Инвестиция

Бизнеске 2-3 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грантты қалай ұтып алуға болады?

Жыл соңына дейін алты үміткердің 2-3 миллион теңге аралығында грант ұту мүмкіндігі бар

Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ASSYLTAS қоғамдық қоры ASSYLTAS бизнес гранты жобасын ұйымдастырып жатыр. Бұл жоба 2021 жылдың қаңтар айынан бері өтіп келеді. Жобаға азаматтар Қазақстан Республикасының барлық өңірінен қатыса алады.

2021 жылдан бері қоғамдық қор 11 жеңімпаз анықтаған. Бастапқыда жалпы қоры 24 миллион теңге болатын грант жобасы әр ай сайын екі жеңімпаздан анықтап отыруды көздеген. Олардың әрқайсына 1 миллион теңге көлемінде грант беруді шешкен. Дегенмен тәжірибе арқылы бұл сома стартап жобаларға әр кез тиімді бола бермейтіні анықталып, грант көлемін арттыру ұйғарылған.

Сондай-ақ бұған дейін грант жобасына 18 жас пен 35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алатын. Ұйымдастырушылар хабарлағандай, ендігі уақытта жас шектеуі жоқ.

«Бұл грант сіздердің жаңа бизнес-идеяларыңызды жүзеге асыруға немесе жүргізіп отырған кәсібіңізді дамытуға көмектеседі деп сенемін. Әрі бұл жоба бизнесті қазақ тілінде дамытуға бағытталған. Бұл тек экономикамызды ғана емес, тілімізді де дамытса деген ниеттен туындап отыр», – дейді қоғамдық қор құрылтайшысы, меценат Дулат Тастекей.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, байқауға қатысу кезінде ЖК немесе ЖШС ашу міндетті емес. Бірақ байқау жеңімпазы атанған жағдайда кәсіпкерлікті тіркеу қажет болады. Бұл – бизнесті заңды жүргізу және грантты қолма-қол емес, компания есепшотына аудару мақсатында қойылып отырған талап.

Байқауға қалай қатысу керек?

Байқау кезінде үміткер үш құжат дайындайды. Олар:

  1. Грантқа арнайы қазақ тілінде жазылған бизнес-жоспар. Үміткер қордың аналитикалық бөлімі мен бухгалтериясы арнайы дайындаған Word форматындағы кестені толтыруы қажет. Онда табыс, шығын және таза кіріс жөнінде ақпарат беруге тиіс. Алдағы алты ай ішінде қандай табысқа шығатынын шамалап жазуы керек. Соның негізінде сарапшылар кәсіптің сұранысына, өтімділігіне, қатысушының потенциалына қарай баға береді.
  2. Бизнес-жоспарға, бизнес-идеяға қатысты 3 минуттық видеоролик әзірлеу қажет. Видеороликке үміткердің өзі түсуі керек және хронометражды қатаң сақтауға тиіс. Видеороликтер тек горизонталь форматта қабылданады. 3 минут көлемінде үмкіткер өзін қысқаша таныстырып, мақсатын, не себепті осы бизнесті жүргізгісі келетінін, оны қандай құралдар арқылы дамыта алатынын нақты айтып беруі керек. Сондай-ақ қанша сома қажет екенін және бизнесі өзіне, тұратын өңіріне қандай пайда әкелетінін айтып өтуіне болады. Бизнес тек идея сатысында тұрған болса, видеоны аталған форматта жолдауға болады. Егер бизнесіңізді бастаған болсаңыз, онда өніміңізді міндетті түрде бейнероликте көрсету керек. Ұйымдастырушылар үміткердің салаға қызығушылығын, талпынысын байқауды көздейді. Сол себепті барынша қиялыңызға ерік беріңіз. Видеороликтер MP4, MOV форматтарында және қабылданады. Бұлт сервистеріндегі сілтемелер мен YouTube-ке салынған жабық сілтемеді роликтерді де жолдауға болады.
  3. Excel кестеде табыс және шығын көзін толыққанды толтырып, нұсқау қажет. Кестеде кәсібіңіздің кейінгі алты айдағы табыс мөлшері, өндіріс барысында жұмсалған шығындар, өзіңіз жайлы толық сауалнаманы толтыруыңыз қажет. Жобаңыз тікелей кесте көрсеткішіне байланысты. Бұл кесте қаржыны мақсатты түрде қайда жұмсайтыныңызды аңғартады.

Ұйымдастырушылар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да басымдық берілетінін хабарлады. Алдағы уақытта оларға квота беру мәселесі де қарастырылуы мүмкін.

Айта кеткен жөн, барлық құжат тек қазақ тілінде қабылданады.

Грант байқауына қандай бағыттар бойынша қатысуға болады?

  1. Өндіріс (шикізат, құрал-сайман, т.б.);
  2. ІТ-технологиялар, ІТ-бағдарламалар (гаджеттер, баптаулар, мобайл қолданбалар және т.б.);
  3. Қазақ тілін дамыту;
  4. Ұлттық өнер;
  5. Салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Идеяның өзектілігі, ерекшелігі маңызды роль атқарады. Тәжібиеден бұрын сол саланы қаншалықты түсінетіңізге, оны қаншалықты зерттегеніңізге назар аударылады. Қоғамға және өзіңізге қаншалықты пайдалы болатыны да ескеріледі.

Қоғамдық қордың басты мақсаты – Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосу. Жыл көлемінде грант жобасы аясында 20 миллион теңге қарастырылған. Әр жеңімпазға бизнес-идеяның ерекшлегіне байланысты 2-3 миллион теңге көлемінде грант беріледі. Биыл сегіз грант сарапқа салынады. Бұған дейін екі грант иегері анықталып үлгерді. Жыл соңына дейін 6 үміткердің грант ұту мүмкіндігі бар.

Байқау аяқталған соң жеңімпаздармен екіжақты келісімшарт жасалады. Соның негізінде 60 жұмыс күні беріледі. Іріктеу кезіндегі бизнес-жоспарда көрсеткен барлық іс-әрекетті сол аралықта жүзеге асыру қажет және мерзімді түрде есеп беру отыру керек.  

Тағы бір ескеретін жайт, әр үміткерден тек бір жоба идеясы қабылданады.  

2022 жылдың қыркүйек айында іріктеу жүргізіліп, қазан айының 10-ына дейін екі жеңімпаз анықталады. Байқау одан кейінгі айларда да жалғасын табады. Қоғамдық қор жыл соңына дейін әр ай сайын екі грант табыстауды жоспарлап отыр.

Өтінімді қайда жолдау қажет?

Аssyltas.kz сайтының бірінші бетіндегі бизнес грантқа «Өтініш беру» батырмасын басып, жеке деректеріңізді қалдырасыз. Дерек байланыс орталығына түскеннен кейін мамандар сізге хабарласады.

Грант жайында толық ақпаратты мына нөмірге хабарласып біле аласыз: 8 747 416 70 42.

Сондай-ақ қоғамдық қордың сайтынан және әлеуметтік желідегі ресми парақшасынан да қосымша мәлімет алуыңызға болады: assyltas.kz, @assyltas_foundation.