Әлімханұлы орта салмақтағы толыққанды әлем чемпионы атанды
Жарияланды
WBO Әлімханұлының чемпион мәртебесі туралы ресми шешім қабылдады
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша толық әлем чемпионы деп жариялау туралы ресми шешім шығарды. Бұл туралы Sports.kz сайты хабарлады.
Нақты шешім бұрынғы титул иегері Деметриус Андраде 2022 жылдың мамыр айынан бастап «уақытша» чемпион мәртебесіне ие болған Әлімханұлына қарсы шығудан бас тартқаннан кейін қабылданды.
Оның орнына америкалық супер орта салмаққа өтіп, британдық Зак Паркермен «уақытша» WBO белбеуі үшін жұдырықтасуды ұйғарды. Ұйым жекпе-жекке рұқсат беріп, тараптарға келіссөз жүргізуге уақыт берді.
Осылайша, WBO ережесіне сәйкес Жәнібек Әлімханұлы «уақытша» чемпионнан WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы толыққанды әлем чемпионы мәртебесіне көтерілді.