Тағы екі бала көп қабатты үйдің терезесінен ұшып кете жаздады
Нұр-Сұлтанда полицейлер көпқабатты үйдің пәтерінде қараусыз қалған екібаланы құтқарды
Полицияға кешкі уақытта сағат 20.29 шамасында Молдағұлова көшесіндегі үй тұрғындарынан 4 қабатта баланың терезенің алдында ашық терезеден қарап тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына автопатрульдің құрамында болған полиция аға лейтенанттары Ринат Мұхамеджанов пен Таскен Сакен дереу келді.
Пәтер жабық болғандықтан, полицейлер үйге 5-қабаттың терезесі арқылы бөлмеге кіруді ұйғарған. Патрульдердің бірі өзін арқанмен байлап, терезеден түсе бастаса, екіншісі серіктесін сақтандырып тұрған. Бірлескен күштің арқасында полицей пәтерге кірген, онда 3 және 1 жастағы екі бала болған.
Кәмелетке толмағандардың ата-анасымен балаларды қалдырып кетуге жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді. Ересектерге қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынамыз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз, ашық терезелердің жанында ойнауға жол бермеңіз. Терезе тұтқаларын алыңыз немесе арнайы құлпы бар тұтқаларды қолданыңыз, терезе бекіткіштері мен блокаторларды орнатыңыз.Оқиға орнына уақытында келіп, қайғылы оқиғаның алдын алған екі полицей Нұр-Сұлтан қаласы ПД бастығының құқығымен марапатқа ұсынылды.