сонымен қатар, осы аптаның соңына дейін осындай іс-шара Қарағанды (16 тамыз), Алматы (17 тамыз), Талдықорған (18 тамыз), Түркістан (19 тамыз) қалаларында өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз