Жаңалықтар

Қазақстанда жаңа жел электр станциясы іске қосылды

Қазақстанда қуаты 60 МВт-ны құрайтын жаңа жел электр станциясы (ЖЭС) пайдалануға берілді.

Энергетикалық нысан ЖЭК әлеуетін дамытуға қолайлы бірегей аймақта – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек дәлізінде салынды.

Жобаның жалпы құны – 37,4 млрд теңге. Жаңа станция әрбір номинал қуаты 2,5 МВт болатын 24 жел энергетикалық қондырғысынан тұрады. Бұдан бөлек, оған қосалқы станция, соған сәйкес инфрақұрылым салынып, сондай-ақ  әуе электр жеткізу желілері тартылды.  Станция әлемдік жел турбиналарын өндіруші жетекші компаниялардың бірі – «GoldWind» компаниясының жабдығын пайдалана отырып салынды.

Жаңа ЖЭС жылына 225,7 млн. кВтс электр энергиясын өндіретін болады. Өндірістік сипаттамаларынан бөлек, жоба өзінің экологиялық құрылымы тұрғысынан өңір үшін маңызды. Электр станциясын салу және оны іске қосу парниктік газдар шығарындыларын 206 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жылына шамамен 89 мың тонна дәстүрлі отынның орнына жүретін болады.

Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ қазақстандық электр энергетикалық холдингі «Power China» қытай корпорациясымен серіктестікте іске асырды, ол энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың табысты үлгісі болып табылады.

Шелек дәлізінде жаңа жел электр станциясын іске қосу рәсімі ҚР Энергетика министрі, Алматы облысы әкімі, «Самұрық-Қазына» қорының басшысы, ҚР-дағы ҚХР Бас консулдығы, «Power China» корпорациясы, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Энергия Семиречья» ЖШС өкілдерінің қатысуымен өтті. Жобаны ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов пен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев телекөпір арқылы on-line форматында іске қосты.

ЖЭС-ті іске қосуға арналған іс-шара аясында «Самұрық-Қазына» АҚ мен Power Construction Corporation of China Ltd арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат станцияны кеңейту және оның қуатын 300 МВт-ға дейін арттыру арқылы жобаның екінші кезеңін іске асыруды көздейді.

Жаңа энергетикалық нысанды салу кезінде 300 адам жұмыспен қамтылды. Станцияны одан әрі пайдалану үшін 14 маман даярланып, жұмысқа орналастырылды.

Самұрық-Энерго сарапшыларының айтуынша, Алматы қаласы мен Алматы облысында бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған энергетикалық қуаттар –  Алматы ЖЭО, Қапшағай және Алматы ГЭС Каскады, Жамбыл ГРЭС, сондай – ақ Есік, Мойнақ, Қаратал, Талдықорған ГЭС-теріне қарамастан, бұл өңірде энергия тапшылығы бар әрі өзінің отын ресурстары жеткілікті деңгейде емес. Өндіруші қуаттардың жетіспеушілігінен облыстың электр энергиясына деген мұқтаждығын облыстың энергия көздері тек 50%-ға өтейді. Тапшылық сыртқы энергия өндірушілер (республиканың солтүстік облыстарынан, Жамбыл ГРЭС-і және Қырғызстаннан) есебінен жабылады.  

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Серік Түйтебаевтың айтуынша, Компания жаңартылатын энергетиканы дамытуға ерекше көңіл бөледі. Энергетикалық холдингте бүгінде 5 ЖЭК нысаны жұмыс істейді – күн, жел электр станциялары, шағын СЭС-тер. Осы ЖЭК нысандарының электр энергиясын өндіруі 2022 жылғы қаңтар-шілдеде 206,6 млн.кВтс құрады, бұл 2021 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 8,9% – ға жоғары.

«Алматы облысында «жасыл» электр энергиясын өндіру үшін көптеген табиғи мүмкіндіктер бар. Күн мен желдің әлеуетінен басқа, Самұрық-Энерго гидроэнергетиканы дамытуға ерекше көңіл бөледі, бұған Мойнақ ГЭС-ін салу және Шардара ГЭС-ін жаңғырту жөніндегі аяқталған жобалар дәлел бола алады. Компанияның портфелінде жаңа су электр станцияларын салу бойынша бірқатар жобалар бар. Атап айтқанда, Іле өзенінде Қапшағай ГЭС-інің апта сайынғы біркелкі емес тәуліктік су жіберулерін теңестіруге және станцияны барлық қолда бар қуатты пайдалана отырып, ең жоғары жүктемелерді жабу режиміне ауыстыруға мүмкіндік беретін қуаты 40 МВт Кербұлақ СЭС-ін контрреттегішін салу.

Сондай-ақ, Компания Алматы облысының тапшы энергия жүйесіне жеткізу үшін электр энергиясының көзін құру мақсатында Шелек өзенінде ГЭС-29-ды салу бойынша жобалау алдындағы жұмыстарды жүргізуде. Ұзақ мерзімді перспективада Алматы облысындағы АлЭС ГЭС каскадын қайта құру және жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жоба қайта құрылатын ГЭС-1 және ГЭС-2 – де электр энергиясын өндіруді арттыру арқылы Үлкен Алматы өзенінің гидротехникалық ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді»,-деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы.

ҚР Энергетика министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда 2022 жылғы шілдедегі жағдай бойынша барлығы 142 ЖЭК нысан жұмыс істейді. Жыл басынан бері Қазақстанда жалпы қуаты 322 МВт болатын 8 нысан пайдалануға берілді. 2022 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 153 МВт болатын 13 нысанды іске қосу жоспарлануда.