Декреттегі аналар қандай жұмыспен айналыса алады?

Жарияланды
Үйде отырып табыс табуды ойлап жүргендерге

Үйде отырып, табыс табу бүгінде трендке айналып жатыр. Әсіресе, instagram желісінде декреттегі аналарға арналған ұсыныстар мен жарнамалар толып тұр. Осы орайда бұл тақырыпты қаузап көруге бел будық. Қандай жұмыс түрлерін баласы бар әйелдер үй жұмысымен қатар алып жүре алады? Бәріне бірдей жұмыс істеу міндет пе? Декретте отырғанда өзін шектеліп қалғандай сезінбес үшін не істеуге болады? Бұл жайлы бүгінгі материалымыздан оқи аласыздар.

 Қазақстан заңына сәйкес, жұмыс істеген әйелдерге жүктілік пен босануына байланысты жәрдемақы, бала туған кезде бір реттік сыйақы және бала бір жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері әркімнің табысына қарай әртүрлі. Ал енді жұмыссыз әйелдерге тек бір реттік сыйақы мен мемлекет бекіткен, бір реттік жәрдемақы беріледі. Мәселен, бір баласы болса 17 мың теңгеден сәл астам сома ғана төлейді. Осыны ескере келе, көпшілігінің үйде отырып табыс табуға құлшынуын әлеуметтік жағдаймен байланыстыруға болады. Қымбатшылық жайлаған заманда екі жақтан кіріс кіргені артық бола қоймас. Жалақысының 40 пайызын ай сайын алып отыратын әйелдердің өзі бір орында отыра алмауы мүмкін. Ана болу бақыты керемет сезім сыйлайтыны анық. Десе де, күнде бір тірліктің қайталана беретіні, төрт қабырғадан «қамалып» отыратыны әйелде депрессия тудыруы ғажап емес. Бала туғанға дейін тыным таппағандары күйзеліске қаттырақ батады. Сол кезде жұмыс істеу, даму туралы ойланады.

Everything for kid. Selective focus of special bottle standing on the table with nursing mother feeding her infant while sitting in the background

Әрине, барлығына бірдей жұмыс істеу керек, әйтпесе дамымай қалады деп әсте айта алмаймыз. Немесе құрбыларыңыз бір шаруамен айналысып бастаса, көштен қалмау үшін өзіңізге белгісіз балаға беттеп кеткен де жөн болмайды. Үйде отырып табыс табуға деген құлшыныс өзіңіздің ішкі қалауыңыздан тууы керек. Елімізде декреттік демалыс 3 жылға созылады. Десе де, жұмысқа шығу уақытын әр әйел өзі таңдайды. Қаласа, алты айдан соң, қаласы толық 3 жыл отырып барып шыға алады. Бұл ретте ескеретін жайт, мамандар бала 2 жасқа толмайынша баланы күтушіге, туыстарға қалдырып кетуп не балабақшаға берудің дұрыс емесін айтады. Сол секілді үйде отырса да, барлық назарын тек жұмысқа бөліп, балаға көңіл бөлмегені де жөн емес.

 Енді декретте отырса да, жұмыс істеудің қандай жағымды тұстары бар? Соған тоқталсақ:

  • Дамуыңызға көмектеседі. Әдетте, мамалардың бір күні бір күнінен аумайды. Осылай жалғаса да, барлығын автомат түрде жасауға әдеттеніп, ештеңеге қызықпайтын, мүмкіндіктер туралы бас қатырмайтын адамға айналуыңыз мүмкін. Егер декрет уақыты біткен соң жұмысты жалғастыруды ойласаңыз, сізге міндетті түрде даму көшінен қалмау керек. Өйткені арада жылдар өткенде бұрынғы жұмыс темпіне ілесе алмай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан күніне бірнеше сағатты ғана бөлуді талап ететін бір жұмыс түрімен айналысыңыз. Ақыл-ойды дамытуға көмектесіп қана қоймай, өнімді өмір сүруне көмектеседі.
  • Балаңызға үлгі боласыз. Сәбилер ата-анасының істегеніне қарап, ол қасиеттерді бойына алғашқы айдан бастап сіңіреді. Сіздің әдеттеріңізді сол күйі қайталайды. Соны дұрыс санайды. Сондықтан табысты ананың моделі балаға еш артық етпейді.
  • Қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізесіз. Адамның басты мақсаты ақша табу ғана болып кеткені жөн емес. Дегенмен бойыңызға сенімділік, еркіндік сыйлайтын құрал екені айдан анық. Біреу қаржылық тапшылық салдарынан декретте отырып жұмыс істеуге мәжбүр. Ал енді біреуі қосымша ақша артық болмайды деп істейді.
  • Қоғамға жақынырақ боласыз. Тек үйдің тірлігімен айналысатын адамдарға достарымен кездесу, ортақ әңгімеге ілесу қиындау болып келеді. Сол себепті күніне бірнеше сағатты ғана алатын жұмыс істеп, адамдармен араласқан жақсы.

Үйде отырып істеуге болатын жұмыс

Distance work. Nice self employed intelligent woman holding a document and reviewing it while doing a distance work
  • Әлеуметтік желі. Қазір көпшілігінің ойына бірінші келетіні де — осы. SMM-маман, модератор, сторисмейкер бола аласыз. Бүгінде кез келген кәсіп әлеуметтік желі арқылы дамитынын ескерсек, парақшасын жүргізетін маман іздеп жүрген көбеймесе, азаймайды. 
  • Таргетолог. Аналитикалық қабілеті жақсы аналарға таптырмас жұмыс. Жарнамаға аса қатты шығындалмай-ақ, толағай табыс әкелетіндей жағдай жасау — маманның басты міндеті. Бір жақсысы, таргетті білетін адам бір уақытта бірнеше клиентпен жұмыс істесе болады. Қаласа, курс оқып ала алады. Болмаса, интернетте таргетті қалай реттеуге болатыны туралы тегін ақпарат та толып жатыр. 
  • Онлайн мектептің әкімшісі. Онлайн оқу процесін реттеумен айналысады. Клиенттермен байланыс орнатады, жаңасын іздейді.
  • Дизайнер. Графикалық редакторлармен жұмыс істей алатын әйелдер қашықтан айналысса болады. Тіпті жаңадан үйренгісі келгендерге де интернетте мәлімет өте көп.
  • Рерайтер, копирайтер. Сөзге шебер, сауатты жаза алатындарға таптырмас жұмыс. Посттардың мәтінін жазу арқылы табыс тапқаннан бөлек, таным көкжиегіңіз де кеңейе түседі. Өйткені сол постты жазу үшін ақпарат іздейсіз, қорытасыз.
  • Бухгалтер, заңгер. Бұл жұмыспен үйде де айналысуға болады. Мысалы, жеке кәсібі барлар салық есебін өткізу сынды жұмыстарды білмеуі мүмкін. Мұндайда жеке есепші жалдауға мүмкіндік болмаса, осы қызмет түрін көрсететін маманды сырттан іздейді.
  • Репетитор. Айталық, математика пәнінің мұғалімісіз. Декретте отырғанда мектепке жұмысқа шыға алмайтын болсаңыз, қапаланбаңыз. Қазір сабақты онлайн өткізуге мүмкіндік мол. Репетитор болып істесеңіз болады. Жеке сабақтар алсаңыз да, онлайн-мектеп тауып, соның командасына қосылсаңыз да құба-құп.
  • IT-маман. Мәліметтер базасын «шашатын», бағдарлама жасақтай алатындар қашан да сұранысқа ие. Олар кеңседен тыс жерде де істей береді. Тіпті Қазақстанда емес, шетелдік компанияларда да істеуге мүмкіндік көп. Бастысы, қабілетіңіз болса, тіл білсеңіз, жақсы табыс таба аласыз.
  • Өз жұмысыңызды жалғастырып көрсеңіз болады. Әрине, барлығы бірдей қашықтан істеуге рұқсат бермеуі мүмкін. Десе де, жақсы маман ретінде бағалайтын болса, мұндай форматты қарастыруы ғажап емес. Басшылықпен сөйлесіп көріңіз. Өнімділікті түсірместен жақсы жұмыс істеуге әзір болсаңыз, алға!

Тайм-менеджмент мәселесі

Үйде отырып жұмыс істеу дегенде ойымызға бала мен жұмыс, үй шаруасына қалай үлгерсе болады деген сұрақ сап ете қалады. Қашықтан істеу үшін адам кез келген форс-мажорға өзін бейімдей алуы керек. Өйткені алғаш кіріскенде «оп-оңай үлгеремін» деп ойлағанымен, іс жүзінде олай болмай шығуы мүмкін. Айталық, баланың күндізгі ұйқысында 2 сағат жұмыс істеуді жоспарлаған адамда форс-мажор бәрібір болады. Себебі баланың ұйқысы бірдей олай, бірде былай. Сондықтан мойныңызға жұмыс деген жауапкершілікті алмас бұрын жақсылап ойланыңыз. Үлгере алмай, ақыры эмоциялық тұрғыдан жанып кетпейсіз бе? Сіз жұмыс істеп жатқанда баланы біреу қарайды деген оймен кірісерде жақындарыңызбен ақылдасып, бұл мәселені шегелеп тұрып бекітіп алу керек. Әйтпесе, баланы бағатын адамдар іс жүзінде басқа шаруамен кетіп қалып, екі ортада өзіңіз қалып қоюыңыз мүмкін. Фрилансты табыс табуға болатын жеңіл жол деп ойласаңыз, қателесесіз. Жарнамасы жарып тұрғанымен, оңай ақша болмайды. Мұнда жауапкершілік, тәртіп керек. Жұмыс берушінің сізге қоятын талаптары болады. Үдеден шығу да маңызды. Сондықтан салғырт қарамаңыз. Күйзеліске түспес үшін мына кеңестерге құлақ түргеніңіз дұрыс:

  • Өз-өзіңізді қолға алыңыз. Кейде ойлағаныңыздай болмай шығатын кездер болады. Ондайдан қашып құтылуы мүмкін емес. Әсіресе, бірнеше міндетті қатар атқарғанда жоспарлағандай болмай шығатын кез көп кездеседі. Мұндайда бірінші кезекте ересек адамның позициясын ұстануыңыз керек. Көп нәрсені өзіңіз реттей алғаныңызбен, қанша тырыссаңыз да қолыңыздан келмейтін істер болатынына мойынсұныңыз. Көмек сұраудан ұялмаңыз.
  • Тынығуды ұмытпаңыз. Ана — бойындағы дәруменін балаға беретін адам. Оған қоса жұмыс істесе, ол екеуі мол энергия алады. Сол себепті кеткен қуатты қалпына келтіру үшін ресурстарды толтырып отыру керек. Сізді не қуаттандырады? Ұйықтап алған ба, әлде өзіңізге уақыт арнап, басқа нәрсенің бәрін ұмытқан ұнай ма? Сол нәрселерді арагідік жасап отырыңыз.
  • Маңызды істерді анықтап алыңыз. Дұрысы, күндік, апталық не айлық жоспар жасау. Шаруаларды өзіңіз ғана жасай бермей, отбасы мүшелеріне де бөліңіз. Сөйтіп қай істі алдымен істеу керегін, қайсысына кейінге шегеруге болатынын білесіз.
  • Жақындармен жылы қарым-қатынаста болыңыз. Әсіресе, жұбайыңызбен сырласу маңызды. Жұмыс — жұмысымен, бірақ отбасы бірінші орында тұрсын. Ақша табамын деп жанұяңызды ұмытып кетуге болмайды.
  • Міндеттерді бөліп алыңыздар. Бір уақытта бірнеше жұмыс істей беретін, энергиясы мол адам болуыңыз мүмкін. Дегенмен оның салдары бір күн болмаса, бір күні шығады. Сондықтан көмек сұраңыз. Үй жинап жатсаңыз, күйеуіңіз сыпырып, сіз еден жуыңыз. Балаларыңыз ересек болса, оларға да шаруа «іліп» қойыңыз. Әркімге мүмкіндігіне қарай міндет бөлген артық болмайды. 
Сондай-ақ оқыңыз