Қазақстан әлемде арзан тұрғын үй бойынша ТОП-10-ға кіреді. Баспана бағасы қолжетімді ме?

Жарияланды
Соңғы айларда сатып алу-сату мәмілелерінің азайғаны байқалады

Қазақстан тұрғын үй құнының арзандығы бойынша әлемде үздік он елдің қатарына кіреді екен. Numbeo дерегіне сәйкес, Қазақстанда қала ортасындағы үйдің шаршы метрі орташа 927,2 долларға (439 мың теңге) бағаланады. Бұл 106 елдің ішіндегі 10-шы көрсеткіш.

Ranking дерегі бойынша ТОП-10 қатарына ТМД елдері ішінен Қазақстаннан басқа ел енбеген. Тағы бір қызығы арзан үйлер негізінен тұрмыс деңгейі мен әл-ауқаты бізден әлдеқайда төмен елдерде тіркелген. Үздік үштіктегі Пәкістанда тұрғын үй шаршы метрі – 585 доллар, Египетте – 618,2 доллар, ал Венесуэлада 672,1 доллар.

ТМД елдерінің ішінде біршама демократиялық баға Молдовада (1047,9 доллар) және Өзбекстанда (1083,4 доллар) тіркелген. Екі елде де халықтың табысы Қазақстаннан аз. Шаршы метрі Қазақстаннан қымбат елдер ішінде мыналар бар – Украина (1181,9 доллар), Әзірбайжан (1306,6 доллар), Белорусия (1629,1 доллар), Армения (2228,1 доллар) және Ресей (3258,2 доллар).

Ең қымбат шаршы метр және ең қымбат үй бағасы – Гонконг, Сингапур және Оңтүстік Кореяда.

«Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй арзан ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға салыстырмалы түрде қолжетімді екендігі одан да маңызды. Біз қала орталығындағы тұрғын үйдің шаршы метрінің құны мен қарастырылып отырған 106 елдегі «таза» (яғни салықтан кейінгі) айлық жалақыны осы жалақы сатып алуға болатын «шаршы» саны бойынша салыстырдық. Бір қызығы, ең арзан баспанасы бар елдердің ешқайсысы баспананың қолжетімділігі бойынша алғашқы он елдің қатарына енбеген. Қазақстанның позициясы біршама тәуір – ТМД елдері ішінде ең үздігі. Қазақстан 106 елдің ішінен 31-орын алады. Республикада «таза» орташа жалақыға орташа 0,45 шаршы метр алуға болады», деп жазады Ranking.

Krisha.kz ақпараты бойынша соңғы айларда сатып алу-сату мәмілелерінің азаюы байқалады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, шілдеде 30 393 мәміле жасалған. Бұл бір ай бұрынғыдан 2 пайыз, ал бір жыл бұрынғыдан 34,3 пайызға аз. Осыған дейін ең көп мәміле желтоқсан айында тіркеліп келді. Ресми статистика бойынша ол кезде мәміле саны 94 988-ге жеткен. Биылғы ең жоғары көрсеткіш – наурыз айының еншісінде: 67 801 мәміле. Сұраныстың күрт төмендеуіне қарамастан тұрғын үй нарығындағы баға тез құлап жатқан жоқ. Тіпті, өткен аймен салыстырғанда сату және жалға беру құны өскен:

  • Бастапқы нарық – 0,5 пайызға;
  • Қайталама нарық – 0,8 пайызға;
  • Аренда – 0,4 пайызға.

«Қазақстандағы шаршы метр құны өте ауқымды. Ал азаматтарда ондай ауқымды ақша жоқ. Бәрінің ақшасы ең бірінші қажеттіліктегі тауарларға жұмсалады. Оның үстіне жалақы да жедел өсіп жатқан жоқ. Нәтижесінде, сатушының ықыласы мен сатып алушының мүмкіндігі сәйкеспей қала береді. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген ипотекалардың арқасында сатушылар үй бағасын біраз жерге апарып тастады. Тек бірінші жарты жылдықта елімізде пәтерлер 7 пайызға қымбаттаған. Жылдық мәнде жаңа құрылыс бағалары 20 пайызға өскен. Үздік үштікте – Ақтөбе (+33 пайыз), Нұр-Сұлтан (+28 пайыз) және Өскемен (+26 пайыз). Негізінен 2 бөлмелі үйлер сұранысқа ие. Ал баға төмендеуі мүмкін бе? Сәуірден бастап баға қарқыны біртіндеп баяулаған. Негізгі себеп – зейнетақы ақшасын пайдалану бағдарламасының тәмамдалуы. Бірақ бәрі де әлі нақты емес, баға біресе көтеріледі, біресе қайта түседі. Әсіресе, қайталама нарықтағы құлдырау көзге ұрады. Былтырмен салыстырғанда бұл нарықтағы сатып алу-сату мәмілелері үштен бірге азайған. Мұндай құлдырау барлық өңірде байқалады. Құлдыраудың тағы бір белгісі – Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының мәлімдемесі. Осы жылы күзде құрылыс компанияларының 15 пайызы банкротқа ұшыруы мүмкін екен», дейді телеграмдағы InvestFuture_kz каналы.

RiskTakersKZ сарапшыларының айтуынша, нарықтағы бағаның төмендеуі құрылыс компанияларының төлем қабілетіне қысым жасайды.

«Тағы бір тежеуші фактор – жоғары базалық ставка және банктердегі депозит бойынша ставка. Бұл азаматтардың тұтынуға бейімділігіне әсер етуге, теңгерімді жинақтарға қайта бөлуге мүмкіндік береді. Қазіргі жағдайда уақыт депозиттер бойынша табыс табатын әлеуетті сатып алушылардың жағында болады, ал нақты бағалар төмендейді. Құрылыс саласын қолдайтын фискалдық импульстарды да азайту керек, өйткені бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен азайту маңызды. Бұл енді жылжымайтын мүлік нарығында одан әрі салқындатуды күтуге толық негіз бар дегенді білдіреді. Біз өсу үрдісінің кері кеткеніне өте қуаныштымыз», дейді сарапшы.

Еске салсақ, осыған дейін Ұлттық Банк барлық ипотекалық мемлекеттік бағдарламалардың аяқталуы үй бағасын арзан етеді деп пікір білдірген еді.

Нарық сарапшыларының болжауынша, қазір тұрғын үй нарығына құрылыс материалдарының бағасы және сұраныстың маусымдық төмендеуі әсер етіп тұр. Сондай-ақ компаниялар клиент табу үшін және салада қалу үшін бағаны төмендетуге мәжбүр. Күзде 15-20 пайыз құрылыс компаниясы банкротқа ұшырауы мүмкін деген болжамның іске асу ықтималдылығы өте жоғары.

Сарапшылар тамыз-қазан аралығында нарық қыза түседі деп күтеді. Әсіресе, қайталама нарықтағы сауда-саттық жанданады. Ал күзде баға түседі деп үміттену бекер секілді. Баспана бағасының арзандауы келер жылы орындалуы бек мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз