Эстония Ресей азаматтарын кіргізуді және оларға виза беруді тоқтатты
Эстонияда 18 тамыз, бейсенбі күні Ресей азаматтарына виза беруді және Эстонияда берілген Шенген визасымен елге кіруді шектейтін үкімет қаулысы күшіне енді. Бұл туралы interfax.ru сайты хабарлады.
«Біз Эстонияны кесіп өтетін немесе Эстонияға кіретін Ресей азаматтарының санының айтарлықтай артқанын көріп отырмыз», – деді Сыртқы істер министрі Урмас Рейнсалу.
«Эстонияға жаппай бару немесе Эстония арқылы Еуропаға саяхаттау мүмкіндігі біз салған санкцияларға сәйкес келмейді. Санкциялар енгізу арқылы Эстония агрессор мемлекеттің әдеттегі өмірін жалғастыру мүмкіндігіне ие болмауын қамтамасыз еткісі келді»,-деді Рейнсалу.
Рейнсалу «агрессор елдің азаматтарына қатысты бұрын жұмыс істеу, оқу және кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында виза беру бойынша бұрыннан бар ерекшеліктер де жойылады» деп қосты.
Үкімет ерекше жағдай ретінде Эстония университеттерінде оқуын аяқтауға мұқтаж студенттердің тұруға рұқсатын бір жылға ұзарту туралы шешім қабылдады.