Мол табыс табу үшін тәулігіне 20 сағаттап жұмыс істеу міндетті деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені қалтаға түсетін қаражаттың аз не көп болуы уақытпен емес, ақылмен өлшенеді. Сондықтан болар, көп жұмыс істесе де аз ақша табатын, аз істесе де, көп табатын адамдар болады. Ал енді айына жақсы табыс табуға әсер ететін не? Бұл ретте маңызды фактор — әдет. Яғни сіздің күнделікті қайталап жасайтын амалдарыңыз. Ендеше, байлардың бойында бар пайдалы әдеттер туралы жазғанды жөн көріп отырмыз. Кәдеңізге жарасын!
- Біреуге емес, өзіне жұмыс істейді. Негізі көпшілігі жалдамалы жұмыста жүре бергісі келеді. Өйткені сегіз сағат істеп, әрмен қарай жауапкершілік алғысы келмеуі мүмкін. Өзіне кәсіп ашу туралы ойласа, тіпті қорқады. Ал байлар болса, жалақыдан жалақыға өмір сүргісі келмейді. Барын салып, бір іске өзін арнап, содан мол табысқа кенеледі. Бастаудан қорықпау керек. Мысалы әлемге әйгілі миллиардер Амансио Ортеганың байлығы 75 млрд долларға жуық. Ол 1975 жылы жұбайымен бірге үйден халат, іш киім тігуден бастаған. Ал бүгінде оның Zara дүкені әлемнің түкпір-түкпірінде бар.
- Істі кейінгі қалдырмайды. Ойға алған ісіне қатысты шешім қабылдады ма — бірден іске кіріседі. Созып жүріп алмайды. Ой түбіне батқан сайын бата бересіз. Сондықтан «жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек екен» деп жүз толғанып жүріп алмаңыз. Сәтін салады деп күтпеңіз. Олай етсеңіз, мүмкіндікті мүлт жіберіп алуыңыз әбден мүмкін. Еріншектің ертеңі бітпейді.
- Өзгеше ойлайды. Табыс табу үшін міндетті түрде күрделі жолмен жүру керек деп ойламаңыз. Кейде күтпеген жерден ойға келген идея байып шыға келуіңізге себеп болуы мүмкін. Қақпағы астында тұратын кетчуп, шампуньдердің сыртын білесіз бе? Міне, сол идеяның авторы Пол Браун есімді азамат екен. Сол идеясы үшін ол дизайн құқығын 14 млн долларға сатқан.
- Жаратқанынан тапқаны көп. Айлығы өскен сайын шығына да өсе беретіндер бар. Байлар болса, бірінші кезекте ақша құртуды емес, көбейтудің жолын іздейді. Негізі бір айға жететіндей белгілі бір соманы бекітіп алған дұрыс. Сөйтіп айлық табысты одан көптеу табу керек. Сол артылғанын жинап не инвестициялау қажет. Әрі артық ақша бар екен деп оңды-солды шашу — жаман әдет. Көңіл-күйдің жетегінде зат алып қоюды доғарыңыз. Шығындарды басқаруды үйрену керек. Мысалы әлемдегі ең бай адамдардың бірі Уоррен Баффет әлі күнге дейін сонау 1957жылы 30 мың долларға сатып алған үйінде тұрады.
- Әр нәрседен бір мүмкіндік көріп тұрады. Қаржылық тәуелсіздікке ұмтылған адам оптимист болады. Ол ішіндеш су бар ыдысқа қарап, «жарты стақан су бар» деп емес, «әлі де толтыруға болатын стақан» деп ойлайды. Проблемаға баса мән беріп, соның күйін күйттеп кетпейді. Не үшін олай болғанына да бас қатырып, энергия шығындамайды. Оның орнына шешу жолдарын іздеп, реттеумен айналысады.
- Уақытын бағалайды. Бай адамдар айына не жылына табатын табысын емес, сағатына табатынын есептейді. Сондықтан бай болуға ұмтылсаңыз, ең алдымен күніңізді қалай өткізетініңізге көз салыңыз. Денсаулығыңызға, отбасыңызға, бизнесіңізге кері әсерін беретін істерден бас тартқан жөн. Еш пайдасы жоқ фильм қарап, әлеуметтік желіде бос әңгіме айтуды азайтыңыз. Сонда сіде дамуға, жоспарлауға, демалуға бос уақыт пайда болады.
- Адамның жаманы — мылжың, жақсысы — жомарт. Бай адамдардың басым көпшілігі қолы ашық, жомарт келеді. Олар бөлісуге дайын тұрады. Қайырымдылық жасайды, түрлі әлеуметтік, қоғамды жобаларды қаржыландырады. Ғылым-білімнің дамуына үлес қосып, меценат болады. Ақшаны мақсат көрмеңіз. Ол — мақсатқа жеткізетін құрал.
- Адамдарға керек әрі сапалы дүние жасауға ұмтылады. Шынында, халықтың өмірін жеңілдететін зат не қызмет қана толағай табыс әкеледі. Егер клиент риза болса, келесіде сізге қайта келеді. Ниетті дұрыстаңыз.
- Жауапкершілік алу. Жетістікке жетсе де, сәтсіздікке ұшыраса да бақуатты адам бәрін өзінен деп есептейді. Өзгелерді кінәлі қылуға тырыспайды. Өмірінің қазіргідей болғанына өзі ғана жауапты екенін түсінеді. Ал кедейлер болса, «бір күні аяқ-асты жолым болып кетеді» деп үміттеніп, қолдан келер қайран жоқ дегенге салып жүре береді. Яғни бұл жерде басты айырмашылық — шешім қабылдау және оған толықтай жауапкершілік алу.
- Сүйікті ісіңмен айналысу. Егер адам істеп жатқан ісін қатты жақсы көрсе, табысқа жететін күні жақын деген сөз. Өйткені ол жан-тәнімен кіріседі. Осы ретте кәсібилік қосылғанда қаржылық тәуелсіздікке жол ашылады. Бай адамдар түрлі кәсіптің басын шалудан да қорықпайды. Өйткені өз салаңды табуға ешқашан кеш емес.
- Асқақ мақсаттар қою. Егер сізде айына белгілі бір соманы табу деген мақсат болса, оны сіз табасыз. Айталық, 5 мың доллар табу деген мақсат қойдыңыз делік. Қалауыңызға қарай, аз не көбірек сома бекітсеңіз болады. Күн сайын әлгі шамаға жеткенше кішігірім қадам жасай беріңіз. Тағы бір айта кететін жайт, мақсатты дұрыс қоя білу маңызды. Яғни ол ақылға қонымды болсын. Оның іске асу не аспауы сізге ғана байланысты болуы қажет. Ауа-райына, басқаларға не тағдырға байланысты болса, мақсатыңызды дұрыс қоймағаныңыз.
- Нетворкиң. Адамдармен тіл табыса білу, байланыс орнату аса маңызды. Ақшаны біз үнемі басқа адамдардан аламыз. Қызметке төлейді, затыңызды алады. Егер сізде таныс көп болса, инвестор, клиент табу оңайырақ бола түседі.
- Инвестиция салу. Ақшаны ақша жасауы керек. Олар төсектің астындағы банканың ішінде жатпасын. Бизнесіңізді кеңейтіңіз, акциялар сатып алыңыз, кемінде үй алып қойыңыз.
- Пассив табысқа шығу. Миллионер болудың алғышарттарының бірі — сізді пассив табыстың болуы. Бұл дегеніміз сіз басқа жақта жүрсеңіз де, қатысыңызсыз жүре беретін кәсіп, түсе беретін ақша. Мысалы, банктегі депозиттің пайыздары, акциялар, үйді жалға бергеннен түсетін табыс, авторлық қаламақы, патенттер және т.б. Әлемдегі ең танымал «Happy Birthday to You!» Әніне авторлық құқыққа ие компания әлі күнге дейін жылына 2 млн доллар шамасында табыс алып отырады.
- Ортаңызды реттеңіз. Бай байға құяды, сай сайға құяды. Егер айналаңыздағы адамдар таныссыз, мол ақшасыз байып кету мүмкін емес деген түсінікте болса, онда осы ортада жүріп байып кете алмайсыз. Өйткені қалыптасқан түсінік сізді кері тартып, бойыңызға сенімді жоғалтады. Ал енді көз алдыңызда біреу табысқа жетіп жатса, сіз де соған ұмтыласыз. Беделді адамдармен араласпайтын болсаңыз, кемінде бай адамдар туралы биографиялар оқып, фильмдер көріп шабыттаныңыз. Олардың қалай ауқатты адамға айналғанын біліңіз.
- Бай адамдар жоспармен жүреді. Сондықтан табысқа ұмтылсаңыз, бір күнге, аптаға, айға, жылға арналған жоспар жасаңыз. Үлкен мақсатыңызға жасайтын кішігірім қадамды нақты біліп тұруыңыз керек. Ол жоспардың ішінде демалысқа да көңіл бөлінуі керек.
- Тоқтамай, алға жылжи береді. Бай адамдар бір сәт дамыл таппайды. Сіз де мақсатыңызға жетер жолда кедергілерге қарамастан алға ұмтылыңыз. Тіпті тығырыққа тірелгендей болсаңыз да, ол мәселені басқа ракурстан қарап көріңіз. Арманыңызға адал болыңыз. Орта жолдан кері қайтпаңыз. Біле білеңіз, бүгінде баршаға таныс байлар да кезінде түрлі қиындыққа төтеп берген. Талай рет банкротқа ұшыраған. Айналысқан ісі табыс әкелмеген кездері де болған. Бірақ бәріне тән ортақ қасиет — табандылық. Олар тоқтаай, алға жылжи берген. Қандай да бір сәтсіздікке ұшырасаңыз, налымай, одан сабақ алыңыз. Мысалы үш студент бірде 10 секундтан кейін өзімен-өзі өшіріліп кететін хабарламалар функциясы бар мобайл сервис жасайды. Бірақ әлгі жобалары сәтсіз болады да, үшеудің біреуі достарымен жанжалдасып, жобадан бас тартады. Кейіннен қолданбаны дамытып, қайта жасап шыққан соң Эван Шпигель мен Бобби Мерфи қазір 2,1 млрд және 1,8 млрд доллар табысқа ие болып шыға келді.
- Өзіңді дамытудан жалықпау керек. Жаңа білім алып, оны қолдану арқылы небір мықты жобаны дүниеге әкелуге болады. Менеджмент туралы кітаптар оқыңыз, оқиғалардан хабардар болыңыз.
- Өз бағаңызды біліңіз. Уақыт — сіздің ақшаңыз. Қызметтің ақысын айтпас бұрын нарықты зерттеңіз. Беделіңізді бәрінен биік қойыңыз, мүмкіндікті мүлт жібермеңіз. Мысалы банкоматтың прототипін жасаған адам ол дүниесін бар болғаны 5 долларға ғана бағалаған екен. Одан да қымбатқа бағалап, миллиондар таба алатын еді. Болмаса, сары смайликтің суретінің авторы Харви Болл 45 доллар ғана алған. Ал сол суреттің лицензиясын сатып алғандар 50 млн доллар тапқан.
- Тәуекелге бас тігу. Бай адамдардың келесі бір артықшылығы — тәуекел етуден қорықпайтыны. Әрине, көзсіз бара салмайды. Бәрін есептеп, соған тұратын болса ғана әрекет етеді. Бай болғыңыз келсе, қорықпаңыз. Бастысы, қосымша жоспарыңыз болсын.