«Суды сатып ішеміз. Өйткені құбырдан келетін судың дәмі кермек тартады. Кейінгі кездері су аппараттары бағаны екі есе өсіріп жіберді. Амал жоқ, алуға тура келеді». Бұл — елорда тұрғының «Ашық диалог» порталына қалдырған өтінішінен үзінді. Бұдан бөлек, порталда бас қаладағы су қысымының төмен екенін, сусыз отырғанын айтып шағымданғандар да көп. Осы фактілерді ресми сұранысқа жауапта әкімдік те растады. Аймақтарды айтпағанда, астананың өзінде ауыз-су мәселенің ушығып тұруына не себеп?
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Қуанышхан Аманғалиұлы осыдан үш жыл бұрын жаңа салынған тұрғын үй кешенінен пәтер алған. Айтуынша, сол кезден бері суды литрлеп сатып алады. «Құбырдан келіп тұрған суды тұрмыстық мақсатта ғана қолданамыз. Шай қайнатып ішсең, түсі қап-қара болып кетеді. Әрі бетінде түсініксіз қабат пайда болады. Бұрын литрі 10 теңгеден болғанда қалтаға ауырлық салмайтын. Кейінгі айлардағы қымбатшылықтың әсерінен бе, су бағасының екі есе өскені отбасылық бюджетке әсер етіп жатыр. Үйдің маңайында бір жерде ғана 10 теңгеден. Сол аппараттан бәрі алуға тырысады. Сондықтан ұзақ кезек күтіп тұрамыз. Су да тез таусылып қалады. Үйге фильтр орнату да арзан емес» дейді ол.
Елорда әкімдігінде тұрғынның шағымына былай деп жауап берген: «ШЖҚ «Астана су арнасы» МКК зертханалық қызметі үйіңіздегі судың сынамасын басқа қоспаларды анықтау үшін алды. Зерттеу нәтижелері бойынша суда басқа қоспалар табылған жоқ, басқа элементтердің шекті рұқсат етілген концентрациясы аспайды. Бұл ретте, жоғарыда көрсетілген зерттеу қорытындыларын растау үшін «Астана су арнасы» ШЖҚ МКК су сынамаларын кері алады, олардың нәтижелері туралы сізге қосымша хабарланатын болады».
Байқасақ, мәселе суды сатып ішуде ғана емес, кейінгі айлардағы әлеуметтік жағдайдың нашарлағанына да байланысты болып отыр. Осы ретте шағын есеп жүргізіп көрсек. Судың ағзаға керек тәуліктік мөлшерін анықтағанда бір келі массаға 35 мл деп есептейді. Егер мысал үшін үйде салмағы 55 және 80 келі болатын екі адам тұрады десек, оларға қажет норма — күніне бес литр немесе жүз теңгеге жуық қаражат. Бұл — су аппаратынан алған жағдайда. Ал енді дүкеннен сатып алатын болса, бес литрлік судың бағасы 600 теңгеге жуықтайды. Сонда бір айға шаққанда тек судың өзіне — 18 мың теңге. Үйге орнататын фильтр құны нарықта жүз мың теңгеден жоғары.
Жалпы алғанда ауыз су сапасын тексеру Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы № 209 бұйрығымен бекітілген «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаттары үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына және ҚР СТ МЕМСТ Р 51232-2003 «Су. Сапаны бақылауды ұйымдастыруға және әдістеріне қойылатын жалпы талаптарына» сәйкес жүргізіледі. Талдау нәтижелерінде бәрі дұрыс. Бірақ елордалықтар іс жүзінде ауыз-суды іше алмай отыр. Әрі орталықтан келіп тұрған суды жуынуға, ыдыс-аяқ пен киім жууға пайдалану қалыпты үрдіске айналған. Судың дәмі туралы айтылған шағымдардың жауабы бірдей: «Су сынамасы алынды. Талдау нәтижесінде ауыз-су санитарлық талапқа сай екені анықталды». Денсаулыққа бұл судан тікелей зиян келмейді. Дегенмен жанама әсерлері болуы әбден мүмкін.
«Керемет Су СКЕ» ЖШС директоры Евгений Кретовтың айтуынша, ең қауіпсіз әдіс — сүзгі орнату немесе бөтелкедегі суды сатып алу. «Судың сапасы – пайдалану стандарттарына негізделген судың химиялық, физикалық және биологиялық сипаттамасы. Судың құрамын зерттеу үшін ғалымдар әртүрлі сапалық және сандық талдау әдісін қолдана отырып зерттеулер жүргізеді. Зерттеу барысында судың химиялық құрамы, бактериялар мен микробтар саны, сондай-ақ судың иісі, мөлдірлігі, дәмі мен кермектігі тексеріледі. Су пайдалануға жіберілмес бұрын көп сатылы тазартудан өтеді. Мәселен, Алматыда су сапасы барлық көрсеткіш бойынша нормативтік талаптарға, сондай-ақ, эпидемиялық қауіпсіздікке де сәйкес келеді. Алайда, ескі үй-ішілік желілер немесе құбырларда судың тұрып қалатындықтан краннан аққан судың жағымсыз иісі пайда болады, түсі өзгеруі мүмкін. Кран суын қайнатқанда қабыршақ пайда болатын себебі суда магний мен кальций тұздарының болуына байланысты. Әртүрлі қоспа концентрациясының жоғарылауы денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін. Көбі кран суының сапасын жақсарту үшін түрлі үй жағдайындағы әдістерді қолданады: суды бірнеше сағат тұндырады, күміс заттар қосады немесе белсендірілген көмір сүзгілерін пайдаланады. Ең қауіпсіз әдіс деп үй сүзгісін орнату немесе бөтелкедегі суға тапсырыс беруді айтуға болады» дейді сарапшы.
Осыдан үш жыл бұрын әлеуметтік желіде астаналықтар ауыз-судан жағымсыз иіс шығатынын жазып, жаппай шағымданған еді. Сол кезде Нұр-Сұлтан қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментін басқарған Сәдуақас Байғабылов себебін былай түсіндірген: «Биыл су қоймасындағы шағын балдырдар өте белсенді гүлдеді. Ауыз судың жағымсыз иісін сонымен байланыстырып отырмыз. Елорда тұрғындары көгергеннің, балшықтың, топырақтың иісі шығады деп шағымданды. Соңғы рет елордалықтар дәл осындай шағыммен 2011 жылы арызданған болатын. Дәп сол жылы да балдырлар көп гүлдеді. Судың жағымсыз иісі болса да, денсаулыққа еш қаупі жоқ. Ол күн суыта жоғалады».
Қазақстан әлемдік рейтингте 54-орында
Мысалы ауыз су сапасын анықтайтын әлемдік рейтинг бар. 179 елдің ішінде Қазақстан 54-орынға жайғасқан. Рейтинг қалай түзіледі? Клиникалық тұрғыдан тіркелген ауру жағдайларына ішіп отырған суы себеп болуы мүмкін кездер есепке алынады. Әлемдегі ең таза су Аустрия, Финляндия, Грекия, Исландия, Ирландия, Мальта, Нидерланды, Норвегия, Швейцария және Ұлыбританияда. Бағалау көрсеткіші жоғары болған сайын, су сапасы да жоғары болады. Посткеңестік елдер ішінде суы таза елдер көшін Беларусь бастайды. Нәтижеге көз салсақ, Қазақстанның көрсеткіші — 56 ұпай. Бұл дегеніміз ауруы ауыз-судан болған жайттардың тіркелгенін көрсетеді. Түрлі дертке шипа болатын судың да құрамы таза болмаса, кесірі тиетініне дәлел бұл.
Ауыз суға қатысты айта берсе, мәселе көп. Әкімдіктің ресми жауабында елорда тұрғындары су қысымы төмен екеніне және көп пәтерлі тұрғын үйлердің жоғары қабаттарында ауыз су болмай қалатын кездің жиі болатынына жиі шағымданады деді. «Ашық диалогтан» мұндай бірнеше мысал келтіруге болады. Ал бұған не себеп? Жауапты мекеменің айтуынша, суды барынша көп тұтынатын уақытта, яғни, таңертең, кешке, мереке және демалыс күндері қысым төмендейді екен. «Бұл жағдай елорда халқы санының өсуіне және азаматтық-тұрғын үй мақсатындағы объектілерді қарқынды салынуына байланысты» делінген жауапта.
Материал әзірлеу барысында бірнеше елордалық тұрғынмен тілдестік. Көпшілігі құбырдан келіп тұрған суды ыдыс пен кір жууға пайдаланумен шектелетінін айтып отыр. Денсаулығын ойлағандар сатып алып амалдайды. Дегенмен су аппараттарындағы су бағасының күрт көтеріліп кеткеніне наразы. Ал баға бекітуге әкімдік араласа алмайтынын айтып отыр. Су құбырларын кәсіпкерлік субъектілері, көбінесе шағын бизнес орнатады. Ал ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 14 және 18-баптарына сәйкес, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік істеріне негізсіз араласуына жол берілмейді. Сондай-ақ, осы қызметтерге бағаларды бекіту мемлекеттік органдардың құзыретіне жатқызылмаған. Демек, алдағы уақытта литрін 20 теңгеден де қымбатқа сатса, кәсіпкердің өз еркі деген сөз.