Қазіргі уақытта әлемде оқи да, жаза да алмайтын 770 млн астам ересек адам бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ Жаңалықтар қызметі сайтына сілтеме жасап.
Тек әр бесінші мемлекет 12 жасқа дейін тегін міндетті білім беруге заң тұрғысынан кепіл бере алады. Көптеген елдерде пандемияға байланысты білім саласы айтарлықтай нашарлады. ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле соңғы онжылдықтардағы осы бағыттағы үлкен жетістіктерді еске түсіре отырып, білім беру саласындағы күш-жігерді жандандыруға шақырды. Ол білім беру басты қоғамдық игіліктердің бірі екенін және 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму саласындағы барлық күн тәртібін жүзеге асырудың маңызды құралы екенін атап өтті.
«Бірлескен күш-жігердің арқасында біз бұл бағытта көп нәрсеге қол жеткіздік. 1979 жылы біздің планетамыздағы адамдардың тек 68 пайызы оқып, жаза алды. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 86,7 пайызға дейін өсті. Айқын прогреске қарамастан, бүкіл әлем бойынша 771 миллион ересек адам әлі де негізгі сауаттылық дағдыларына ие емес, олардың 60 пайызы қыздар мен әйелдер», – деді Одрэ Азуле.
ЮНЕСКО мәліметі бойынша, пандемия салдарынан 24 миллионға жуық оқушы ешқашан мектеп пен басқа оқу орындарына оралмауы мүмкін. Оның 11 миллионы – қыздар мен жас әйелдер. Ол білім беру үшін қаржыландыруды ұлғайтуға және халықаралық көмек көлемін арттыруға шақырды.