Тоқаевтың Бакуге сапары немесе Қазақстан ескі де жаңа маршруттың әлеуетін қалай пайдаланбақ?

Жарияланды
Транскаспий дәлізі – басым бағыт

Қазақстан мұнайының 90 пайызын экспортқа шығарып беріп отырған Каспий құбыр консорциумы (КТК) жыл басталғалы 4 рет мінез көрсетіп, тоқтап қалғаннан кейін балама бағыт іздеу өзекті мәселеге айналды. Сол ретте Транскаспий дәлізі жиі атала бастады. Көп өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі осы бағытқа басымдық беретінін анық аңғартты.

«Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін», деген еді Мемлекет басшысы.

Транскаспий дәлізі – Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі акваториясы, Әзербайжан, Грузия арқылы Түркияға, одан әрі Еуропаға жол бастайтын транспорттық маршрут.

24 тамыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға ресми сапармен барды және Илхам Әлиевпен бірге бірқатар маңызды жобаларға қол қойды. Әрине, сапар аясында Транскаспий дәлізі туралы келісім сөз болмауы мүмкін емес. Тіпті, осы сапардың түпкі мақсаты да сол болуы әбден мүмкін. Өйткені біз үшін қазір жедел қимылдап, мұнай тасымалдауын әртараптандыруға күш салатын уақыт.

Фото: akorda.kz

Сапар барысында «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы мен Баку порты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. ҚТЖ баспасөз қызметінің ақпарынша, меморандум екі елдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы транзиттік жүктерді тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум да тың бағыттың көсегесін көгертуді меңзейді.

«Бүгін біз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың көлік-логистикалық саласын дамыту туралы егжей-тегжейлі талқыладық. Жан-жақты талдап, екі ел үкіметтеріне тиісті тапсырмалар берілді деп айта аламыз және бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілетініне күмән жоқ. Қалай болғанда да, Қазақстан тарапында ынтымақтастықтың бұл түрін дамытуға қызығушылық жоғары», деді Президент Тоқаев.

Президенттер кездесуіне дейін пікір білдірген «Южный Кавказ» зерттеу орталығының басшысы Фархад Мамедов екі ел арасын тікелей жалғайтын құбыр қажеттігін айтады.

«Баку – Тбилиси – Жейхан» мен «Баку – Супса» құбырлары қазір жартылай қуаттылықпен жұмыс істеп тұр. Бізге қазір осы инфрақұрылымды толықтыру керек. Бірақ Қазақстан мен Әзербайжан арасында құбыр желісі жоқ болғандықтан шектеулі түрде танкермен тасуға мәжбүр», дейді ол.

Қазір біз Транскаспий дәлізіне тек Ақтау мен Құрық порты арқылы ғана қатысып отырмыз. Екеуінікін қоса алғанда өткізу қуаты жылына 21 млн тоннаны ғана құрайды.

«Қазақстан осы жерде Транскаспий үшін «тар тесік» саналады. Тесікті тез арада кеңейту қажет. Порттардан басқа, бізде Достық – Мойынты, Алматы торабы бойынша темір жолдардың өткізу мүмкіндігі шектеулі. Ал Каспий теңізінде сауда флотымыз өте шағын, яғни паромдар, контейнерлік кемелер жетпей жатыр. Әзербайжанда да осындай «тар тесіктер» бар. Оларда порттағы ауыстырып тиеу инфрақұрылымы тым кішкентай. Сонымен бірге фитингтік платформалар дефициті байқалады. Тоқаев пен Әлиев осы кептеліс проблемасын шеше ала ма? Қазақстан Президенті бұған аса мүдделі. 2022 жылдың бес айында ғана ТМТМ бағыты бойынша 732,5 мың тонна жүк тасымалданған. Яғни, 2021 жылға қарағанда 2,5 есе өсім бар. Биыл жоспар бойынша 3,2 миллион тонна өтеді деп жоспарланған. Егер тарифтік бірыңғай кеңістік қалыптасса, осы көрсеткішті 10 есе арттыруға болады», деп жазады телеграмдағы dalainside каналы.

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің айтуынша, жақын аралықта Зангезур дәлізі ашылады. Бұл Армениямен келісімде бар дүние. Қарабақ пен Нахичеванды жалғайтын бұл дәліз арқылы Қазақстан Түркияға шығуға мүмкіндік алмақ.

«Жалпы Әзербайжанның біз үшін маңызы артып келеді. Біз Әзербайжан арқылы Грузияға шығып, Грузия порттары арқылы Қара теңізбен Батыс Еуропаға бет алсақ болады. Екінші жол Әзербайжанның Қарабағы арқылы Зангезур дәлізімен өтіп, Нахичеванға жетіп, Түркияға барсақ болады. Бұл дегеніміз ары-бері тауар жөнелту, ақша және кәсіп жасау мүмкіндігі, экономикаға серпін берудің бір жолы деген сөз», дейді сарапшы.

Фото: portaktau.kz

Бұған дейін Reuters Қазақстан Әзербайжан арқылы мұнай экспортына білек сыбана кірісті және оның көлемі тәулігіне 100 мың баррель болады деп ақпарат таратқан еді. Жазуынша, «ҚазМұнайГаз» бен Әзербайжанның мемлекеттік компаниясы – SOCAR жылына 1,5 млн тонна мұнай сату мәселесін талқылап жатыр. Ал 2023 жылы Қазақстан Әзербайжан құбыры арқылы Грузияның Супса портына 3,5 млн тонна мұнай жеткізуге ниетті.

«Қазақтеңізкөлікфлоты» ЖШС басшысының орынбасары Сәкен Сағатұлының айтуынша, Транскаспий – тек мұнай тасымалын әртараптандырып қоймайды, сонымен бірге ел экономикасына серпін береді.

«КТК арқылы мұнай экспорттаған кезде тек құбыр иелері ғана пайда тапса, Транскаспий маршрутына қазақстандық активтер – ҚТЖ, Ақтау порты, ондағы терминал, теңіз флоты, тағы бір қазақстандық актив болып саналатын Батуми порты қатысады. Яғни, қаншама отандық компаниялар қосымша табыс табады, көбірек салық төлей бастайды, жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі туады. Біздің есебіміз бойынша, Транскаспий маршруты үшін 10 танкер құрылысы қажет болады. Демек біздің кемелерде жұмыс істеу үшін 280 адам керек. Осы қисынға сүйенсек, Транскаспий бағытын жүзеге асыру көліктік-транзиттік әлеуетті дамытумен қатар, мұнай экспорттау бағыттарын әртараптандырады, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын құру арқылы батыс өңірінің экономикасының өсуіне ықпал етеді деп нақты айта аламыз», дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыз