Биыл магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға 17 мыңға жуық адам өтініш берді. Құжаттарды қабылдау 12-15 тамыз аралығында жүргізілді. Конкурс нәтижелері 25 тамызға дейін жарияланады. Бұл туралы ҚР ҒЖБ баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы 2022-2023 оқу жылына магистратураға 13 мыңнан астам грант бөлінді.Грант конкурсына құжаттарды қабылдау жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы дәстүрлі форматта және виртуалды комиссиялар арқылы онлайн қабылданды.
«Бірнеше жыл қатарынан өтініштердің көбі «Педагогикалық ғылымдар», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және «Бизнес, басқару және құқық» сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес болашақ қазақ тілі және әдебиет, шет тілі мұғалімдері, инженерлер және дипломаттар арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс болады деп күтілуде», – деп атап өтті ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Барлығы 43 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырды. Олардың 42%-ы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – 71 балл. Бір қатысушы максималды 150 балдың 140-ын жинады.
Биыл шекті балдар өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік бағыт бойынша 50 балл жинау қажет.
Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Комиссия құрамына министрліктің, мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, БАҚ, Қазақстанның азаматтық альянсы және қоғамдық ұйым өкілдері кіреді.
Естеріңізге сала кетейік, білім беру гранттары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ жұмыс берушілердің кадрларға қажеттілігі бойынша деректері негізінде бөлінген.
Білім гранты иегерлерінің тізімі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында және әлеуметтік желілерінде 25 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 28 тамызға дейін жүзеге асырылады.