Кімдерге заң көмегі тегін беріледі?
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әр азаматтың бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар. Кейбір жағдайда мемлекет осындай көмекті адамға тегін беруге міндетті. Бірақ көпшілік адвокат, нотариус немесе өзге құқықтық қорғау субъектісін жалдауға мүмкіндігі жоқ адамдарға бюджет есебінен заңды көмек ұсынылатынын біле бермейді. Бүгінгі материалда сол туралы тарқатып көруді жөн көрдік.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегі деген не?
Бұл – заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негізде және тәртіпте тегін берілетін көрсетілетін көмек.
Оның мынадай түрлері бар:
- Құқықтық ақпарат беру;
- Құқықтық консультация беру;
- Заңда белгіленген жағдайларда және тәртіпте жеке тұлғалардың мүдделерін соттарда, қылмыстық ізге түсу органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда қорғау және білдіру;
- Жеке сот орындаушыларының алименттерді және жалақыны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау бойынша «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен мәжбүрлеу шараларын қолдануы түрінде көрсетіледі.
Құқықтық ақпарат беру, құқықтық консультация беру, адвокаттардың жеке тұлғалардың мүдделерін қорғауы мен білдіруі – «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар.
Жуырда ғана – Әділет министрінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі бұйрығымен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы шарттың нысанына өзгерістер енгізілді.
Енді заңгер заң кеңесі түрінде мемлекет кепілдік берген мынадай заң көмегін тегін береді:
- алимент өндіру, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, оңалту, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар;
- жыныстық зорлық-зомбылықтың, адам саудасының, лаңкестік актінің құрбандары немесе осы мәртебеге немесе жағдайға байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша азаптауға ұшырағандар;
- асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғалар;
- еңбекпен байланысты денсаулығына келтірілген зиян немесе қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
- Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жеңілдіктер бойынша теңестірілген Ұлы Отан соғысына қатысушылар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді әскери міндеттілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, зейнеткерлер жасы бойынша, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша;
- кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасылар;
- кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жан басына шаққандағы орташа табысы аз қамтылған азаматтар (отбасылар).
Сондай-ақ құжатта адвокаттың соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, мемлекеттік органдарда және үкіметтік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететіндігі туралы жаңа тармақ бар:
- әкімшілік жауапкершілікке тартылатын тұлғалар; азаматтық іс жүргізу және әкімшілік іс жүргізу туралы заңнамаға сәйкес талапкерге немесе жауапкерге;
- Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған, ақталған, жәбірленуші.
Бұл бұйрық 2022 жылғы 18 қыркүйекте күшіне енеді.
Заңгерлерді және заңды тұлғаларды қалай табуға болады?
Қазіргі уақытта «Заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі» – «Е-Заң көмегі» жобасы жұмыс істейді. Бұл жобаның мақсаты – халықты онлайн режимде білікті заң көмегін алуына көмектесу, адвокаттық қызметті және заң консультанттарының қызметін автоматтандыру.
«Е-Заң көмегінің» аясында онлайн режимінде мемлекет кепілдік берген көмек беріледі және есепке алуды автоматтандырылады. Сондай-ақ осы жоба арқылы соттар мен құқық қорғау органдарына адвокаттар мен заң консультанттарының мәртебесі мен өкілеттіктерін онлайн режимде тексеруге мүмкіндік бар.
Бұл автоматтандыру мыналарды қамтамасыз етеді:
- адвокаттық қызметті цифрландыру шеңберінде қағазсыз құжат айналымына көшу;
- адвокаттарды сотқа дейінгі тергеу органдары мен соттармен тағайындаудың ашықтығы;
- тапсырмаларды бөлуді біркелкі етеді және адвокаттардың тағайындау бойынша қорғаушы ретінде заңгерлік көмек көрсетуге қол жетімділігінде тең құқықты қамтамасыз етеді;
- жеке және заңды тұлғаларға құқықтық ақпараттандыру түрінде құқықтық көмек көрсетудің қолжетімділігі.
Мұндай қызметті www.eup.kz сайтынан алуға болады. Play Market-тен немесе App Store-дан «Zan komegi» мобайл қолданбасын жүктеп алуға болады.
Сайтта немесе мобайл қолданбада онлайн консультация ала аласыз немесе заңгерді табуыңызға болады.
Бұған дейін сайтта онлайн көмек алғандар көп. Өзіңіздің сұрағыңызға ұқсас сұрақтарды да сайттан табуға болады. Әр өтінімнің нөмірі жазылады. Сұрақты қай тілде қойсаңыз, сол тілде жауап беріледі. «Е-Заң көмегінен» тұрғылықты жеріңізден адвокат, заңгерді де оңай таба аласыз. Қай салаға қатысты көмек қажет екенін де көрсетіп, маманды қиындықсыз табуға болады.
Мұндай көмекті кімдер береді?
Заң көмегін құзыретінің шегінде:
1) мемлекеттік органдар;
2) адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, заң консультанттары;
3) заң көмегін көрсетіп жүрген және заң көмегін көрсететін тұлғалардың міндетті мүшелікке негізделген коммерциялық емес ұйымдарында және заң консультанттарының палаталарында тұрмайтын жеке тұлғалар береді.