Life-management: өмірімізге қайтсек қожайын бола аламыз?

Жарияланды
Лайф-менеджментті бойға сіңіру үшін не істеу керек?

«Бұйырғаны болар» деп жүре берудің қате екенін білесіз бе? Иә, жоспарлаған істің бәрі бірдей орындалмауы мүмкін. Дегенмен адамның өміріндегі жағдайлар, жетістіктер оның іс-әрекеттеріне қарай болады. Сондықтан әркім өз өмірінің қожасы өзі екенін түсініп, қолға алуы керек. Мұндайда лайф-менеджментті меңгеріп алған жақсы. Бұл қандай әдіс, негізг принциптері қандай — бүгінгі материалымызда айтамыз.

Алдымен лайф-менеджмент сөзінің төркініне үңілейік. Бұл термин life (өмір) және management (басқару) сөздерінен құралған. Осыдан-ақ, не жайлы екенін біле беруге болатын шығар. Яғни өміріңізді басқару дегенге саяды. Ал енді басты мақсаты — өмірде болатын жағдайларды өз бақылауыңызға алып, өміріңізге өзіңіз жауап екеніңізді түсіндіру. Бізге тайм-менеджмент термині жақсы таныс. Бұл да соған ұқсас. Тіпті термин ретінде енуіне осы тайм-менеджментке қатысты конференция себеп болған. Алғаш рет 2003 жылы өткізілген іс-шарада айтылған екен. Мұны уақытты бөлуден бөлек қарастырудың қажеті қанша деп ойлауыңыз мүмкін. Қалай десек те, өмір де сырғып жатқан уақыттың өзі емес пе? Егер уақытымызды тиімді басқарсақ, демек өмірімізді жақсы бағытқа бұрғанымыз болмай ма? Көпшілігі осылай екіойлы болатыны белгілі. Енді тереңірек үңіліп көрелік. Өмір түсінігін уақыт пен шаруалардан тұрады деп есептейтіндер үшін ешқалай бөліп қарастырмаса болады. Одан қала берді қоғамдағы ұзақ жылдар бойы сіңген «ағаш отырғызу, үй салу, ұл өсіру» дегендей стандарттар бар. Яғни өмірді толық сүру деп осылар орындалса ғана айтылады дегендей. Сол сияқты мектеп бітіру, университет дипломын алу, жұмысқа орналасу, отбасын құру, баспаналы болу үшін ипотека алу және т.б.

 Осындай «толық өмір стандарттары» көпшілігінің санасында бар. Кейде ата-ана тарапынан осындай түсінік санаға қинап құйылады. Олай ететін себебі де жоқ емес. Жасы келген адамдар өмірдің түрлі қиыншылығы болуы мүмкін деп «барынша жағдай жасасын, басында баспанасы болсын» дейді. Жалпы қоғамда «ел қатарлы өмір сүрсе жеткілікті» немесе «жұрттың баласы» деген түсінік бар. Егер адам сондай стандартты өз ой елегінен өткізбестен қабылдайтын болса, үнемі ештеңеге көңілі толмайтын, жалқау, енжар болып кетеді. Себебі өміріне керек дүниені өзі шешкен жоқ. Дайын схемамамен жүре берді. Психологтар эмоциялық жанып кететін адамдардың дені қалауынан тыс істі көп орындағандар деген пікірде. Ал енді мұндай болмас үшін не істеу керек? Біз жоғарыда атап өткен лайф-менеджмент маңызы осы кезде анықтала бастайды.

Лайф-менеджментті өмірлік стратегия ретінде қарастырып, ал тайм-менеджментті өмірлік мақсаттарға жетіп, армандарды орындау жолында ресурстарды басқаратын құрал деп қараған жөн. Сонымен түсініп алу керек жайт: лайф-менеджмент — стратегия, тайм-менеджмент — құрал. Сіз үшін емес, басқалар үшін керек шаруаны барынша тез әрі көп атқару үшін уақытты басқару әдісін үйренгеннің сізге берер пайдасы жоқ. Әрине, басқалардың айтқанын тыңдамай, өз дегеніңмен ғана жүруге үндеуге болмайды. Бұл жерде міндеттемелерді мақсатқа жақындататындай етіп ыңғайлау жайлы әңгіме. Егер сіз үнемі ата-ана мен басшылықтың көңілінен шығу үшін артық шаруаны мойныңызға ала беретін болсаңыз, арман-мақсаттарыңыздан қалай алшақтап кеткеніңізді байқамай қалуыңыз да мүмкін. Ал лайф-менеджентті қолға алсаңыз, өз өміріңізді басқарып үйренесіз. Былайша айтқанда, армандарыңызға жететін жолды өзіңіз саласыз. Жалпылама түсініктен кейін оның негізгі принциптері мен тәсілдеріне тоқталайық.

Лайф-менеджмент принциптері

Көпшілігі өмірді басқару дегенде «неше түрлі форс-мажор болады, басқару мүмкін емес қой» деп ойлайды. Әрине, небір әлемдік дағдарыс та, үйіміз өртеніп, машинамызды біреу ұрлап кетіп, су басып не жер сілкініп, жолда апатқа ұшырап қалуымыз әбден мүмкін. Ондайдан ешқашан ешкімді сақтандыра алмаймыз. Айта берсе, ойламаған жерден болатын жағдай көп. Жұмысқа кірерде айтқан жалақы іс жүзінде төмен болып шығуы мүмкін. Немесе бәрін өзіңіз шешетін жеке өмірдің өзінде қалағаныңызды болмай шығуы ғажап емес. Немесе достарыңыз, жақындарыңыз қыспаққа алған соң амалсыздан үйленіп алып, шын мәнінде қаламаған болсаңыз, ондай кезде өз өміріңіздің тұтқасын өзіңіз ұстамағаныңыз деген сөз. Өмірдегі болатын осы сынды түрлі жағдайлар сіздің жеке, қаржылық, кәсіби жоспарларыңызға кедергі болуы әбден мүмкін. Қалағаныңыз орындалмауы да мүмкін. Десе де, сондай қиындық туған кезде өзіңізді қалай ұстайсыз, өзіңізді тез жинап ала аласыз ба, мақсатқа қайта ұмтыласыз ба — ол тек сізге байланысты. Ең бастысы, мақсаттың болуы. «Ғарышқа ұшу», «ғаламды құтқару» сынды үлкен мақсаттар емес, ойға қонымды мақсаттар жайлы айтып отырмыз. Сізде сол нәрсе болса, оған жетуге талпыныс болса, болғаны. Оны сіз үшін біреу қалыпқа салып қоймауы керек. Оны да ұмытпаңыз. Бәрі сіздің қалауыңыз, ішкі қажетіңізден тусын.  

Сонда ғана сізде өмірге құштарлық пайда болады. Армандаған сайын биікке самғай бересіз. Жалқаулық дегенді ұмытып, сол мақсатқа жеткенше талмайсыз. Лайф-менеджмент принциптерінің іске аспайтын кездері де болады. Ондай мысалды да мыңдап келтіре аламыз. Дегенмен оларды тізбектегенше, бизнес-коуч Тони Роббинстің Manage your life, not a list деген мақаласынан үзінді бергеніміз жөн болар. Автордың айтуынша, үнемі белгілі бір тізіммен жүру жағымды әсерден гөрі, көбіне күйзеліске әкеп соғады. Кейбірі барлығын үтір-нүктесіне дейін қалдырмай тізеді де, содан ұсақ-түйекке көміліп қалып жатады. Ал енді бірі тым үлкен мақсат қойып, ақыры оған жете алмай күйзеліске түзеді. Міне, сондай жағдайға түспес үшін Тони Роббинс табысқа жету жолында өмірді басқаруға бастайтын 5 негізгі принципті көрсетеді. Олар әрі қызық, әрі өмірдің қай саласында болсын қолдануға болатын кеңестер.

  • Find purpose. Мақсатыңды табу. Бұл жерде мақсат деп материалдық тұрғыдан өлшенетін, үй не машина алу дегендей сатып алатын затты айтпайды. Зәулім үй мен қымбат көлік өзіңіздің абыройыңызды көтеруге, үлкен отбасымен еркін тұруға, қалаған кезде басқа жаққа жолға шығып кете салуға керек болады. Егер әр адам өз ішіне үңілсе, белгілі бір істі не үшін жасағысы келетініне жауап табады. Және көбіне ол көбіне қалауы емес немесе өзгелер үшін жасалатын нәрсе болып шығады. Шын мақсатыңызды табыңыз.
  • Rely chunking. Ойға алған істерді бөліктерге бөлу. Үлкен бір жоспарды орындауға кірісерде немесе кәсіп бастағанда қадамдарды барынша нақтылаған жөн. Былайша айтқанда, фрагменттерге бөліп, ондағы әр бөлікке баса мән беру керек. Барлығын дереу орындауға тырыспаңыз. Белгілі бір машықты меңгерген сайын немесе жоспарды жақсырақ түсінгенде әлгі фрагменттерді ұсақ-түйекпен толтырмайтын боласыз.
  • Utilize E.T. Time. Жұмыстан тыс кезде, өзіңіз үзіліс алған уақытты мақсатыңызға жету үшін пайдаланыңыз. Мысалы жұмыста жаңа бір машықты игергіңіз келіп жүрсе немесе көптен бері оқуға ниеттеніп жүрген бір кітап болса, біртіндеп соларды іске асыра беріңіз. Айталық әлгі кітаптың электрон нұсқасын гаджетіңізге жүктеп алыңыз да, әр үзілісте бірнеше беттен оқып отыруға әдеттеніңіз. Әдетте 5-10 минуттық демалысты пайдасыз өткізіп жатамыз. Үлкен істер үшін жеткіліксіз көрінгенде үзілістерді осындай мақсатқа жеткізер кішігірім қадамдармен толықтырыңыз.
  • Spend time on relationships. Қарым-қатынасқа уақыт бөліңіз. Өмірде қол жеткізген табыс деп ақша, карьера, беделді ғана есептеген дұрыс емес. Бұл қатарға достық, махаббат, балаларыңмен қарым-қатынас та кіреді. Мұны аяқ-асты етіп, назардан тыс қалдыруға мүлдем болмайды. Басқа шаруалар қандай маңызды болса, бұған да солай уақыт арнау керек. Бұл сізге мақсаттарыңызға жақындауға көмектеседі. Өйткені мақсаттың дені жақындардың қолдауын талап етеді. Одан қала берді, қарым-қатынас жақса болған кезде бақыттырақ бола түсесіз. 
  • Learn how to communicate better. Байланыс орнату тәсілдерін меңгеріңіз. Негізі біздегі көп проблема екеуара түсініспеушілік, терминдерді түрліше түсіндірмеу, нәтиже туралы әркімнің әр түрлі көзқарасы болуынан немесе детальдарды анық жазбағаннан туады. Сондықтан дұрыс коммуникация жасай білудің маңызы зор. Егер меңгеріп алсаңыз, нәтижеге тезірек жете аласыз. 

Тони Роббинстің көптеген кеңестерінде өзіңізге қоятын басты үш сауал туралы да жиі айтылады. Мысалы ол туралы How to make a massive action plan мақаласында жазылған. Ол үш сұрақ мынадай: 

  • Менің шынында қалайтыным не?
  • Менің мақсатым қандай?
  • Мен не істеуім керек?

Осы үш сұрақты өзіңізге қойып көріңіз. Неғұрлым жиі қойған сайын, нәтиже жақсырақ. Себебі соған жауап бергенде іс-әрекеттеріңізді реттейсіз. Егер мақсатыңызға жетер жолды бұралаң етіп жатқан болса, түзетесіз. Бәлкім, жарты жолда мақсатыңыз ауысып кетер. Ондайда да түзету керек болады. 

Сондай-ақ оқыңыз