Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру жөніндегі жоспардың жобасын мақұлдады, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
Жоспар бағаны реттеу, салықтық және кедендік әкімшілендіру, бюджет процестерін жеңілдету, кәсіпкерлікті қолдау, автомобиль жолдарын салу, заң үстемдігі мен сот төрелігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту сияқты салаларды қамтиды.
«Жоспардың маңызды бөлігі әлеуметтік даму, денсаулық сақтау және білім беру бойынша кешенді әрі жүйелі шараларды қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы оны іске асыру экономиканы сапалы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге Жалпыұлттық жоспарды орындауға шұғыл кірісуді тапсырғанын айтты.
Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет мүшелелері ұсынылған құжат жобасын мақұлдаған.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, ЖҰЖ жобасы келесі бағыттар бойынша 109 іс-шараны орындауды қарастырады: жаңа кономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына стратегиялық инвестициялар, мемлекеттік басқаруды қайта жүктеу, заң және тәртіп.
Оған қоса, жаңа Салық, Бюджет және Қала құрылысы кодекстері әзірленетін болады.
Айта кетейік, мемлекет басшысы 1 қыркүйек күні кезекті жолдау жасаған болатын. Бұл жолдауда ол кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. Сонымен қатар ең төменгі жалақыны көтеру, Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудару, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас етіп қалдыру сынды әлеуметтік бастамалар көтерді.