Бүгін Үкімет отырысында Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі заң жобалары қаралды. Осы жиында баяндама жасаған ҰЭМ министрі Әлібек Қуантыров ел экономикасы дамуының үш сценариін ұсынды, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
Министрдің айтуынша, сыртқы және ішкі параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған үш сценарийі (базалық, оптимистік және пессимистік) әзірленді.
«Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне $85 деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4%. Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне $110, АҚШ долларының бағамы – 440 теңге деңгейінде анықталды. Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2 % деңгейінде болжануда. Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне $60 және ЖІӨ-нің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5%-ды құрайды», — деп түсіндірді ұлттық экономика министрі.
Инфляция барлық сценарийде 2023 жылы 7,5-9,5% деңгейінде, 2024 жылы – 4-5% деңгейінде, кейіннен 2025-2027 жылдары 3-4%-ға дейін төмендейді деп белгіленді.
Министрдің айтуынша, бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Осы сценарийге сәйкес ЖІӨ-нің нақты өсуі 2023 жылғы 4%-дан 2027 жылы 4,2%-ға дейін жеделдейді. Номиналды ЖІӨ 120,7 трлн теңгеден 177 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық базалық салаларында оң өсу күтілуде.
Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 3,1%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 3,5%-ды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 2,9%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсуі 3,9%-ды құрайды. Құрылыс саласының болжамды өсуі орта есеппен 3,8%-ды, сауда – 5,7%-ды құрайды.
«Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 100 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық Банктің болжамы бойынша экспорт $81 млрд-тан $84,6 млрд-қа дейін, импорт $45,7 млрд-тан $53,5 млрд-қа дейін өседі», — деді ұлттық экономика министрі.
Республикалық бюджет пен Ұлттық қордың келесі үшжылдыққа арналған параметрлерін қалыптастыру кезіндегі негізгі лейтмотив Мемлекет басшысының үнемді және жауапты бюджет саясаты тұжырымдамасын қамтамасыз ету бойынша қойған міндеттерін іске асыру болды.
Осылайша, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері бюджет саясатының кіріс базасын толықтырудың жаңа көздерін жинақтау және бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру бағдарын ескере отырып айқындалған.
2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) болжам бойынша ағымдағы жылдың нақтыланған жоспарынан 36,4%-ға өсумен 13,9 трлн теңгені немесе ЖІӨ-ге қатысты 11,5% деңгейін құрайды. Жоспарлы кезеңде олардың 2025 жылға қарай 16,2 трлн теңгеге дейін немесе 17,2%-ға өсуі күтіледі.
«Республикалық бюджетке түсетін қосымша түсімдер кіріс базасын кеңейту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін азайту бойынша Үкімет қабылдап отырған шаралар есебінен қамтамасыз етіледі», — деді Ә. Қуантыров.
Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджет қағидасымен шектелген, болжам бойынша олар мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтар көлемінен аспайтын болады.
Үкіметтің 2022 жылға арналған дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының іс-шараларын және Мемлекет басшысының шешімі бойынша ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан 2023 жылы 1 трлн теңге және 2024 жылы 400 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарлануда.
«Республикалық бюджет шығыстары 2023 жылғы 21 трлн теңгеден 2025 жылы 22,7 трлн теңгеге дейін біртіндеп ұлғаяды деп болжануда. ЖІӨ-ге қатысты олардың 2023 жылғы 17,4%-дан 2024-2025 жылдары 16,2-15,5%-ға дейін төмендеуі болжанып отыр. Жалпы, контрциклдық бюджет қағидасын қолдану жоспарлы кезеңде республикалық бюджет шығыстарының өсу қарқынын ЖІӨ-ге қатысты 16,4% деңгейінде тұрақтандыруды қамтамасыз етеді. Бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге қатысты 2023 жылы 2,7% деңгейінде одан әрі 2024-2025 жылдары 2,6 және 2,5%-ға дейін төмендете отырып, айқындау ұсынылады. Мұнай емес тапшылық деңгейі ЖІӨ-ге қатысты 2023 жылы 6,8%-дан 2025 жылы 5,3%-ға дейін төмендеумен болжанады, бұл Ұлттық даму жоспарының мәніне сәйкес келеді», — деді Ә. Қуантыров.
Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі республикалық бюджеттің параметрінде ескерілді.