Алғыс айтудың өз әдебі бар
Алғыс айта білген адамның өмірі жайлы болады. Біле білсеңіз, денсаулықты нығайтатын, адамдардың арасын жақсартатын, жүректегі уайымнан арылтатын да — алғыс. Әлдекімнің жасаған әрекетіне болсын, өзіңізге болсын «рақмет» деп тұру керек. Бүгінгі материалда осы тақырыпты толығырақ тарқатамыз.
Алғыстың адамға пайдасы
Эмоциялық интеллектіні дамытады. Адамның өз эмоциясын танып, оларды орнымен қолдана білетін қабілеті эмоциялық интеллект деп аталады. Оның ішінде эмпатия өте маңызды. Бұл дегеніміз — өзге адамдарға жаны ашып, олардың жай-күйін ұғыну. Яғни алғыс айту эмоциялық интеллектіні дамытуға көмектеседі дейтініміз содан. Адамдар бір-біріне рақметін айтқанда ол құдды нейротрансмиттерлер катализаторы секілді әсер етеді. Байқасаңыз, кейінгі кездері алғыс айта білу культі кең тарап жатыр. Бұл — ойды негативтен позитивке бағыттауға көмектесетін әдіс.
Денсаулықты жақсартады. Біз жағымды әсер алып, тілдескенде миымызда нейронды желілер іске қосылады. Ол ми бөлігіне тікелей байланысты. Сол бөліктер жүректің жиырылу жиілігі, стрестен құтылу, ауру сезімін басу деңгейін қалыпта ұстауға көмектеседі. Ғалымдар алғыс сезімі мен өзгелердің көмегін қабылдау адам тәнінің босаңсуына әсер ететінін айтады. Сондай-ақ, алғыс айту практикасын қолданған адамдардың ішімдік, есірткі сынды жаман әдеттерден айығатынын дәлелдеген статистика бар. Жалпы алғанда алғыс айту арқылы психикалық жай-күйіңіз жақсарады. Өзіңізге деген сенім артып, посттравмалық синдромдардан құтылып, күйзелістен шығасыз.
Мотивация артады. Алғыс айта білетін адамның өміріне позитив өзі-ақ «жабысады». Мотивация арттыратын ең қарапайым модель — алғысты тіке бағыттау. Мәселен, қызметкерлерінің жұмысына риза болған басшы «рақмет» деп шынайы жеткізе білсе, қызметкерлері жұмысты жемістірек істей бастайды. Кейде алғыс сезімінің тікелей адресаты болмауы да мүмкін. Десе де, бұл практика адамға тек жақсылық әкеледі. Өзімен ғана емес, өзгелермен қарым-қатынасты да реттейді.
Адамдардың арасын жақындатады. Біреудің сізге жасаған жақсылығын жоғары бағалап, құрметтеп, оған бар жақсыны тілей білу керек. Сонда екі адамның арасы жақындайды, беки түседі. Жақын адамдардың коммуникациясы бір-біріне қол ұшын беруден тұрады. Жақсылық бір тараптан ғана емес, алма-кезек екі жақтан да болып тұруы керек. Жалпы табиғаттың заңдылығы сол — өмір алыс пен берістен тұрады. Гэри Чепменнің «Махаббат тілінде» де алғыстың маңызы жайлы айтылады. Автор махаббаттың бес тілі бар дейді: сөз, жанасу, сыйлық, көмек және уақыт бөлу тілдері. Ал алғыс айту болса, осы бес тілдің бәрінен көрініс табады. Себебі алғыс сөз, сыйлық, көңіл, жанасу түрінде білдіріле береді. Есіңізде болсын, алғыс сезімі біреуге кіріптар болу емес.
Алғысты бұлай білдірмеңіз!
Рақмет айта білудің пайдасы мен маңызын айтып болсақ, енді алғыс білдіруде жібермеуіңіз керек қателерге тоқталайық. Кей адамдар арамыз жақсарсын деп өтірік күліп, рөл ойнай бастайды. Өтірік істемеңіз. Жасанды қылық, дұрыс айтылмаған сөз, алғыстың шамадан тыс көп болғаны кері эффект береді. Мынаны жақсылап түсініп алғайсыз: алғыс сезімін қабылдау керек. Ал оны көрсету машығын біртіндеп үйреніп алуға болады. Екіншіден, ол сезімді білдіру үшін міндетті түрде аспанға секіріп, қол шапалақтап, жылап не қатты қысып құшақтаудың қажеті жоқ. Шынайы алғыс адамның сөзінен-ақ байқалып тұрады. Көзқарасынан көрінеді. Дауысының дірілі ол үшін талай сезімді білдіріп тастайды. Эмпатиясы жоғары адам оны сезеді, сөзсіз. Алғысыңызды артық ауыз сөзсіз-ақ қабылдайды. Жалпы алғанда дер кезінде айтылған «рақмет» деген сөз араңызды нығайтады. Сондықтан уақытында айтуды әдетке айналдырыңыз.
Көпшілік жіберетін тағы бір қателік — қарсы тараптан сондай жауап күту. Жоғары талапты адамдар көбіне осындай болады. Болмаса, сезімталдығы төмен адамдардың алғыс айту керек дегенді жоққа шығаруын айта аламыз. Мәселен: «Клиенттерге көмектесу онсыз да оның жұмысы. Сол үшін қызметкерге не үшін алғыс айтуым керек? Ол — оның жұмысы. Бұл жерде ерекше атап өтетін дәнеңе жоқ», «Бұл менің рақметіме тұрмайды», «Мына жерде неліктен рақмет айтуым керегін ұқпадым» деген сыңайлы. Мұндай типаждағы Адамдар көбіне алғанды жақсы көреді. Ал берген жағдайда қайтарымын күтеді. Материалдық деңгейде қарастырғанда олардың коммуникация құру әдісі тиімсіз. Өйткені олай ету арқылы жанындағыларды өзінен алыстатады.
Алғыс білдірудегі келесі қате — «дәл солай қайтаруым керек» деп есептеу. Яғни ондай адамдар қарсы тараптың жасағанын ісінің «салмағын» өлшейді. Сөйтіп реті келгенде дәл солай қайтаруға тырысады. Қайтару үшін оңтайлы сәтті күтіп жүреді. Кейде әлгі әрекетті тым қатты бағалап жіберіп, сол күйі, сондай деңгейде рақмет айту қолынан келмейді деп ойлап уайымдауы мүмкін. Негізі бергенін сол күйі алуды қалау дұрыс емес. Әрине, қарсы тарапты қуантуға тырысуыңызға әбден болады. Бірақ басты назарды бұған қоймаңыз. Бастысы, дұрыс қабылдаңыз. Оған жағымды эмоция сыйлаңыз. Сол сәттегі кері жауап әлдеқайда маңыздырақ.
Қалай алғыс айту керек?
Біреуге рақмет айтқыңыңы келеді, бірақ ұялып жүрсіз делік. Ондайда алғысыңызды жазбаша жеткізіңіз. Хатқа түсіріп болған соң, жібересіз бе, жоқ па — шеше жатарсыз. Жалпы жазу арқылы адам жағымсыз ойлар мен уайымнан фокусты басқаға бағыттайды. Тағы бір нұсқа белгілі бір оқиғаға байланысты алғысыңызды іштей айту, дұға қылу.
Кішігірім себептің өзін есепке алу. Оптимизмді арттыру үшін алғыс айтатын барынша көп себеп іздеп табу керек. Ол мардымсыз дүние болып көрінсе де, назардан тыс қалдырмаңыз. Әсіресе, көңіліңіз алаң боп, ісіңіз дұрыс жүрмей жатқанда алғысқа себеп табуды әдетке айналдырыңыз. Бұған өте көп күш салуыңыз керек болуы мүмкін. Десе де, нәтижесі де соған сай болады. «Шүкіршілік күнділігін» жүргізіңіз. Сол жерге барлық алғысты тізіп жүріңіз.
Әлдебір қуанышты жағдайды еске салатын, сол сәт үшін алғыс айтудан шаршамайтын кездерден естелік болатын дүниелер болсын. Ол отбасылық сурет, балаңыздың жіберген аудиохабарламасы, барған сапарыңыздан әкелген магнит, жақындарыңыздың берген, сөмкеге сыятын сыйлығы болуы мүмкін. Жаныңызда жүрсе, есіңізге түскен сайын жақсы әсер аласыз.
Кейде былай ойлауымыз мүмкін: «Туыстарымызға не жұмыстасымызға қайта-қайта алғыс білдіріп қажет емес. Себебі оны бағалайтынымды өзі онсыз да жақсы біледі». Немесе сіздің рақметіңізден қарсы тарап қысылып қалады деп өзіңізді тежеуіңіз мүмкін. Жалпы алғыс білдірудің мың сан түрі бар. Басты шарт — оны білдіру. Ішіңізде бүгіп қалмаңыз. Тіпті біреудің сізге берген құнды сыйлығына кеткен ақшасы емес, сіздің сол сыйлықты алғандағы эмоцияңыз әлдеқайда бағалы болып шығады. Сондықтан адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынас үшін алғыс білдіру практикасы қажет. Ер мен әйелдің арасында да маңызды екенін айтпаса да түсінікті болар. Психологтардың айтуынша, ерлер көбіне сезімін сөзбен білдіре алмай, алғыс айта алмай қиналадыекен. Оның орнына қандай да іс-қимыл жасауға әбден болады. Ол да бағаланады. Бастысы, жауаптың болуы. Ерлі-зайыптыларға «алғыс журналын» жүргізуге кеңес береміз. Ол қойын дәптерде бола ма, тоңазытқышта жабыстырылған ескертпе түрінде бола ма — маңызды емес. Бастысы, бір-біріңізге деген алғыс сөзін сол жерге жазуды әдетке айналдырыңыз. Егер сөзбен айта алмайтын болса, онда осы әдісті қолданып көрсін. Бұл жерде ескеретін жайт, кейінге қалдыра бермей, дәл қазір кірісу.