Жаңалықтар

Фермерлерді несиелендіру шарттары тиімді бола түсті

Аграрлық кредиттік корпорация желісі бойынша АӨК субъектілерін қаржыландырудың жалпы көлемінің 40% – дан астамы кредиттік серіктестіктер арқылы рәсімделеді. Биылғы жылдың 7 айында 216 млрд теңгеден 90 млрд теңгесі несиелік серіктестіктерге қатысушыларды қаржыландыруға бағытталды. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылғы 17-18 тамызда Ақтауда «IV Кредиттік серіктестіктердің форумы» өтіп жатыр.  Іс-шараға бейнеконференция байланысы арқылы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов қатысты.

Аграрлық несие корпорациясы тікелей қаржыландыру жолымен де, сондай – ақ қаржы институттары – кредиттік серіктестіктерді, екінші деңгейдегі банктерді, микроқаржы ұйымдарын, лизингтік компанияларды қорландыру арқылы да АӨК субъектілеріне қолжетімді кредит беруді ұсынатын ірі қаржы институты болып табылады.

Мәселен, биылғы жылы АНК арқылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері «Кең дала» бағдарламасы бойынша 70 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді.  

«Қалыптасқан макроэкономикалық жағдайды, теңгенің айырбас бағамының әлсіреуін, дала жұмыстарын жүргізу бойынша шығыстардың қымбаттауын ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі қосымша 70 млрд теңге тарту және кредиттеудің жалпы көлемін 140 млрд теңгеге дейін жеткізу бойынша жұмыс жүргізіп, олар толық көлемде Аграрлық несие корпорациясына аударылды», – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Шаруалар өз кезегінде несиелік серіктестіктер арқылы қаржыландыру тәжірибесімен бөлісті.  Мысалы,  «Мұнайлы несие» шаруа қожалығының құрамына 140-тан астам фермер кіреді. Жыл басынан бері қаржы институты жалпы сомасы 344,3 млн теңгеден асатын 18 жобаға кредит берді.  

«Мұнайлы несие» қарыз алушыларының бірі – «Ақжол» шаруа қожалығы. Шаруа қожалығының басшысы Болат Есеналиев 2015 жылы ірі қара малды бордақылау бойынша өз бизнесін ашқан болатын.

«2021 жылы мен қызмет аясын кеңейтіп, жылқы шаруашылығымен айналыстым. Несиелік серіктестікте екі қарыз рәсімделді: біреуі – 20 жылқы және үш түйе сатып алуға, екіншісі – жүк тиегішті сатып алу бойынша.  Жалпы сомасы шамамен 33 миллион теңгені құрады. Қазір қой шаруашылығының жаңа бағытын игеріп жатырмыз», – деді Болат Есеналиев.

IV Кредиттік серіктестіктердің  форумы аясында корпорация мен кредиттік серіктестіктердің өзара іс-қимылының аса өзекті мәселелері, бизнес-процестерді жетілдіру және оңтайландыру стратегиясы талқыланды. Форумға 140-тан астам несие серіктестіктерінің басшылары, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, Аграрлық несие корпорациясының өкілдері, жақын және алыс шетелдердегі несие кооперациясының көшбасшылары қатысып жатыр.