Ресей көлік нарығының дағдарысы Қазақстанға қалай әсер етеді?

Жарияланды
РФ-да бірінші жартыжылдықта жеңіл автомобильдердің өндірісі үш есеге жуық қысқарды, ал сатылым екі еседен астамға азайды

Қазақстандық жаңа автокөлік импортында соңғы жылдары РФ үлесі шамамен 40% болған.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында РФ-да жеңіл автокөлік өндірісі 2021 жылдың қаңтар–маусымымен салыстырғанда 279,2 мың автокөлікке дейін, яғни 61,8% қысқарды. Ресейлік брендтердің өндірісі 66,1% (76,5 мыңға дейін) азайса, шетелдік автокөліктер 59,9% (202,7 мыңға дейін) төмендеді. Ресейлік өндірушілер мен дилерлер ресейлік автокөлік нарығы мамырда «ең төменгі шегіне» жетті деп ойлағанымен, маусымда жағдай тіпті ушығып, өндіріс былтырғы мамырмен салыстырғанда 90% азайып бар болғаны 13,4 мыңды құрады. Ал бірінші жартыжылдықтағы автокөлік сатылымы 55,6% азайды.

2022 жылдың 24 ақпанында Украинадағы қарулы қақтығыс басталғаннан кейін көптеген елдер экономикалық санкциялар енгізді, бұл белгілі бір дәрежеде ресейлік автоөнеркәсіп пен автокөлік нарығына әсер етті. Осы жылдың наурыз айының басында бірқатар ірі шетелдік автоөндірушілер РФ-дағы қызметін уақытша тоқтатқанын хабарлады. Компаниялар ресейлік зауыттарда автомобиль шығаруды тоқтатты және ресейлік дилерлерге жаңа автокөліктерді жеткізуді тоқтатты. Мәселен, Volkswagen 3 наурыздан бастап екі зауытта да көлік шығаруды тоқтатты, Renault 28 ақпаннан бастап жұмысын тоқтатып, кейін өз үлесін АвтоВАЗ-ға беріп, нарықтан кетті. Наурыз айының басында Санкт-Петербургтегі азиялық үш брендтің зауыты тоқтады. Атап айтқанда Toyota (Camry және RAV4), Nissan (Qashqai, X-Trail және Murano) және Hyundai (Solaris, Creta және Kia Rio). Дегенмен, Toyota мен Hyundai Ресейде қалуы мүмкін, бірақ Nissan-да жағдай басқаша: компания Ресейдегі бизнесін тоқтатуға дайындалып жатқан Renault-пен бірлескен.

Шектеулі режимде болса да РФ-да 20 автокөлік құрастыру зауытының 3-і ғана жұмыс істейді. Олар АвтоВАЗ, УАЗ және Haval. Оның үстіне, РФ-дағы ең ірі зауыт АвтоВАЗ 5 күндік жұмыс аптасына тек 15 тамыздан бастап оралды. Еске сала кетейік, мамыр айында зауыт жұмысын тоқтатқан болатын. Қазіргі уақытта АвтоВАЗ екі ғана модельді шығарады — Lada Niva және Lada Granta. Оның өзінде ABS және қауіпсіздік жастықтары жоқ қарапайым нұсқалары ғана шығып жатыр.

Бұрын, 20 жыл бойы ресейлік автокөлік өнеркәсібі белсенді түрде дамып келді. Оған пайдаланылған шетелдік автомобильдерге баж салығы, бюджетке қарыздарды қайта құрылымдау, сондай-ақ шетелдік автоконцерндердің зауыттарын ашу ықпал етті. Мысалы, құны 150 млн АҚШ доллар тұратын Форд зауытының қуаттылығы жылына 25 мың көлікті шығара алатын болса, кейін ол 160 мың көлікке дейін өсті. Renault-Nissan ресейлік АвтоВАЗ-ның блоктаушы үлесін сатып алу туралы келісімге қол қойды. Санкт-Петербургте «Хендэ мотор мануфактуринг рус» шетелдік автоконцернінің ең ірі зауыты ашылды, онда Hyundai және Kia автокөліктері шығарылды. Бұрын онда Ford, Toyota, General Motors және Nissan зауыттары ашылып, Санкт-Петербургте автокөлік кластерінің қалыптасуына ықпал етті. Сондай-ақ Ресейде Mersedes-Benz және Haval жолаушылар вагондарын шығаратын зауыттар ашылды.

Көлік пен бөлшектер басқалармен қатар Орталық Азия мен Қазақстанға да жіберілді. Осылайша, 2019 жылға дейін ҚР-ға жаңа автокөлік импортының жалпы көлеміндегі РФ үлесі 50%-дан астамды құрады, 2020-2021 жылдары 40%-дан сәл аз болды, бірақ биылғы қаңтар–сәуірде бұл көрсеткіш 32,2% ғана болды.

Автоконцерндердің кетуі және РФ-дағы өндірістің тоқтатылуы ҚР-ның автокөлік нарығына елеулі әсер етеді деп күтілуде. Осылайша, 2022 жылдың қаңтар–маусым айларында ҚР-ға РФ-дан әкелінген жаңа автокөліктердің саны 5,4 мыңнан сәл аз болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе аз. Бір жылда Renault маркалы автокөлік импорты 7,6 есе, Mazda — 2,8 есе, Toyota — 2,6 есе, Volkswagen — 2,1 есе, Mitsubishi — 2,1 есе, Nissan — 42,4% қысқарды. Skoda көліктері тіпті әкелінбеген. ҚР-ға РФ-дан импорт көлемі өскен жалғыз бренд — Haval (плюс 37,4%).

Қазақстанда жаңа автокөлік сатылымы логистикалық дағдарыс пен бөлшектердің тапшылығына қарамастан небәрі 8% төмендеді. Биылғы жылдың қаңтар–маусым айларында 51,9 мың көлік сатылды. Нарықтағы тапшылықты жергілікті автоөнеркәсіп жауып отыр. Отандық автокөліктердің жалпы сатылымдағы үлесі бір жылда 62,7%-дан 75,9%-ға дейін өсті.

Бұл ретте, Ресейден Қазақстанға Lada, Kia, Hyundai, Renault маркалы жеңіл көліктері мен бөлшектері ғана емес, сонымен қатар GAZ, KAMAZ, URAL маркаларының жеңіл коммерциялық және коммерциялық көліктерінің де бөлшектері импортталды. Ресейдегі жағдай ҚР автонарығына қаншалықты зиян тигізгенін және отандық өндіріс оның орнын қаншалықты толтыра алатынын айта қою қиын. Қазір РФ-да 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы жаңа автокөліктердің сатылымының 54%-ға төмендеуі болжануда. Пессимистік болжам бойынша, тіпті 67%-ға жетуі мүмкін.

Қазіргі жағдайда Қазақстан тағы бір қиындыққа тап болуы, яғни РФ-ға жаңа автокөліктерді экспорттау көбеюі мүмкін. Ресейдің ақпарат алаңдарында Қазақстаннан көлік сатып алу туралы ақпараттар көбейіп келеді. Бұл орайда ресейліктерге қазақстандық алыпсатарлар көмектесіп жатыр. РФ Мемлекеттік жол қозғалысы қауіпсіздігі инспекциясының 2021 жылғы есебіне сәйкес, РФ-да 64 млн автокөлік бар. Жыл сайынғы жаңа көлік сатылымы 1,5 млн-ға жетеді. Бұл ретте Қазақстанда 4,5 млн көлік бар, жаңа көліктер саны 1 млн. Қазіргі жағдайда қазақстандағы жаңа көліктер РФ-ға кетіп қалуы мүмкін. РФ-ға өзге елдерден жаңа көліктер барып, Қазақстанда кілең ескі көліктер қалуы ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз