Вице-премьер мектеп оқушыларын зорлық-зомбылықтан қорғау жоспарын әзірлеуді тапсырды

Жарияланды
Жобаны тапсыру мерзімі – ағымдағы жылдың 30 қыркүйегіне дейін

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов тиісті ведомстволарға білім беру ұйымдарындағы оқушыларды зорлық-зомбылықтан қорғау жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы ол Нұр-Сұлтанда өткен мұғалімдердің тамыз конференциясында айтты.

«Мектептердегі балалардың қауіпсіздігі мәселесі ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың жол беруге болмайтынын атап өтті. 30 қыркүйекке дейін балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың нақты көрсеткіштері мен нәтижелері бар кешенді жоспарын әзірлеу қажет», – деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, облыс әкімдіктері Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықпен бірлесіп, Адам және бала құқықтарын қорғау ұлттық орталығының аумақтық бөлімшелерін құруды жеделдету қажет.

«Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде барлық білім беру нысандары қауіпсіздік талаптарына сай емес. Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды мүмкіндігінше тезірек қабылдау керек. Өңірлердің әкімдіктері мектептерді қорғауға лицензиясы бар ұйымдарды тарту туралы талаптың сақталуын қамтамасыз етуі керек», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Сондай-ақ оқыңыз