18 жасқа дейін бала шотына ақша аударудың тәртібі қандай?

Жарияланды
Сарапшылар бұл бастамаға әрқилы пікір білдірді

2024 жылдан бастап мемлекет әр баланың жеке шотына ақша аудара бастайды. Төлем Ұлттық қор қаржысы есебінен бала 18 жасқа толғанға дейін жүзеге асырылады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров түсініктеме берді. Бас экономист тек бұл туралы ғана емес, Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын да таныстырған еді.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызын мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, кейін оларды тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалану мүмкіндігімен аударуды көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу жоспарланып отыр.

«Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын», деген еді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар жыл сайын «Самұрық-Қазына» қорының таза кірісінің кемінде 7 пайызы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударылатын болады. Тиісті құжатты жыл соңына дейін қабылдау көзделіп отыр. «Ел экономикасына бір уақытта 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік бизнесмендерге инвестициялық визаны енгізу үшін Көші-қон саясаты тұжырымдамасына және «Халықтың көші-қоны туралы» заңға өзгерістер енгізілетін болады», деді Әлібек Қуантыров.

Министрдің айтуынша, Ұлттық қордан балалар шотына аударылатын ақшаны ата-аналары пайдалана алмайды. Кәмелет жасына толғаннан кейін азамат ол ақшаға үй алуды немесе білім алуға жұмсауды өзі шешеді. Сондай-ақ Қуантыров қазір балаларға арналған арнайы шотты қалай ашудың және жиналған қаражатқа салық салу мәселесінің қарастырылып жатқанын айтты.

«Механизм қазір тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп талқыланып жатыр. Бірақ мен шоттың бала туғаннан соң автоматты түрде ашылатынын айта аламын. Қазақстан азаматы болып саналатын балаларға шот бірден ашылады. Бұған қатысты тиісті ақпарат деректер базасында бар. Қажетті деректер Әділет министрлігінің базасынан автоматты түрде түсіп отырады», дейді ведомство басшысы.

Бұған дейін Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Ұлттық Банк пен Үкіметтің есептеулеріне сүйене отырып еліміздегі әр баланың шотында 18 жасқа толған кезде 3000 доллар көлемінде қаражат болатынын айтқан еді. Оның айтуынша, елімізде жыл сайын орта есеппен 400 мың бала өмірге келеді.

Ал мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов 7 қыркүйек күні өткен төменгі палатаның отырысында Ұлттық қорды екіге – «Резервтік қор» және «Ұлттық қор – балаларға» деп бөлуді ұсынды.

«Аталған бастаманы жүзеге асырудың нақты механизмін талқылап, тезірек қолға алу қажет. Бірақ бұл ретте бірқатар жайттарды ескермесе болмайды. Қазіргідей Ұлттық қор қаражатын республикалық бюджет тапшылығын жабу үшін және түрлі мемлекеттік бағдарламаларға аударып пайдалану инвестициялық кірісті ұлғайту саясатына қайшы келеді. Үкімет балаларға ақша аудару үшін Ұлттық қордан ақша ала отырып та инвестициялық табысты азайта түседі. Бұл проблеманы шешу үшін Ұлттық қорды екіге бөлу керек. Оның біріншісі – резервтік қор. Ол бюджет қажеттілігін қаржыландыру үшін пайдаланылады. Тап қазіргідей. Екіншісі – «Ұлттық қор – балаларға». Онда Ұлттық қор актвитерінің 50 пайызы беріледі. Ондай жағдайда әр бала үшін арнайы шот ашылып, барлық инвесттабыс үлестіріледі», деді депутат.

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі «Жаңа экономикалық саясат» бағыты бойынша 22 іс-шараны іске асыру көзделгенін, оның аясында коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында монополиялық және олигополиялық нарықтарды қоспағанда, бағалар мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңмен бас тарту жөнінде ұсыныстар әзірленетінін жеткізді.

Сонымен қатар «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылданады. Ол сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына басымдық береді.

«Нақты секторды дамыту» бағыты бойынша 15 іс-шара жоспарланған.

«Жер қойнауын игеруге инвестициялар тарту үшін заңнамаға рәсімдерді оңайлату бойынша тиісті өзгерістер енгізіледі. Арнайы экономикалық аймақ қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар шаралар енгізіледі, оның ішінде инвестициялық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілін енгізу жоспарланып отыр» деді Әлібек Қунатыров.

Сондай-ақ оқыңыз