2022 жылдың 19 қыркүйегінен бастап Business.enbek.kz порталы жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алудың төртінші легі бойынша өтініштерді қабылдауды бастайды. Грант сомасы – 400 АЕК (1 225 200 теңге). Әр қатысушы бір рет қана ала алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, Жұмыспен қамту орталықтарының, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгінуге болады.
Байқауға кімдер қатыса алады?
Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантқа үміткерлер:
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (3 жылға дейін);
- бірыңғай жиынтық төлемнің төлеушілері.
Бұл ретте өтініш беруші келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуға тиіс:
– мүгедектер;
– қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар тұлғалар;
– қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері;
– Атаулы әлеуметтік көмек алушы аз қамтылған адамдар және олардың отбасы мүшелері;
– көп балалы тұлғалар-көп балалы жәрдемақы алушылар (жұбайы, зайыбы);
– мүгедек баланы (күйеуі/әйелі) тәрбиелеп отырған адам;
– асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар;
– жастар (18-ден 28 жасты қоса алғанда).
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыту мерзімі 3 жылдан аспайтын сертификаты болуы керек.
Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту және үміткерлерге ыңғайлы болу үшін гранттарды берудің барлық процесі электронды форматқа көшірілді. Грантқа өтініштер бір терезе – Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады.
Грантты қажет инвентарларды, құрал-саймандарды, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алуға, үй-жайды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, несиелік қарыздарды өтеуге, тұрғын үйді сатып алуға және салуға, жер телімдерін сатып алуға, акцизделетін өнімдерді өндіруге қарастырылмайды.
Грант алу кезеңдері
Грантқа өтініш берер кезде міндетті түрде ЭЦҚ болуы қажет. Сол арқылы бірнеше кезеңнен өтесіз.
Тіркеу кезеңі. Грантқа өтініш беру үшін сізге business.enbek.kz порталында тіркелу қажет. Электрон мекенжайды немесе ұялы телефон нөмірін пайдаланып тіркелу мүмкіндігі бар. Егер сізде порталда бұрын жасалған есептік жазба болса (Enbek.kz), онда қайта тіркеудің қажеті жоқ.
Пайдаланушыны тіркеу және сәйкестендіру рәсімін аяқтау үшін өзіңіздің ЖСН-ді көрсетуіңіз қажет. Шараны алудың келесі кезеңдері электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып жүзеге асырылады. Егер сізде ЭЦҚ болмаған жағдайда, сіз оны https://egov.kz келесі сілтеме бойынша қашықтан өте аласыз.
Мәртебені тексеру. Бұл кезеңде мемлекеттік гранттар беру шарттарына сәйкестігін тексересіз. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беру азаматтардың бекітілген санаттары үшін жүзеге асырылады. Грантқа үміткер болу үшін сізге пайдаланушының жеке кабинетіндегі «Мәртебені тексеру» бөлімінде шара көрсету шарттарына сәйкестігіне тексеруден сәтті өту қажет.
Тексеруден сәтті өткен жағдайда, сізге бизнес-жоспар құруға және грант алуға өтініш беруге рұқсат ашылады.
Бизнес-жоспар. Жобаңызды сипаттау үшін бизнес-жоспар құрып өткізуіңіз керек. Бизнес-жоспар – бизнесті құрудан бастап нақты мақсаттарға жетуге дейінгі нұсқаулық. Ол неғұрлым жақсы пысықталған және қазіргі жағдайларға бейімделген болса, оны іске асыру және грант түрінде қаржылық қолдау алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Грант алуға өтініш бергенге дейін жеке кабинеттің тиісті бөлімінде сіздің бизнес идеяңызды сипаттау үшін егжей-тегжейлі бизнес-жоспар жасаңыз. Ол үшін бизнес-жоспар үлгісін жүктеу, оны Сіздің бизнес-жобаңыз бойынша деректермен толтыру және одан әрі грантқа онлайн-өтініш берген кезде пайдалану қажет.
Өтініш. Мемлекеттік грант алуға өтініш онлайн беріледі. Грантқа өтініш беру мүмкіндігі грант беру шарттарына сәйкестіктен сәтті өткеннен кейін және бизнес-жоспар үлгісін толтырғаннан кейін ашылады. Өтініште Сіздің бизнес-жоспарыңыздағы жобаның сипаттамасына сәйкес келетін ақпаратты көрсету қажет.
Сіздің тарапыңыздан өтініш беру грант алуға кепілдік бермейтінін есте ұстаған жөн. Грант беру туралы шешімді өңірлік комиссия мүшелері ғана қабылдайды.
Комиссия туралы хабарландыру. Өтініш бергеннен кейін комиссия отырысы туралы хабарламаны күтіңіз. Өтініш сәтті берілгеннен кейін жеке кабинетіңізге, сондай-ақ тіркеу кезінде көрсетілген ұялы нөміріңізге SMS-хабарлама келеді, онда комиссия отырысының өту күні, уақыты мен орны көрсетіледі.
Бизнес-жобаңызды таныстыру үшін Сізге көрсетілген күні азаматтардың мемлекеттік грант беру туралы өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның отырысына келу қажет.
Комиссия отырысына келмеген жағдайда өтінішіңіз қаралмайды.
Грантты тағайындау үдерісіндегі алдағы маңызды кезеңдер туралы хабарламалар жеке кабинетке SMS-хабарламалар түрінде де келеді.
Жобаны таныстыру. Комиссия отырысында бизнес-жобаңызды таныстырасыз. Мемлекеттік грант беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді азаматтың өтініші және оның өтінішке қоса берілген бизнес-жоспары негізінде комиссия ғана қабылдайды.
Деректемелерді ұсыну. Грант қаражатын жолдау үшін банк деректемелеріңізді ұсыныңыз. Мемлекеттік грант беру мақұлданған жағдайда 3 жұмыс күні ішінде пайдаланушының жеке кабинетінің тиісті бөлімінде төлем құжаттарының міндетті деректемесі – 20 таңбалы жеке сәйкестендіру кодын (IBAN) ұсыну қажет.
Шартқа қол қою. Банк деректемелерін ұсынғаннан кейін Халықты жұмыспен қамту орталығы электрондық шартты дайындайды, оған өз тарапынан қол қояды және сізге қол қоюға жібереді. Шарт қол қоюға келіп түскеннен кейін, 3 жұмыс күні ішінде ЭЦҚ көмегімен жеке кабинетте «Грант шарты» бөлімінде мемлекеттік грант беру туралы шартқа қол қою қажет.
Грант қаражатын алу. Грант беру туралы шартқа қол қойылғаннан кейін грант қаражаты 5 жұмыс күні ішінде шотқа түседі.
Қаражатты мақсатты пайдалану туралы есептер. Бизнес-жобаны іске асыру туралы есептерді уақтылы ұсынып отырыңыз
Грант беру туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап Сіз және жұмыспен қамту орталығы арасында шарттық міндеттемелер басталады, оған сәйкес Сіз 1 күнтізбелік жыл ішінде грант қаражатының мақсатты пайдаланылуы туралы тоқсан сайынғы есептерді ұсынып отыруыңыз тиіс. Барлығы – 4 есеп.
Есептерді онлайн форматта, пайдаланушының жеке кабинетінде «Есепті тапсыру» функционалы арқылы тапсыру қажет.
Грантқа өтініштер қалай бағаланады?
Гранттарды жұмыспен қамту орталықтары өтініш берушілердің өтініштерін қарағаннан кейін аудандық немесе қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Өтініш берушілер өздерінің бизнес-жобасын комиссия отырыстарында ұсынады.
Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және келесі критерийлер бойынша бағалау парағын толтырады:
- бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
- өткізу нарықтарының дамуы;
- бизнес-жобаның қаржылық тұрақтылығы;
- іске асыру деңгейі;
- кәсіпкерлік дағдыларды дамыту;
- жаңа жұмыс орындарын ашу.
Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық негізде және үміткерлердің бизнес-жобаларын әзірлеуді бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.
Комиссияның шешімі өтініш берушінің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда өтініш беруші банктегі деректемелерді береді, келісімге қол қояды, содан кейін әр тоқсан сайын қаражатты пайдалану туралы есеп береді. Мұның барлығы жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ электрон түрде жүзеге асырылады.