Фермерлер несие алуға өтінімді онлайн бере алады

Жарияланды
Аграрлық несие корпорациясы шағын несие беру үшін онлайн өтінімдерді қабылдауға кірісті

Корпорацияның басым бағытының бірі – несие беру үдерісін цифрландыру. Бұл міндетті шешу үшін несие өнімдері оңтайландырылып, шағын несиеге өтінімдерді онлайн қарау жүйесі әзірленді.

Жүйе «Іскер» бағдарламасы бойынша 6 миллион теңгеге дейін несие ресімдегісі келетін әлеуетті клиенттерге құжаттар жинау мерзімін қысқартуға, филиалға келуді азайтуға, өтінімді қарау барысының сапасы мен ашықтығын арттыруға көмектеседі.

Үйде отырып-ақ шаруа жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы шағын несие алуға өтінім бере алады. Автоматтандырылған жүйе мемлекеттік және өзге де дерекқордың мәліметтерін пайдаланып, әлеуетті қарыз алушының төлем қабілетін тексереді. Бұл ретте, кепіл мүлік онлайн бағаланады.

Алдын ала мақұлдауды алған кезде фермер кепіл мүлік жөніндегі құжаттармен бірге корпорацияның филиалына барады. Егер қандай да бір себеппен клиент алдын-ала мақұлдауды алмаса (банк немесе басқа қаржы институты алдындағы мерзімі өткен берешек, салық, теріс несие тарихы және т.б.), филиалға барудың қажеті жоқ.

  • Бизнес үдерісті оңтайландыру – корпорация қызметінің маңызды бағытының бірі, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Төлегенов. – Өтінімді қараудың электрондық форматы адами факторды азайтады. Сонымен қатар, қажетті құжаттар саны кеміді. Онлайн несиеге өтінім беру фермердің 10 минуттан артық уақытын алмайды.

Несиені алдын-ала онлайн мақұлдау туралы өтініш беру үшін не істеу керек? Егер мал шаруашылығы немесе егіншілікті дамытуға қаржы алғыңыз келсе, agronesie.kz платформасына кіріп, әмбебап келісімге қол қойыңыз. Өтінімді жеке кабинет арқылы жолдаңыз. Кепіл берушінің деректерін енгізіңіз (ЖСН және телефон нөмірі) және мүлікті алдын-ала онлайн бағалатыңыз.

Ұсынылған кепіл жеткілікті болған жағдайда жүйе қарызды алдын-ала мақұлдау туралы хабарлама жіберіп, Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалына жүгінуге қажет қажетті құжаттардың тізбесін жолдайды.

Онлайн несие беруге қатысты қосымша ақпаратты www.agrocredit.kz сайтынан алуға болады.

Ақпарат «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінен алынды

Сондай-ақ оқыңыз