«Бір айлық абонементтің бір аптасы «күйіп» кетеді»

Жарияланды
Етеккір кезінде әйелдер құқығы бұзылатынына наразы

14 жастағы Зейнептің ата-анасы жазғы демалыс кезінде жүзуді үйренсін деп бассейнге бір айлық абонемент алып береді. «Алғашқы айда мынадай жағдайға тап болдық. Қызыма етеккірі келгендіктен, ол күндері жаттығуға бара алмай қалды. Спорт орталығының әкімшілігі келмеген күндерінің ақысы  қайтарылмайтынын айтты. Әрине, бұл ретте орталыққа қояр арыз-талабымыз жоқ. Дегенмен осы мәселе заң жүзінде шешіліп, бәріне бірдей тәртіп орнатса,  жақсы болар еді» дейді Зейнептің анасы.

Кейіпкеріміздің ата-анасы араға таныс салып, одан кейінгі айларда жаттығу уақытын ұзартуға келіскен. Иә, таныс арқылы бір амалын табуға болады. Ал енді келіспей қойса ше? Заңда көрсетілмегендіктен, құлағына ілмесе де ерікті. Мәселені мына тұрғыдан қарастырайық. Ерлер де, әйелдер де абонементті бірдей бағамен алады. Айталық, бір жаттығу құны орта есеппен 4 мың теңге шамасында. Яғни айына 12 рет яки аптасына үш рет баратын болса, айлық ақысы — 48 мың теңге. Әйелдер денсаулық жағдайына байланысты екі не үш жаттығуға бара алмай қалса, демек 10 мың теңгеден астам қаражат желге ұшады деген сөз. Етеккір кезіндегі мәселелер туралы ұсынысты «Ашық диалог» порталынан көзіміз шалды. Ол жерде қолданушы әйелдің денсаулығына байланысты қатыса алмай қалатын жаттығулары проблемасын ғана емес, жұмыстан төленетін демалысты да қарастырса деп тілек білдірген. 22 тамыз күні жарияланған өтінішке жауапты орган әзірге жауап беріп үлгермеген. Біз болсақ, осы мәселені талдап көрдік.

Скриншот dialog.egov.kz сайтынан алынды

Менструация кезінде ауырып, бүктетіліп қалу сезімі әйелдерге жақсы таныс. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті ғалымдарының жүргізген сауалнамасы нәтижесінде әрбір екінші әйелдің етеккірі ауырып келетіні белгілі болды. Сондықтан олар ауырғанды басатын дәрі ішуге мәжбүр. Ал 17 пайызы тіпті бүк түсіп, жатып қалады. Медицинада мұны «дисменорея» деп атайды. Қазақстандағы дисменореяның медициналық-әлеуметтік аспектілерін зерттей келе (авторлары: С.Ш. Исенова, А.М. Сапаралиева, Б.И. Әбдіқалықова, Г.Ж. Бодықов) ғалымдар елімізде әйелдердегі дисменорея жиілігі 70 пайыз, яғни жоғары деген қорытынды жасаған. Етеккірі ауырып келетін әрбір төртінші қыздың циклі тұрақсыз. Авторлар мұның әлеуметтік аспектілеріне қатысты мынадай ұйғарымға келген: еңбекке қабілет болмай, жүріс-тұрысы қиындайды. Соған байланысты сабақтан не жұмыстан қалуға тура келеді. Респонденттердің жартысы ауырған кезде шыдай алмай, дәрі ішеді. Оның ішінде ауырғанды басу үшін 45 пайызға жуығы интернеттен ақпарат іздесе, әр алтыншы әйел құрбылары не анасынан сұрастырады. 13 пайызы ғана медициналық көмекке жүгінеді.

Етеккір кезінде жұмыстан төленетін демалыс алу мәселесіне қатысты түрлі пікір бар. Бұл тақырыпта жасалған зерттеулерді шолып шығайық. Мәселен, Рейчел Левитт пен Жессика Бернек-Тавларис жүргізген зерттеуде төленетін еңбек демалысына шығуға рұқсат ету арқылы әйелдердің өз денсаулығына ұқыптырақ қарап, дәрігерге көрінуіне уақыт табуына мүмкіндік берер еді деген қорытынды жасаған. Ал енді таяқтың екінші ұшы туралы Селли Кингтің ғылыми мақаласында бар. Мұнда автор демалысқа сұрану дискримнацияны күшейтеді деген пікірде. Атап айтқанда, жұмыс берушілер еңбек демалысы үшін ақы төлеу керегін, әйелдердің кей күні жұмысқа келмей қалатынын, денсаулығы ерлерге қарағанда нашар дегенді негізге ала отырып, ерлерді қызметке алған дұрысырақ деп шешуі мүмкін дейді. Дегенмен Селли Кинг демалысты құптамайды деген сөз емес. Гендерлік мәселелерге қатысты жүргізген зерттеуде мұндай саясатты алға тарту әйелдердің жұмыстағы құқығына және денсаулығын нығайтуға жағымды әсер береді деген ұйғарым жасаған. Мысалы үндістандық Culture Machine компаниясы First day of period leave енгізген. Яғни етеккірдің алғашқы күнінде демалыс алуға рұқсат берген. Ондағы қызметкер әйелдерден сауалнама алғанда, нәтижесінде көпшілігі бұл бастамаға оң көзқарас танытқан. 

Бүгінде аталған саясат Тайвань, Қытай, Оңтүстік Корея, Индонезия, Замбия, Мексика және Чилидің бірқатар компаниясында бар. Ішкі ережелеріне етеккір кезінде демалыс алуды енгізген компаниялар қатарында Coexist (Ұлыбритания), Culture Machine (Үндістан), Gozoop (Үндістан) және Victorian Women’s Trust (Аустралия) және т.б. бар. Замбияда айына бір рет демалыс алуға рұқсат беірледі. Мұны олар «Аналар күні» деп бекіткен. Яғни менструация циклінің репродуктив қабілетпен тікелей байланысын осылай көрсетуге тырысқан. Чили мен Мексикада дәрігерден дисменорея немесе эндометриоз кезінде анықтама апару керек деген ереже бар. Қытайдың Хубэй, Шаньси, Нинся провинцияларында бүгінде еңбек демалысына қатысты ұсыныс жасалып жатыр. Индонезияда айына екі күн жұмысқа келмесе болады. Еуропа елдерінде заңмен бекітілген саясат жоқ. 2017 жылы Италияда осындай ұсыныс жасалған. Бірақ қабылданбады. Биыл көктемде Испания үкіметі де төленетін еңбек демалысын енгізу мәселесін көтерді.

Қазақстандағы ахуал қандай? Әлеуметтанушы Жаннұр Ділдәбаева бізде заңмен шегелеу керек деген пікірде. «Испания мысалын қарастырайық. Ол жақтағы заңнамаға сәйкес, менструация кезінде әйел ауырса, төленетін еңбек демалысын алуға болады. Ал Қазақстанда әйелдердің осы етеккір кезіндегі құқығын қорғайтын еш заң жоқ. Қарапайым мысалы, бассейн абонементіне байланысты жағдай болса, өтемақы қарастырып не күнін созып беретін ереже қарастырылмаған. Оңтүстік Кореяда бұл жағдай реттелген. Егер әйел абонемент алып, цикл кезінде бара алмай қалса, қосымша бес күн беріледі немесе келесі айға 5 пайыздық жеңілдік ала алады. Мұндай заң гендерлік теңдік және әділдік орнату үшін керек» дейді сарапшы.

Заңмен реттелмесе де, еліміздегі кей ұйымдар мен компаниялар ішкі ережесі бойынша әйелдердің етеккірі келгенде демалуына рұқсат береді. MediaNet Халықаралық журналистика орталығы директорының орынбасары Думан Смақов аталған ережені құжат жүзінде бекіткендеріне 4 жылға жуық уақыт болып қалғанын айтып отыр:

«Ұжымдағы әйелдерге менструация циклі кезінде үш күн қашықтан жұмыс істеуге немесе тікелей бағынатын басшысына ескертіп, жұмысқа келмеуіне рұқсат етіледі. Жұмыста болмаған күндері үшін жалақысынан ұстап қалмайды. Сондай-ақ, егер осы себеппен жұмыстан сұранғанда басшысы жібермесе, арнайы комиссияға шағымдана алады. Мәселені қарастырған соң ережені бұзған қызметкерге қарасты санкциялық әрекеттер жасалуы мүмкін».

 Алдағы уақытта депутаттар бұл мәселені мінберден айтып қалуы да мүмкін. Сенат депутаты Ләззат Қалтаеваға хабарласып, пікірін сұрағанымызда, ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

«Әйел мен ердің жыныстық ерекшеліктеріне қатысты көп тақырып біздің қоғамда табу саналады. Бірақ ақыры гендерлік теңдік мәселесін көтеріп, мамандық таңдаудағы жыныстық шектеуді алып тастасақ, демек қоғамның басқа салаларындағы проблемалар да талқылануы керек деген сөз. Айталық, сәбилі аналардың да жұмыс істеуіне тең мүмкіндік жасалуы туралы. Польша парламентінде бала емізетін бөлме барын көргем. Болмаса, кеңселерде сәбилерге арналған кабинеттер жасап қоятындар бар. Ол жерде баланы күтуші қарайды. Сонымен бірге сіздер көтерген мәселе — абонементтер туралы айтсақ, бұл жерде ер мен әйелдің қызмет ақысын төлеуде құқығы тең емесін анық көріп тұрмыз. Бұл мәселелер Алда әлі көтерілетін болады деп ойлаймын. Өз басым барлығына тең мүмкіндік жасалуы керек деген ұстанымдамын, сол бағыттағы бастамаларды қолдаймын» деп ойын түйіндеді депутат. 

Әзірге менструация кезінде әйелдерге ақылы демалыс беру мәселесін заң шығаруға қатысатын тұлғалар көтермеді. Ал оған дейін қайтпек керек? Рейчел Левитт пен Жессика Бернек-Тавларис мынадай кеңестер ұсынады:

  • Менструация туралы талқылау. Ғалымдардың айтуынша, гетеро-патриархал мәдениетте онсыз да «етеккір кезінде әйелдерде «гормон ойнайды», сондықтан дұрыс шешім қабылдай алмайды» деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан адамдар арасында бұл тақырыпты айта берсе, бұл әйелдердің репродуктив денсаулығын сақтаудың маңызды бөлігі болар еді. 
  • Жұмыс кестесін ыңғайлау. Үйден істеу немесе бос уақытты көбірек беру сынды ережелер әйелдердің өзін жақсы сезінуіне әсер етеді. Ал жұмыс берушілерге болса, жұмыстан қалғандар мен еңбек этикасына көзқарасын өзгертуге көмектеседі. 
  • Демалыстан басқа балама ұсыну. Тынығуға арналған бөлме әзірлеуге болады. Жалпы ауырып тұрған кез келген адамға, физикалық, эмоциялық шаршап тұрғанға жағдай жасап, үзіліс беру керек. Жұмыстан бос уақытта қызметкерлердің диванға жатып ұйықтап алуына, шай ішуіне не тыныш жерде жұмыс істеуіне жағдай жасап көрсе, құба-құп.
  • Жуынатын бөлмеге тазалық құралдарын қойып қою. Сондай-ақ, ауырғанды басатын дәрілерді салып қойған жөн.

Жыл басындағы статистикаға сүйенсек, елімізде 9,84 млн әйел бар. Олардың еңбек нарығындағы үлесі жоғары. Мысалы экономикалық белсенді тұрғындардың 48,5 пайызы — әйелдер. Бұл дегеніміз әйелдердің ерлермен қатар жұмыс істейтінін білдіреді. Сөйте тұра менструация кезінде ауырсынса да, мойындағы міндетін істеу үшін жұмысқа баруға мәжбүр. Етеккір — ауру емес, физиологиялық процесс. Сондықтан оның ұзақтығын, келу уақытын олар өздігімен жоспарлай алмайды. Мұндайда әйелдің сөзін сөйлейтін, қалауына сай болатын заң керегі айқындала түседі.

Сондай-ақ оқыңыз