Кредитті өшіріп, тарихты жақсарту мүмкін бе?

Жарияланды
Әлеуметтік желіде мұндай хабарландыруды жиі көруге болады

Кейде қатты қысылғанда бір адам бірнеше жерге кредитке өтінім беруі мүмкін. Екінші деңгейлі банктер мақұлдамаса, микрозаймдарға жүгінеді. Онлайн рәсімдеу оңай әрі тез болғандықтан іздеу жүйесінде шыққан сайттарға кіріп, еш ойланбастан деректерін қалдыратындар бар. Одан қала берді өтінімді қабылдағандай көрсетіп, қызметіне ақы сұрайтын алаяқтар болатынын есте ұстаған жөн. Жалпы кредитке қатысты алданып қалмау үшін нені білуіңіз керек? Бүгін осы туралы талдайық.

«Кредитіңізді жауып беремін» десе, сенбеңіз

Қаржы алаяқтары уақыт өткен сайын алдаудың небір түрін ойлап табады. Әсіресе, экономикалық ахуал нашарлаған сайын айлығы жетпей, амалсыз кредит алуға мұқтаждар көбейеді. Мысалы интернеттен «кредит онлайн» деп іздесеңіз, сан түрлі сайт шығады. Сондай сайттың бірі болмаса бірі фишиң болатыны анық. Айталық, сайтқа өтінім қалдырған соң сізге онлайн-кредитор хабарласады. Сөйтіп 300 мың теңге беруге даяр екенін, бірақ алдымен кешіктіру сынды факторлардан сақтандыру үшін 60 мың теңге төлеуіңіз керек деуі мүмкін. «Сақтандыруға арналған соманы төлеген соң сізге курьер арқылы картаңызды жолдаймыз» дейді. Сеніп қалған адам 60 мың теңгесінен айырылады.

Келесі бір әдіс әлеуметтік желіде кең танылған. «Кредитіңді өшіріп береміз», «Қара тізімнен шығарып береміз» деген сыңайдағы жарнаманы көрген боларсыз? Қарызға батып, еш жерден кредит ала алмай жүргендер мұндайға оңай алданады. Жеңілдетілген онлайн-кредит алып беретін қызмет ұсынатындар да бар. Олар «пайыздық мөлшерлеме өте төмен» деп көрсетіп, қақпанға түсіреді. Ақыры алдап кететіндіктен, олар уәдені үйіп-төге береді. «Кредит тарихыңа қарамастан кредит мақұлдатып береміз» дейді. Алаяқтарға сізде зейнетақы салымдары бар ма, жұмыс істейсіз бе — маңызы жоқ. «Қара ниетті кредиторлар» кредиттік есептегі ақпаратты тазартамыз деген қызмет түрін ұсынады. Ол үшін азғантай ғана сома сұрайды. Сөйтіп сіз қуана келісесіз. Мерзімінен кешіктіріп төлегеніңіз не белгілі бір кредитті алғаныңыз туралы мәліметті өшіруді тапсырасыз. Ол қызметті алу үшін алаяқтар сізден құпия деректеріңізді суырып алады. Атап айтқанда, жеке бас құжаттарыңыз бен төлем картаңыздың нөмірі, CVV коды сынды басқалар білмеуі керек деректерді сұратады. Олар кредит тарихы әрі кетсе 5 жыл сақталады деп, одан асқан мерзімді кредиттерді өшіруге болады деп көндіреді. Ақыры сеніп қалып, әлгі құпия деректерді қолына ұстатсаңыз, онлайн-банкиң арқылы сіздің шотыңыздағы ақшаны алып алғанымен қоймай, ірі көлемдегі кредит рәсімдеп тастауы мүмкін. Ондайда басқа біреу менің атымнан алды деп сендіру қиын. Өйткені аталған мәліметтерді жарияламауыңыз керек.   

Онсыз да кредиті көп адамды алдап түсіретін ендігі бір тәсіл — қарыз бойынша міндеттемені өз мойнына алу. Яғни алаяқ сіздің басыңыздағы кредитті  өзі төлеп беретініне сендіреді. Ол үшін бар болғаны қарыз сомасының белгілі бір пайызын оған беруіңіз керек-мыс. Мәселен, сізде 500 мың теңге кредит бар. Егер оған 200 мың теңге берсеңіз, кредитіңізді жауып береді екен. Бір қарағанда ойға қонымсыз болғанымен, осыған сеніп қалатындар аз емес. Өйткені алаяқ сенімге кіріп, банкте танысы барын не өзінің сонда істейтінін айтады. Банк қызметкерлерінің кредитті өшіретін құзыреті бар деп сендіреді. Болмай бара жатса, «қарызды кешіруге қатысты акция жарияланды» дейді. Бір қызығы, сөзбен ғана айтпай, небір қитұрқы әрекеттерге барады. Айталық, әлгі банкпен арадағы «елші» нөмір ауыстыратын сервистердің көмегімен клиентке банктің атынан «кредит толық өтелді» деген мәтіні бар хабарлама жібереді. Немесе мәселені қарастыру үшін комиссия ретінде, сақтандыруға үшін, картаны үйге дейін курьермен жеткіу үшін дегендей түрлі сылтаумен алдауға тырысады. Сондағысы — сізден қалайша ақша алу.  Алаяқтар смс-код сұратуы да мүмкін. Егер айтсаңыз, кей алаяқтар мобайл банкиңгіңізге кіріп кетеді. Ол дегеніңіз — ақшаңызды ендігіде солардың басқаруына бергеніңіз.  

Алаяққа алданбаудың амалдары

Мұндайға тап болмас үшін интернет арқылы қарыз алғанда барынша сақ болуы керек. Алаяқтар өзін көбіне екінші деңгейлі банктердің қызметкерімін деп таныстырады да, сенімге кіреді. Болмаса, ірі қаржы ұйымдарының логотиптерін, атауын қолданады. Жалған сайттарын әдемілеп әрлеп, сауатты безендіріп, сертификаттар мен лицензияларды да қолдан жасап қояды. Бір қарағанда алаяқ деп ойламай қалуыңыз да мүмкін. Мұндай амалдар ТМД елдері арасында кең танылған.

Ал енді алданбаудың амалын айтайық. Алдымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтына кіресіз. Одан соң «Қаржы нарықтарын» таңдап, «Банк секторы» немесе «Өзге қаржы ұйымдары» дегенді басасыз. Яғни шағын қаржы ұйымы немесе банктің рас-өтірігін осылай тексеріп аласыз. «Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі» деген жерде Қазақстанда заңды түрде тіркеліп, жұмыс істейтін кредиттік ұйымдардың тізімі бар. Оларда қаржы реттеушісі берген лицензия болғандықтан, қорықпастан қызметін пайдала берсеңіз болады. Егер олардың тарапынан қандай да бір заң бұзушылық бола қалса, агенттікке шағымданып, құқығыңызды қорғауды сұрай аласыз. 

Есте ұстаңыз!

Ендеше, есіңізде жүруі керек бірнеше факт айта кетейік. Екінші деңгейлі банктермен болсын, шағын қаржы ұйымдарымен болсын кредит алып бере алатын делдал болмайды! Егер солай деп сендірсе, бұл таза алаяқтың ісі деп білгейсіз. Олар сізге кредит алғызып алады, ақшаңызды шешеді де телефонын өшіріп, жоқ болып кетеді. Қарыз болса, мойныңызда қалады. Алдын-ала төлем сұратып жатыр ма — алаяқ екеніне сигнал. Кредит рәсімдетуге ешқашан төлем сұралмайды. Өзіңіздің жеке басты куәландыратын құжат, картаңыздың деректерін ешкімге бермеңіз. Өз еркіңізбен жіберсеңіз, оның жауапкершілігі де мойныңызда болады. Ал енді кредит тарихына қатысты дерекке келсек. Бұрын кредит тарихының есебі кейінгі 10 жылға жасақталатын. 2022 жылдан бастап кейінгі 5 жылдың деректерін шығарып беретін болды. Дегенмен бұл оған дейінгі кредиттер туралы ақпараттың өшірілетінін білдірмейді. Кредит есебінің толық нұсқасында сіздің алғашқы кредитіңізбен бастап барлығы жайлы деректер болады. Жылына бір рет болсын кредит тарихыңызды тексеріп, қарап тұрыңыз.  

  •        Алаяқтар ғана кредит ұйымынан қарыз алып, оның белгілі бір бөлігін сіздің орныңызға кредит төлейтін делдалға береміз деп алдын-ала ақша сұратады;
  • Алаяқтар ғана банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алған кредиттеріңізді базадан өшіріп беру үшін ақша алады;
  • Алаяқтар ғана өте төмен пайызбен, кепілсіз кредит алып беремін деп аванс сұратады;

 Алаяққа ұрынып қалсаңыз

Егер алаяққа ұрынып қалсаңыз, онда ең алдымен полицияға барып шағым түсіресіз. Сөйтіп олар сізді жәбірленуші деп тануы керек. Алаяқтарға картаңыздың деректерін беріп қойсаңыз, дереу бұғаттап, жаңасын шығарып, құжаттарды қайта жасатыңыз. Жеке кабинеттердегі және аккаунттардағы құпиясөздерді де ауыстырыңыз. Әсіресе, мобайл банкиң, электрон поштасы, әлеуметтік желідегі аккаунттарда. Қандай да бір күмәнді қолданба жүктесеңіз, ойланбастан өшіріп тастаңыз. Баптауларды да телефонды жаңадан алған кездегідей тазалаңыз. Біреу қателесіп ақша жіберіп қойса, жаратуға асықпаңыз. Банкке хабарласып, мән-жайды айтыңыз. Өтініш жазыңыз. Біреу сіздің атыңыздан кредит рәсімдеп тастаған болуы мүмкін. Егер оның белгілі бір бөлігін болса да шығарып, пайдаланатын болсаңыз, басқа біреудің рәсімдегенін дәлелдеу қиын болады. Сондықтан мұқият болу керек. Бұл — қарапайым ғана қауіпсіздік ережелері. Ешкімге, ешқашан кредит рәсімдету үшін ақы төлемеңіз. Өзіңіз жайлы ақпаратты бермеңіз. Құжаттарыңыздың немесе банк картасының алды-артын суретке түсіріп жіберуге болмайды. Әсіресе, чаттарда білместікпен картаның артын да жіберіп қоятындар бар. Бұл өте қауіпті. Күні ертең біреу сіздің атыңыздан кредит алып, оны сіздің мойныңызға іліп қоюы мүмкін. Сонымен қатар, фишиңдік сілтемелерге өтпеңіз. Белгісіз әрі күмәнді қолданбаларды телефон немесе компьютеріңізге орнатпаңыз.

Сондай-ақ оқыңыз