«Қазақстан халқына» қорына ерекше балалардың ата-анасын оқыту ұсынысы түсті

Жарияланды
Қордың жаңа тұжырымдамасын талқылау аяқталып келеді

Алматы қаласында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішевтің қатысуымен  дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында ол қор тұжырымдамасын талқылау жалғасып жатқанын айтып өтті.

Осы мақсатта «Қазақстан халқына» қорының өкілдері өңірлерді аралап, жүзбе-жүз кездесу өткізіп, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе онлайн-конференциялар ұйымдастырып, ҮЕҰ өкілдері  қор қаржысын тиімді жұмсау туралы ойларын ортаға салды. Алматыда өткен дөңгелек үстел барысында Болат Жәмішев үкіметтік емес ұйым өкілдері мен қоғамнан нақты жобалар мен ұсыныс күтетінін тағы да баса айтып өтті: «Ауыл білімін көтерейік деу – жоба емес, жай сөз, ұсыныс».

Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорының басшысы жоба ұсынатын ұйымдарға қор ақша төлемейтінін атап өтті:

«Біз ешқандай серіктестікке, қоғамдық ұйымға қаржы бермейміз деген шарт қойдық. Біз тиімді жобаларды жүзеге асыруға көмектесе аламыз, бірақ қолдауға емес».

Алматыда өткен жиынға 20-дан астам жоғары оқу орындары өкілдері қатысып, оларды қызықтырған басты мәселе – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім гранттары мен осы грантқа үміткер талапкерлерге қойылатын ресми талаптар.

 Болат Жәмішев грант үміткерлеріне нақты талап қоймай, тек қандай санатқа жататындар өтініш бере алатынын көрсетіп қойдық деді.

«Ал  қор грантын қандай студенттерге беретінінін университеттер өздері шешеді»- деп түсіндірді ол.

«Ерекше балалар ата-аналары одағы» республикалық ҚҚ басшысы Рауана Сағадиева «Қазақстан халқына» қорының  білім гранттарын алу  құқығын ерекше балалар тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне де беру керек деген ұсыныс тастады.

 «Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-ананың басқа да баласы бар. Ал ерекше баланың денсаулығы мен оңалтуына айына 200-500 мың теңгеге дейін кетіп қалады. Енді отбасы осы ерекше баланың жағдайын жасап жүргенде, өзге балаларына дұрыс көңіл бөлінбей, білім беру жағы кемшін түсіп жатады. Бұндай жағдайда сапалы білім туралы не айтуға болады?» деп өз пікірін білдірді.

 «Ерекше балалардың ата-аналары одағы» ҚҚ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, білім берудегі инклюзиз көзқарастан бастап, ерекше балалар ата-аналарын қайта оқытуға дейін бірқатар ұсыныс дайындаған.

«Ата-аналарды әлеуметтік-педагогикалық және басқа да мамандық бойынша қайта даярлау екі мәселені шешеді: бір жағынан кадр тапшылығы, білікті мұғалімдер, ЛФК тренерлерінің жетіспеушілігі және т.б. Екінші жағынан, бұл балаларымен үйде жұмыссыз отыратын ата-аналарға жалақысы да, әлеуметтік аударымы да, зейнетақысы да бар үлкен көмек», дейді Рауана Сағадиева.

«Дәл осындай ұсыныс есту үшін де келген шығармын» деген Болат Жәмішев «Ерекше балалар ата-аналары одағының» жетекшісі  айтқан ұсыныстар тізімін талқылау үшін қор қызметкерлерімен кеңейтілген жиналыс өткізуді ұсынды. Әзірге біз бүкіл ұсыныстарды одан әрі талқылау үшін жинақтап жатыр. «Қазақстан халқына» қоры  бағдарламалары мен жобаларының жаңа  тұжырымдамасы 2022 жылдың қыркүйек айына жоспарланған Ұлттық қайырымдылық конференциясында таныстырылады.

24 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында жұртшылықтың қатысуымен «Қазақстан халқына» қоры өкілдерінің қорытынды жиыны өтеді. Талқылауға әлі қатыспаған ҮЕҰ-мен zoom-кезесудер жалғасып жатыр.

Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қандай салаларды қаржыландыру  керегі жайында ҮЕҰ пікірін жинақтау үшін қазір үкіметтік емес ұйым өкілдері арасында онлайн сауалнама жүргізіп жатыр. Сауалнаманы толтыру үшін  мына сілтемеге өту қажет.

Сондай-ақ оқыңыз