Биылғы күз қызық болады: Кезектен тыс президент сайлауы не үшін қажет болды?

Жарияланды
Президенттің өкілеттік мерзімі қысқарды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 1 қыркүйек күні халыққа арнаған жолдауында күзде кезектен тыс президент сайлауының өтетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, әділетті Қазақстанды құру жолында кешенді реформаларды жүзеге асыру үшін жаңа сенім мандаты қажет болады. «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен жоғары. Сондықтан мен өзімнің өкілеттік мерзімімді қысқартып, кезектен тыс президенттік сайлауға баруға дайынмын» деді.

Ол сондай-ақ президент өкілеттілігінің мерзімі жайлы да ұсыныс білдірді. Бұдан былай Қазақстан Республикасының президенті бір мерзімге ғана – 7 жылға сайлана алады. Осы орайда сарапшылардың кезектен тыс сайлауға қатысты пікірлерін жинақтадық.

Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты:

Биыл референдум өтті. Бүкіл қоғам жаңаруды қалап отыр. Президенттің өзі де жаңашылдықтарды атқару үшін жаңа сенім мандаты қажет екенін айтты. Ол өз мандатын жаңартып, бүкіл жүйені қайта құрғысы келеді. Президент  теориялық тұрғыдан Мәжіліс сайлауының 2025 жылы өтетінін, бірақ көп адамдардың өзгерісті қазір қалап отырғанын және сайлауға қатысқысы келетінін айтты. Меніңше, бұл әділ шешім. Алдын ала бәрі хабарланды. Саяси нарыққа араласқысы келетін партиялардың уақыты бар. Кез келген саясаткер тіпті ертең немесе арғыкүні болатын сайлауға да дайын болуы тиіс. Сондықтан президенттікке кандидаттар дайындалып үлгере алады. Оларда президенттікке түсуге, тәжірибе жинауға, жаңа саяси партияларын тіркеуге уақыт бар. Өз басым қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаймын.

Ғазиз Әбішев, саяси сарапшы:

Ақорданың сайтындағы жолдаудың ресми мәтінінде: «Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ, қайта сайлануға тыйым салынады».

Біраз абзацтан кейін:

«Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын сайлаудан кейін Парламенттің қарауына ұсынамын. Парламент оң шешім қабылдаса, Отанымызда жаңа саяси дәуір басталады» деп жазылған.

Шынын айтсақ, бұл қосымша түсіндіруді талап етеді. Бұл жерде маңыздысы: Президент әуелі жеті жылдық мерзім туралы талап енгізеді, сосын, сайлаудан кейін, президенттің бір реттік мерзімі туралы. Не болмаса екі талап та президенттік сайлаудан кейін енгізіледі.

  1. Егер біріншісі болса, онда президент жеті жылдық мерзімге барады, содан кейін үшінші президент сайланады.
  2. Немесе екіншісі, Президент бес жылдық мерзімге барады, сайлаудан кейін өзгерістер енгізіледі және 2027 жылы Тоқаевта тағы да жеті жылдық мерзімге сайлануға құқық болады («нөлге айналдыру» нұсқасы)

Бұл сұраққа не «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның арнайы тармағымен, не берілген талап негізінде Қазақстан Республикасының Конституциялық соты жауап беруі керек.

Никита Шаталов, саяси шолушы:

Кезектен тыс президент сайлауын өткізудің ішкі және сыртқы себептері бар. Ішкі реформалар, ең алдымен, осы жылы саяси реформалардың ауқымды блогының аяқталуымен байланысты, ал президенттік билік параметрлерін өзгерту олардың астынан шекара сызады. Президенттік мерзім мөлшерін 7 жылға дейін ұзарту арқылы біреуге дейін қысқарту, бұл – мемлекет дамуының алдыңғы кезеңдерінің жауабы. Бұл оның реформаторлық ұстанымымен байланысты – ол теңсіздікті реттеуге, мемлекетті жемқорлықтан тазартуға бел буады. Бұл жерде, әрине, кеңейтілген мандат, оның ішінде уақыт жағынан да қажет. Бірақ оның ұстанымы өзгеріссіз қалады – уәде етілгендей екі мерзімнен артық емес. Яғни, Тоқаев елдегі тәртіпті мұрагеріне қалдырмақ.

Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы, экс-дипломат:

Кезектен тыс парламенттік сайлауға қатысты дау жоқ, ескі зейнеткер кадрлардан тезірек құтылу қажет. Бірақ президенттік сайлаудың заңды уақытына дейін бір жылдай уақыт қалғанда кезектен тыс сайлау өткізудің мәні бар ма? Сонымен қатар өткен референдумда президенттің суперөкілеттігі бекітілді. Осы референдумнан кейін қазіргі президент бүкіл сенім мандатын алған еді. Бұрын президенттің өз командасы болмады деген әңгіме айтылатын, бірақ сол команда оның бүкіл президенттік мерзімі кезінде де құрылмады. Маңызды лауазымдарда жаңа тұлғалар пайда болмады, әлі баяғы кадрлар отыр. Сондықтан сайлаудан кейін билік құрылымдарында жаңа адамдар пайда болады дегенге сену қиын. Елде проблема көп және сол проблемалар Тоқаевтың президент болып тұрған кезінде де шешімін таппады.

Мұхтар Түменбай, журналист:

Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау ұсынып Назарбаевтың ескі әдісіне көшті деп жатыр «білгіштер». Сарапшылар деп айтуға ауыз бармай тұр. Шын мәнісінде солай ма? Сәл-пәл зерделеп көрсек ше? Біріншіден, Назарбаев сансыз кезектен тыс сайлаулар ұйымдастырғанда өз президенттігін келесі екі мерзімге, содан соң тағы екі мерзімге ұзарту үшін жасап келді. Ал Тоқаев ендігі жерде президенттік өкілдікті бір ғана 7 жылдық мерзіммен шектеймін деп отыр. Екіншіден, Назарбаев кезекті сайлау науқандарын ұйымдастырғанда оның шексіз билігіне ешбір қауіп төнген жоқ болатын. Елдің ішкі саяси ахуалы мен экономикасы қалыпты жағдайда еді. 1991 жылды санамағанда. Онда да оған халық арасындағы тәуелсіздік эйфориясы мен альтернативсіз, конкурентсіз сайлау демеу болды. 1995 жылғы референдумдық сайлау  да сол қарқынмен өтті. Қалған сайлауларды биліктің ұйымдасқан, жұдырықтай жұмылған, айрандай ұйысқан, біртұтас гегемониясы қамтамасыз етті. Ал Тоқаев ел экономикасы терең кризиске ұшырап, инфляция күн өткен сайын шарықтап жатқан жағдайда, бұқара халық ашуға булығып тұрған шақта, ішкі саяси элита божырап, кландық тартыс асқынып, кімнің кімді қолдайтынын, кім кімнің жағында екенін түсініп болмайтын жағдайда президенттік сайлауды қайта өткізейік деп ұсынып отыр. Айырмашылығын шынымен сезбей отырсыздар ма? Сайлауды дәл осындай шақта өткізу ең алдымен Тоқаевтың өзіне қауіпті. Оның үстіне ел әлі «қаңтар қасіретінен» айыққан жоқ. Бір жыл да өткен жоқ әлі. Жаралар жазылмады. Және халықтың біршама бөлігі ол қанды қырғында бүлікші элиталық топтармен бірге Президенттің де кінәсі бар деп есептейді. Осындай жағдайда сайлау өткізу үлкен әрі қауіпті тәуекел. Олай болса Тоқаевқа кезектен тыс сайлау несіне керек? Жауап біреу ғана. Оған бастаған реформаларын аяғына жеткізу үшін уақыт керек.

Сондай-ақ оқыңыз