Soft skills дамытудың 8 жолы
Мамандыққа қатысты машықтан бөлек, қызығушылық үшін айналысатын іс әрқайсымызда бар. Мұны soft skills деп атайды. Былайша айтқанда, хоббиіңіз. Шаршауды басатын, энергия беретін мұндай істер кәсіби емес машықты дамытуға таптырмас құрал десе болады. Әрі демалып, әрі өзіңізді дамытатын болса, керемет емес пе? Осы ретте оқырмандарымызға «софт скилзді» арттыруға көмектесетін бірнеше хобби түрін мысалға келтіргіміз келіп отыр. Олай болса, іске сәт!
Спортпен шұғылдану
Қазіргі өмір темпі өте жылдам. Көпшілігі үй мен жұмыс арасында жүремін деп қызығушылықтарға уақыт бөле алмай қалып жатады. Дегенмен денсаулықты да, ментал саулықты да сақтау үшін физикалық жүктеме қажет-ақ. Спортпен шұғылданатын адамның ерік-жігері артады. Сондықтан «жұмсақ машықты» дамытуда спорттың рөлі ерекше. Айталық, командамен футбол ойнайтын адамдарда бір уақытта бірнеше тапсырмаға ден қоя алатын, кезіккен қиындықтан шығу жолын тез табатын машық дамиды. Өйткені футболшы допты теуіп қана қоймай, оның тректориясын, қарсыластардың қайда тұрғанын — бәрін есептеуі керек. Футбол аяққа ғана емес, миға да салмақ салатын ойын десек, қателеспейміз.
Шахмат ойнау
Бір орыннан қозғалмастан ойнайтын, физикалық салмағы жоқ болғанымен, спорт түріне жатады. Эксперттер болса, мұны спорттық ойын ғана емес, өнерге жатқызу керек деген пікірде. Өйткені шахматшылар түрлі қиындыққа тап болып, одан шығу жолын, жеңіске жету жоспарын ойша құрып отырады. Яғни бұл дегеніміз қарсыластың алда не істеуі мүмкін екенін болжау, кездесуі мүмкін қиындықтарға жоспар құру, ойынға ден қою сынды машықтарды дамытады. Аз уақыт ішінде дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Тіпті жеңген күннің өзінде қарсыластың әдіс-тәсілдеріне анализ жасап, келесі ойындарда ескереді. Кәсіби шахматшылар өте сабырлы келеді. Эмоциясын жайып салмайды.
Актерлік ойын
Негізі актерлік шеберлік тек театр не кино әртістеріне керек қабілет деп ойлауыңыз мүмкін. Десе де, көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білу, белгілі бір рөлді ойнай алу кез келген адамға пайдалы. Өйткені бұл талант қана емес, психология, өзін-өзі тану деп толық сеніммен айта аламыз. Актерлікпен айналысатын адамдар түрлі жағдайда өзін қалай ұстау керегін жақсы біледі. Рөлге кіру үшін басқа адамдардың сезімін түсіне білу қажет. Сондықтан актерлер ойнайтын кейіпкерін зерттейді. Адамды тани білуді үйренсеңіз, жаныңыздағылардың эмоциялық жай-күйін жақсырақ түсініп, қай кезде шынын айтып, қай кезде алдап тұрғанын біліп қоятын боласыз. Одан бөлек, актерлер эмоциясын ұстай алады. Олай дейтініміз, сахнаға қойылымға шыққан актер өзінің өзге проблемасын ысырып тастап, сценарий бойынша ойнайды. Бұл болса, стресс жағдайда өзін ұстай білуге үйретеді. Сонымен қатар, мәтін жаттайтындықтан, есте сақтау қабілетін де дамытады.
Жазушылықпен айналысу
Жазумен айналысу адамның бойындағы бірнеше жақсы қабілетті оятады. Біріншіден, нағыз кәсіби маман уақытының бағасын біледі. Эмоциясын, көңіл-күйін басқара алады. Осы қасиеттері жұмысын уақытында бітіруге көмектеседі. Одан қала берді, жақсы жазушы өзіне анализ жасап, ескертпелерді дұрыс қабылдай алады. Жазушылықтың тағы бір пайдасы — кішкентай қадамдар арқылы мақсатқа жетуді үйретеді. Яғни қалаған нәтижеге жету үшін кішігірім адымдар жасайсыз. Ол дегеніміз мысалы, күніне кемінде екі мың сөз жазу дегендей тапсырмалар орындау. Осылай жасай берген сайын қалаған нәтижеге жету оңай болады. Сонымен бірге жазушылықпен айналысқан кезде креатив ойлау, ассоциациялық ойлау, өзіңді ұстау сынды қабілеттер дамиды. Осы жерде айта кететін кеңес: бір емес, бірнеше хоббиіңіз болсын. Адамға қызық ойлар көбіне спортен айналысып жатқанда келеді. Мұндайда жазушылық қабілетін дамытып жүргендер мұны сәтті пайдаланып, әрі спортпен шұғылданып, әрі жазып алып жүреді.
Оқу
Кітап оқудың пайдасы баршаға белгілі. Дегенмен қазіргі әлеуметтік желі дамып, гаджетке тәуелділік артқан сайын оқитындардың саны азайып келе жатыр. Осы ретте оқудың сізге тигізер көмегін тізбектеп шығайық. Біріншіден, кітап оқысаңыз, сөздік қорыңыз мол болады. Бұл дегеніміз коммуникация құру жеңілдейді деген сөз. Қиялды да дамытып, басқаларды жақсырақ түсінуге көмектеседі. Мәселен, кітаптағы сюжеттің ішіне «кіріп» кетіп, кейіпкер үшін алаңдап, алда болуы мүмкін оқиғаларды тізбектеп шығасыз ғой? Бұл болса, эмпатияны арттырады. Күнделікті кітап оқитын адамдарда шығармашылық ойлау қабілеті дамиды. Көп оқыған адам өзін көп ортада еркін сезінеді. Әңгімелесетін тақырып аясы да кең. Әдемі сөйлеп, елді аузына қарататыны тағы бар. Қабілеттердің дамуына қандай жанрда оқитыныңыз да әсер етеді. Мысалы, детективті жақсы көретіндерде сыни ойлау қабілеті артады. Сондай-ақ, көңіл қалауыңызға қарай қазіргі өзіңізге керек тақырыптағы шығарманы таңдап, бір оқпен бірнеше қоянды атып ала аласыз.
Пазл құрастыру
Бұл тек балаларға керек дүние емес. Мұндай басқатырғыштар адам миының екі жарты шарын да іске қосады. Пазлды құрастыру үшін аналитикалық та, шығармашылық та ойлау қабілетін пайдаланамыз. Әрі жедел жадты жақсартады. Керек пазлды іздей отырып, суреттің басқа бөліктерінің түсін, формасын ойлап отырасыз. Соңында шығатын суретті елестету визуал ойлауды дамытады. Неғұрлым деталь көп болған сайын, ерік-жігерді жаттықтыруға жақсы көмектеседі.
Тіл үйрену
Бұл машық ешкімге артық болмайды. Бірі жұмысына керек болған соң оқыса, енді бірі жай ғана қызығушылықтан оқиды. Қалай болса да, тіл үйрену адамға тек пайдалы болады. Біріншіден, нарықта еңбегіңіз қымбатырақ бағаланады. Бұл дегеніміз сәтті карьера жасауға көмектеседі. Мұндай қызығушылығы бар адамдар шешімді тез қабылдауды үйренеді. Өйткені тіл үйрену барысында әр сөзді еске түсіріп, оны контексте қалай қолдануға болатынын ойлап отыру керек. Ми осылайша жылдам жұмыс істеуге дағдыланады. Әдетте, шет тілін үйренгенде біріншісі қиындық туғызады деседі. Ал одан кейін жаңа тіл үйрену жеңілдей береді. Билингвизмнің өзгелермен тіл табысуда ғана емес, таным көкжиегін кеңейтуде де пайдасы тиеді. Өйткені сөздерді жаттап қана қоймай, тіл мәдениеті жайлы да хабардар болады.
Қолөнермен айналысу
Хоббидің бұл түрі өте танымал. Түрі де әр алуан. Біреу тігеді, біреу құрақ құрайды, біреу кестелейді. Мұның қайсысы болсын ұсақ моториканы дамытады. Ал ол болса, екі жарты шар жұмысын да жақсартуға көмектеседі. Аналитикалық және шығармашылық ойлау қабілеті дамиды. Мысалы қараңыз: әлдебір затты тігу үшін оған қанша мата керегін, қандай жіп алатыныңызды, түсі, фактурасын, деталь алатыныңызды ойластырасыз. Әрі қолөнер адамның ерік-жігерін арттырады. Төзімді болуға тәрбиелейді. Қиялыңызды қосып, процеске ден қоюды үйренесіз. Бүгінде қолөнермен айналысамын деген адамға интернетте тегін сабақ толып тұр. Бастысы, айналысқыңыз келетін бағытты тапсаңыз болғаны. Көңілден шықса, қалай бос уақытыңызда тек сонымен айналысып жүргеніңізді өзіңіз сезбей қаласыз. Әрі қолөнер тайм-менеджмент үшін де жақсы. Егер жақсы тігіп үйреніп кетсеңіз, қосымша табыс көзіне айналдыруға болады.