Қазақфильм қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі
Бұл туралы киностудия ұжымымен басшылықтың кезекті жиналысында белгілі болды. Кездесуде «Қазақфильм» киностудиясының ұйымдастыру құрылымы мен еңбекақы төлеу тетігінің жобасын әзірлеу жөніндегі қызметкерлер мен жұмыс берушілер өкілдері комиссиясының қорытындысы шығарылды.
Киностудия президенті Ақан Сатаевтың айтуынша, қазіргі уақытта арнайы комиссия даму векторларын, еңбекақы төлеуді қалыптастыру принциптерін және ұйымдастыру құрылымын анықталды. Ұйымның штаттық құрамы мен саны қалыптастырылды.
«Сіздерді жақсы жақсы жаңалықпен қуантқым келеді. 1 қыркүйектен бастап жалпы киностудия бойынша қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 30% – ға өседі. Мәдениет министрлігі тарапынан, питчингте өз жобаларын қорғаған авторлар тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Біз жалақыны көтердік, және осымен шектелмейміз деп үміттенемін. Осы орайда студияның жетістігі әрқайсымызға байланысты екенін атап өткім келеді. Сондықтан сіздерді әрі қарай да жауапты болуға және жақсы жұмыс істеуге шақырамын», – деді А.Сатаев.
Кездесу барысында киностудияның сценарлық- редакциялық алқа жұмысы барынша қолға алынатыны белгілі болады.
Ұйымдастыру құрылымын реформалауда басты назар сценарлық-редакциялық алқаның жұмысына және отандық көрермендер талап ететін сапалы фильмдер шығаруға аударылады. Киностудияға арналған классикалық бөлімшелерден басқа құрылымға ғылыми-зерттеу кинолабораториясы, киностудияның цифрлық трансформациясына жауап беретін бағдарламалық-техникалық басқару және даму бөлімі енгізілетін болады. Маркетинг бөлімі мен баспасөз қызметінің жұмысын күшейту жоспарлануда.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылады. Бүгінде киностудия «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» жүргізген питчинг нәтижелері бойынша, сондай-ақ құқығы «Қазақфильмге» тиесілі классикалық қазақстандық кино қорын реставрациялау бағдарламасын іске қосу бойынша жұмысқа кірісті.
Киностудияда 2021 жылы басталған белсенді жаңғырту бағдарламасы жалғасуда. Инженерлік желілер мен ғимараттарға техникалық қайта жарақтандыру, күрделі жөндеу жүргізу, сондай-ақ түсірілім павильондарын салу көзделеді. Аталмыш жұмыстар киностудияны жаңа халықаралық деңгейге шығаруға және Орталық Азия өңірінде жетекші орынға шығуға мүмкіндік бермек.
Жаңғырту аясында үш негізгі ғимаратта: пленкалы-зертханалық кешен, 2 павильонды блок пен тон-студияда жұмыстар басталды. Сондай-ақ, тағы да қосымша үш ғимарат салу жоспарлануда. Бұл- екі павильонды және бір үлкен қойма блогы. Сондай-ақ, жазғы кинотеатр мен мұражай салу міндеті де қойылған. Киностудияның барлық инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылатын болады.
«Қазақфильм» киностудиясының басшылығы мен ұжымы жаңа өзгерістер тиімді жұмыс атқаруға мұрындық болып, ұжымның әлеуметтік жағдайын жақсартады деп үміттенеді.