Мемлекет биылдан қалдырмай жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңды қабылдайды. Қабылданамын дегенше көп талқылау болып жатыр және ол орынды да. Өйткені жеке тұлға банкроттығы – аса нәзік мәселе. Иә, бұл заң аясында азамат өз несиесінен түгелдей құтылады, бірақ соған сәйкес бірқатар шектеулерге де тап болады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, елімізде банкроттықтың үш түрлі процедурасын енгізу қарастырылып отыр.
Біріншісі – соттан тыс банкроттық (азаматтың банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлар алдындағы қарызы 4,9 млн теңгеден (1 600 АЕК) аспауы керек).
Екіншісі – сот банкроттығы (қарызы 4,9 млн теңгеден асатын азаматтар пайдаланады).
Үшіншісі – клиенттің төлем қабілетін қалпына келтіру процедурасы (сот арқылы қарызды 5 жылға дейін бөліп төлеу енгізіледі).
Жақында осы мәселені «Ақ жол» партиясы арнайы талқылады. Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, партия жеке тұлға банкроттығы туралы заң жобасын 2015 жылы дайындап қойған.
«Өкінішке орай, ол кезде Үкімет бұған жол бермеді. Өз жауабында Қаржы министрлігі Үкімет атынан осы бағыттағы бөлек арнайы заң жобасын дайындайтындары туралы жауап берген. 2017 жылға дейін мұндай заң жобасы дайындалған, бірақ енгізілген жоқ. Мәселенің жыл сайын өзектілігі арта берген соң, біз өзіміздің жаңа заң жобамызды ұсынғанбыз. Үкімет пен Ұлттық банк сонда да бұған қарсы шықты. Ақыры бұл проблема Мемлекет басшысына дейін жетіп, Президент тарапынан нақты тапсырма түсті. 2021 жылдан бастап мемлекеттік органдар, «Ақ жол» депутаттары, жергілікті органдар бұл жұмысқа белсенді түрде кірісіп өз ұсыныстарымызды енгізген болатынбыз. Соңғы рет Қаржы министрлігінің қатысуымен осы заң жобасын талқылағанымызда бір ғана мәселе бойынша келіспеушілік болды: Банкроттыққа ұшыраған азаматтардың әлеуметтік кепілдігі туралы ортақ пікірге келе алған жоқпыз», деді Азат Перуашев.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, тиісті заң жобасы халықаралық тәжірибелерді ескере отырып дайындалып жатыр.
«Заң жобасының әзірлену себебі – халықтың шамадан тыс кредиттік ауыртпашылығы және азаматтардың едәуір бөлігі өздерінің қаржылық жағдайларының нашарлауына бетпе-бет келуі. Бүгінде 1 300 000 адам несие төлеу уақытын 90 күннен асырып алған. Заң шеңберінде соттан тыс банкроттық процедураға 1600 АЕК дейін қарыз болған азаматтар қатыса алады. Бұл 4 миллион 900 мың теңгені құрайды. Бұған банкттер мен микроқаржылық ұйымдар, коллекторлік агенттіктер алдындағы алдындағы қарызы бар азаматтар жатады. Екіншіден, ресми табысы жоқ болса немесе кірісі борышкерлердің өзіне және асырауындағы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі (36 018 тг) мөлшерінен аспайтын борышкерлер қатыса алады. Бұл ретте борышкерлерде мүлік болмауы керек», деді Ержан Біржанов.
Сарапшылар жиі талқылап жүрген тармақ – борышкердің жалғыз баспанасына қатысты жағдай. Яғни, клиенттің жалғыз баспанасы болса, ол банкроттыққа ұшырағаннан кейін үйінен айырыла ма? Және банкроттыққа ұшыраған азаматтар ары қарай несие алуы мүмкін бе?
Вице-министрдің сөзінше, егер борышкердің тұрғын үйі банктен ипотекаға алынған болса өндіріп алуға жатады. Сонымен қатар, банкроттыққа ұшыраған адамға кредит алуға 5 жылға дейін шектеу қою заңнама жобасында бар.
Партия өкілдерінің айтуынша, 2006 жылы Қазақстан халықаралық пактты ратификациялаған. Ол бойынша егер азаматтың жалғыз баспанасы болса, онда үйді тартып алуға тыйым салынған. Тартып алған жағдайдың өзінде азаматқа әлеуметтік балама тұрғын үй ұсынылуы тиіс.
Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның айтуынша заң жобасында бірнеше даулы тармақ бар.
«Ең бірінші мәселе ол әлеуметтік қорғау. Заң жобасында егер борышкердің баспанасы кепілде тұрса өндіріп алуға жататыны айтылған. «Ақ жол» фракциясы борышкердің мүлкі кепілде тұрғанмен, оны санитарлық нормаға сай талаптар бойынша баспанамен қаптамасыз ету керектігін ұсынып отыр. Одан бөлек, сотқа дейінгі борышкерлікті тануға банктер алдындағы қарызын 12 ай көлемінде өтемеген азаматтар жатады. Біз бұл мерзімді 6 айға дейін қысқартуды ұсынамыз. Борышкер 6 айда шағын несиесін өтей алмаса, қалған 6 айда да оны өтейтініне күмәніміз бар», деді Еспаева.
Азат Перуашев егер азаматтар борышының бір бөлігін төлесе, онда оған тиісінше түсіністікпен қарау керектігін алға тартты.
«Біздің тұрақтылық қоғамдағы атмосфераға тікелей байланысты. Адамдар өздерін әркім алдап кеткісі кететін мемлекетте емес, әділетті мемлекетте тұрып жатқанын сезінуі керек. Ондай болмау керек. Біз әділетті мемлекет құруымыз керек. Бұл заң жобасы бойынша талқылауды ары қарай да жалғастырамыз» деді депутат.
Ұлттық банктің хабарлауынша, қазір қазақстандықтардың банкке қарызы 6,6 трлн теңгеге жеткен. 2021 жылмен салыстырғанда банк алдындағы берешек 33,3 пайызға өскен. Бұл ретте жеке тұлғалардың 1-30 күн аралығындағы өтелмеген берешегі 84 пайызға өскен және 333,1 млрд теңгені құрайды. Ал 90 күннен асқан берешек көлемі 12 пайызға ұлғайып, 417,7 млрд теңгеге жетіпті.