Жаңалықтар

Үкіметте азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандырудың жаңа тетіктері әзірленді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ведомство бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және бекіту бойынша жаңа тәсілдер әзірлегенін хабарлады.

интернеттен

Мәселен, қолда бар айналым қаражаты шеңберінде қантпен қамтамасыз етудің жаңа тетігін қаржыландыру жоспарлануда, ол нарықты толықтырып қана қоймай, сонымен қатар жалпы қант саласын дамытуға мүмкіндік береді. Қант зауыттары 136 мың тонна қант шикізатының үш айлық көлемін сатып алып, жыл бойы тұрақты қайта өңдеуді қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде зауыттар 1 жылға 460 теңге/кг көлемінде босату бағасын белгілеу, зауыттарды міндетті жаңғырту, сақтау қуаттарын ұлғайту және қант саласын дамыту жөніндегі жоспарды орындау бойынша нақты қарсы міндеттемелерді қабылдайды.

Картоп пен сәбіз бағасын бекіту үшін Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Жамбыл облыстарының ірі өндірушілерімен 4 млрд теңгеге дейін «айналым қаражатын» ұсыну бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Бұл нарықты белгіленген баға бойынша көкөніс өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ сүт өнімдері, қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы, жұмыртқа, әлеуметтік нан, ұн, тұз, сиыр еті мен тауық етіне қатысты жаңа шаралар қабылданатын болады.

Премьер-Министр Сауда министрлігі ұсынып отырған жаңа тәсілдер жалпы қолдау табатынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бірқатар кемшіліктерге жол берген, сондықтан азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру міндетін орындай алмады.

Ол «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы бірнеше рет тапсырма берілгенін айтты. Алайда 10 өңір әлі күнге дейін тапсырманы орындаған жоқ. 

«Елімізде өнім көлемі бар. Өндірушілер келісімшарт жасауға дайын. Бірақ 26,3 млрд теңге игерілмей, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың шоттарында жатыр. Әкімдіктер қыркүйек айының соңына дейін «айналым схемасын» тиісті көрсеткішке жеткізіп, қаржыландыруды қамтамасыз етсін», — деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов сауда үстемесін бақылаудың формалды болуына және делдалдық тізбектерді тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялардың тиімсіз жұмысына назар аударды.

«Басы артық делдалдарды анықтау жұмыстары назардан тыс қалды. Нәтижесінде, керексіз делдалдар көбейіп, бағаның тоқтаусыз өсіп бара жатқанын көріп отырмыз», — деді Премьер-Министр.

Сауда министрлігі бағаны тежеу жұмыстарының нәтижесіне байланысты әкімдіктердің рейтингін жасаған болатын. Бұл рейтингке сәйкес көш соңында 2 өңір – Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары қалып отыр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл өңірлерде не бөлшек сауда, не көтерме сауда нарығы бақыланбайды, ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізу бойынша жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Аталған фактілер барлық өңірлерге тән. 

Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысына, оның ішінде, елді қантпен қамтамасыз етуге жеке тоқталды.

«Министрліктің жұмысы жеткіліксіз. Квота бөлу ішкі нарықты тұрақтандыра алмады, өйткені тиісті деңгейдегі ұйымдастыру мен талдау болған жоқ. Бұған қоса, ведомство басшылығының шешім қабылдаудағы жайбасарлығы да әсер етті. Елде дүрлігу орын алды», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, АШМ тарапынан әкімдіктер мен ұйымдардың тиісті өнімдерді жеткізуге уақытылы келісімшарттар жасау жұмысы дұрыс үйлестірілмей отыр. Өңірлердегі тұрақтандыру қорларын уақытылы толықтыру жұмыстарын бақылау да әлсіз.

«Жұмысқа атүсті қарау немесе орындамау жалғаса беретін болса, өңірлер мен министрліктер бойынша кадрлық шешімдер қабылдаймыз», — деді Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайылов ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесін талқылау барысында орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және өңірлердің арасында өзара үйлесімді жұмыстың болмауынан күрделі ахуал орын алып отырғанын атап өтті.

Атап айтқанда, Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» тарапынан логистика, мұнай өңдеу зауыттарынан өнім жөнелту, өңірлерге қажетті мұнай өнімдерінің көлемі бойынша нақты үйлесімділік жоқ.

Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» компаниясы мұнай өңдеу зауыттарына цистерналарды уақытылы жеткізбеген және мұнай өнімдерін өңірлерге тасымалдау үшін вагондарды беру кестелерін түзетпеген. 

«Тыйым салынғанына қарамастан, бензин мен дизель отыны басқа тауарлар ретінде сыртқа шығарылып отырған. Мысалы, пешке арналған отын экспорты 11 есе өскен. Демек, Энергетика министрлігі бұған тиісінше бақылау жүргізбеген», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр «ҚазМұнайГаз» компаниясының салғырттығынан жер қойнауын пайдаланушылар болып табылмайтын жеке компаниялар мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеп, кейін ол жоғары бағамен сатылып отырғанын айтты. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, өңірлердегі жеңілдікті жанар-жағармай операторларына қойылатын біліктілік талаптары мен оларды айқындау тетігі жоқ, бұл белгілі бір компанияларға «артықшылық берілуіне» жағдай жасайды. Бұған қоса, Энергетика министрлігі жеңілдікті жанармайдың шекті құнын белгілемеген. Сондықтан баға оператордың қалауы бойынша қойылады.

«Аталған фактілердің барлығы өңірлерде дизель отынының жасанды тапшылығына және бағаның күрт өсуіне әкеп соқты», — деді Премьер-Министр. Үкімет басшысы уақытылы шараларды қолданбағаны үшін Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз», «Petrosun» ЖШС және АМӨЗ лауазымды тұлғаларына қатаң сөгіс жарияланғанын атап өтті. 

Әлихан Смайылов басы артық делдалдар болмауы үшін маржаның шекті сомасы мен соңғы құнын белгілей отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеңілдікті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелерін нормативтік тұрғыдан реттеуді тапсырды.

«Аудандар мен шалғай елді мекендерде жанармай құю станциялары бар компанияларға басымдық берілуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр жанармайдың мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлердегі сақтау орындары мен жанармай құю станцияларына дейінгі оңтайлы логистикасын қамтамасыз етуді, егін егу және жинау науқаны кезінде жанар-жағармай тасымалдау үшін теміржол тарифтерін төмендету мәселесін қарауды, сондай-ақ бағаның негізсіз өсуіне және мұнай өнімдерінің сыртқа тасымалдануына жол бермеу үшін мұнай базалары мен ұсақ жанармай құю станцияларына бақылау жасау жөніндегі өңірлік комиссиялар құруды тапсырды.

Премьер-Министр өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету бойынша жергілікті жерлерде бөлшек сауда бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мәселесін алдын ала пысықтауды және қатты отынды шалғай аудандарға жоспарлы түрде жеткізу бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Тақырыпқа орай