Жаңалықтар

Ресейден кеткен қанша компания Қазақстанға келеді? Релокация қалай жүзеге асады?

Үкімет бұл мәселе бойынша белсенді жұмыс атқарып жатыр

Украинадағы соғысқа байланысты батыс елдерінің Ресейге қарсы қатаң санкциялар жариялауы көрші елдегі экономикалық ахуалдың ушығуына әкелді. Бірқатар ірі өндірістік, технологиялық компаниялар Ресейден кетті. Әрине, олар үшін Ресей кемі 100 миллиондық нарық еді. Мұндай ауқымды нарықтан айырылу оларға да оңай емес. Сондықтан өңірден потенциалды мемлекет іздейді. Бұл ретте Қазақстанның мүмкіндігі көп. Бірақ әлемдік деңгейдегі алпауыт компанияларды қазақ жеріне алып келу үшін де сенімділік, ашықтық, әділдік ұстанымдарын берік ұстанатын саясат, тиісінше соған негізделген үлкен шешім керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі осы мәселемен жұмыс істеуді арнайылап тапсырған еді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ресей нарығынан кетіп жатқан шетелдік компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеуіне жағдай жасауды тапсырған еді.

«Біз инвестициялық капитал үшін жаһандық күрес болып жатқанына куә болып отырмыз. 1400 шетелдік ірі компанияның тең жартысы жұмысын тоқтатып, Ресей нарығынан кетті. Үкіметке Қазақстанда солардың қолайлы релокациясына жағдай жасау керек. Бұл бізге орта және жоғары бөліністегі тауарлардың өндірісін арттыруымызға мүмкіндік береді. Мен Үкіметке қайта өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық жобалардың пулын әзірлеп, оларды әлеуетті инвесторлармен бірге пысықтауды тапсырған болатынмын. Бұл жұмыс әлі күнге дейін мәжілістер мен кездесулер режимінде жүріп жатыр. Нақты нәтижелер әзірге аз, мақтанарлық көрсеткіш жоқ. Шындап келгенде жаңа жобалар жоқ», деген еді Президент.

Осыған орай Үкімет бірқатар компанияларды елге тарту бойынша жұмысты бастап та кеткен болатын. Жақында ғана сол жұмыстардың толыққанды болмаса да, ішінара нәтижелері хабарланды. Атап айтқанда, бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өткізген инвестициялық штабтың кезекті отырысында айтылды. Онда негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша нысаналы индикаторларды орындау қарқыны, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелер қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,9 трлн теңгені құрағанын хабарлады. Оның сөзінше, жылжымайтын мүлікпен операциялар, тау-кен өнеркәсібі және мұнай өндіру, көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылығы, энергетика және өңдеу өнеркәсібі сияқты салалар бойынша айтарлықтай өсім байқалады.

Премьер-министр биыл негізгі капиталға құйылған инвестициялар бойынша 4,5 пайыз деңгейінде оң динамика байқалып отырғанын, бұл ретте 12 өңірдің белгіленген нысаналы индикаторларды орындамағанын атап өтті. Ең төменгі көрсеткіштер – Шымкент қаласы, Түркістан және Ұлытау облыстарында.

«Ірі компаниялар өндіріске инвестиция салып, жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын. Олармен жұмыс істеп, инвестициялық келісімшарттар жасау, жаңа жобалар бойынша – салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беру қажет. Облыстар мен мемлекеттік органдардың басшылығы инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы тиіс», деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров 2022 жылдың І тоқсанында елімізге 6,8 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын баяндады. Осы кезеңдегі алғашқы инвесторлар ондығына Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Бельгия, Ұлыбритания, Франция және Түркия елдері кірді.

Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы:

  • химия өнеркәсібі,
  • ТМК,
  • энергетика,
  • көлік және логистика,
  • тамақ өнеркәсібі,
  • туризм,
  • ақпараттық-коммуникациялық технологиялар,
  • мұнай-газ химиясы,
  • ауыл шаруашылығы

және басқа да салаларда 30,2 трлн теңгеге 797 жобаны қамтиды.

Пул жобаларын толық іске асыру шамамен 130 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. 2022 жылы 24 мың жұмыс орнын құра отырып, 2,98 трлн теңгеге 272 жобаны іске қосу жоспарланған.

«Сонымен қатар қазіргі уақытта шетелдік компанияларды Қазақстанға көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, таргеттелетін 310 компанияның 51-і елімізде өндірісті шоғырландыру бойынша келіссөздер жүргізуде. Олардың ішінде Honeywell, Skoda, Youngsan, EMAG, Carlsberg, Fortescue және басқалар бар. Ал Canon, Philips, Kronospan, GE Healthcare, Alstom, Haier компаниялары алдын ала келіссөздер сатысында», делінген Үкіметтің ресми сайтында.

Премьер-министр I тоқсанның қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар ағынының 54 пайызға оң динамикасы тіркелгенін атап өтті.

«Қазіргі кезде бірқатар инвесторлардың елімізге өз өндірістерін көшіру ниетімен байланысты мүмкіндіктер ашылуда. Министрлер мен әкімдер осы бағытта туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін бар күш-жігерін жұмсасын. Біз инвестициялар бойынша оң динамика болуы үшін алдағы жылдарға берік негіз қалауымыз керек. Бұл жұмыс орындарын құру және экономикамызды әртараптандыру тұрғысынан өте маңызды. Тиісті жұмыстар әр өңірде жүргізілуі тиіс», деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктер барлық жоспарланған инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша түбегейлі шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті.