MasterCard және Visa: айырмашылығы неде?
Төлем жүйелері дегенде ең бірінші еске келетіні — MasterCard және Visa. Өйткені бұларды әлемнің түкпір-түкпірінде кең қолданады. Егер сізді бірнеше банк картасы болса, бірі MasterCard, енді бірі Visa болуы мүмкін. Мұндайда «бұл екеуінің айырмашылығы неде?» деген заңды сауал туындайды. Ендеше, оқырмандарға осы екі төлем жүйесі жайлы ақпарат бергенді жөн көріп отырмыз.
Visa Electron мен MasterCard Maestro айырмашылығы
Visa-ның бастапқы атауы 1958-1976 жылдар аралығында BankAmericard болған. Бірақ ауқымы кеңейген соң атауын нейтрал қылып ауыстырған жөн деген шешімге келеді. Сөйтіп бірнеше нұсқаның ішінен «виза» дегенге тоқталып, жаңа логотиппен, жаңа атаумен шығады. MasterCard болса, 1966 жылы Америкада Interbank Card Association деген атаумен шыға бастаған. Ал қазіргі MasterCard Worldwide деген атауын 1979 жылы алған.
Тарихына осылай қысқаша ғана тоқталсақ жеткілікті болар. Ал енді карталардың түрлерін салыстырып көрелік. Ең алдымен, Visa Electron және MasterCard Maestro карталарын қарайық. Бұл екеуі де халықаралық деңгейде қолданылады. Жылдық қызмет көрсету ақысы кейде тегін, кейде өте минимум шамада болып келеді. Бастапқы деңгейдегі картада мынадай қызметтер қарастырылады:
- Тауарлар мен қызметтерді қолма-қолсыз төлей аласыз;
- Оператордың көмегінсіз қолма-қолсыз ақша аудара аласыз;
- Есешотыңызды кез келген уақытта қарап, басқара аласыз;
Негізі Visa Electron мен MasterCard Maestro-ны жалақы жобасы аясында қолданады. Оның басты функциясы — ақшаны шотта сақтау. Сырт көрінісіне келетін болсақ, айтарлықтай айырмашылық жоқ. Әр банк өз дизайнына сай жасайды.
Visa Classic пен MasterCard Standard айырмашылығы
Бұл екеуін стандарт функциялар жиынтығы бар универсал карта десек болады. Бұл карталардың көмегімен дүкендерде де, интернет-дүкендерде де еркін төлем жасай бересіз. Шетелге шығатын болсаңыз, осы карта түрі жеткілікті. Көпшілігінің осы карталарды пайдалануының да себебі осында. Жылдық қызмет көрсету ақысы әр банкте әр түрлі. «Электрон» мен «Маэстродан» шамалы қымбат болуы мүмкін.
MasterCard Gold пен Visa Gold айырмашылығы
Аталған екі карта айрықша статусқа ие. Өйткені мұндай картаны ұстайтындарға басымдық беріледі. Әсіресе, шетелге жиі шығатындарға ыңғайлы. Жылдық қызмет ақысы алдыңғы түрлерімен салыстырғанда біршама қымбаттау. Әйтсе де, қорғаныс деңгейінде еш артықшылық жоқ. Ендеше, қандай басымдық туралы айтқанымызға келейік. Банктер мұндай картасы барларға түрлі жеңілдік, бонустар қарастырады. Мысалы мынадай:
- Шетелге шыққанда банктің еншілестерінен қолма-қолма ақша шығарған кезде қосымша комиссия алынбайды;
- Төлем жасаған кезде банктің серіктестерінен жеңілдіктер беріледі. Айталық, сұлулық салонына барып, қонақ үйде тұрып, кафе мен мейрамханаларда тамақтанып картаңызға бонус ала аласыз. Кейбірі туристік жолдамаларға, шетелге шығуға жақсы жеңілдіктер беруі мүмкін. Қандай басымдық барын картаны ашатын кезде банк қызметкері толық түсіндіріп береді.
- Түрлі мәдени VIP іс-шараларға шақырту беріледі.
- Картасын жоғалтып алған жағдайда иесіне қолма-қол ақшаны дереу алып береді. Қызмет көрсету ақысының ішіне стандарт қызметтер — интернет-банкиң, СМС-банкиң, СМС хабарлама кіреді.
MasterCard Platinum мен Visa Platinum айырмашылығы
Аталған екі карта алдыңғы голдтан да жоғары тұрады. Премиум-класстағы карта саналады. Жылдық қызмет көрсету ақысы сәйкесінше, қымбат. Жоғары статустан бөлек, мынадай артықшылықтары бар:
- Эксклюзив қызмет көрсету;
- Әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет көрсетуде басымдық беру;
- Банк серіктестерінің қызметін қолданғанда жеңілдіктер алу;
- Бонустар алып, олармен төлеуге мүмкіндік бар. Соның ішінде шетелге билет алғанда;
- Картаны жоғалтқан жағдайда дереу қолма-қол ақшаны шешіп алуға мүмкіндік беру;
- Қосымша комиссияларсыз ақша шешіп алу;
Платинум картасы барларға банк қызметтерінің ең максимум пакеті беріледі. Ол дегеніміз: смс-банкиң, интернет-банкиң, смс-хабарлама. Байқағаныңыздай, картаның типіне байланысты аса үлкен айырмашылық жоқ. Егер стандартты қолданушы болсаңыз, жылдық ақысына артық шығындалудың қажеті шамалы. Егер картаны дүкендерде төлеп қана қоймай, интернет арқылы да төлем жасауға қолданатын болса, алтын не платинум алмай-ақ, Visa Classic немесе MasterCard Standard алған жөн. Ал енді престиж қажет болса, онда MasterCard Platinum не Visa Platinum екеуінің бірін таңдайсыз.
Қайсысын таңдаға жөн?
Карта түріне қатысты бәрі түсінікті болса, енді Visa немесе MasterCard — қайсысын таңдаймыз дегенге тоқталайық. Көпшілік арасында алғашқысының америкалық төлем жүйесі болса, екіншісінің еуропалық төлем жүйесі екені жайлы апқарат бар. Иә, бастапқыда ол солай болған. Дегенмен кейіннен жаһандануға байланысты арасында айтарлықтай айырма қалмады. Яғни екеуі де бүгінде халықаралық төлем жүйесі болып кетті. Сондай-ақ, екі картаның да штаб-пәтері Америкада, америкалық карта саналады. Бұл компаниялардың акциялары Нью-Йорк қор биржасында саудаға түседі.
Қауіпсіздік тұрғысынан қалай?
MasterCard төлем жүйесінің картасын пайдаланғанда пин-кодты операция сомасына қарамастан кез келген жағдайда теру керек. Ал Visa-ны қолданғанда белгілі бір сомаға дейін пин-код баспай ала бересіз. Осы тұрғыдан алғанда картаны жоғалтқан жағдайда «Визадан» әлдекімнің төлем жасап, ақшаңызды жаратуы әбден мүмкін. Ал «Мастеркард» ол жағынан қауіпсіздеу.
Сонымен бірге карта түрін таңдаған кезде онда чиптер мен магнит жолақтардың бар-жоғына баса мән берген дұрыс. Ол жерде карта және оның иесі туралы ақпарат болады. Магнит жолаққа қарағанда чиптің ішінде әлдеқайда көп мәлімет бар. Әрі оны шифрлау да оңай емес. MasterCard Maestro мен Visa Electron-да магниет жолақ қана бар. Сол жағынан алғанда, қауіпсіздік төмен деуге болады. Дегенмен Visa Classic пен MasterCard Standard-тан әрі қарай барлығында чип бар.
Тарифтерге қатысты
Картаны пайдаланғанына байланысты ақы, көрсетілетін қызметтер тарифі әр банкте әр түрлі екенін ескеру керек. Сондықтан кез келген банктен аша салмай, оның барлық артықшылығын сұрастырып алу керек. Шынында қолданасыз ба, бекерге ақы төлеп жүрмейсіз бе — ойланыңыз. Әдетте белгілі бір банктен карта ашып, оны қолданбай кетуіңіз мүмкін. Банкке барып картаның күшін жоймайынша, сіз қызмет ақысын бәрібір төлеуіңіз керек. Яғни «ұстамасам, төлемеймін» деген нәрсе жүрмейді. Сол себепті топырлатып көп карта аштыра бермеңіз. Қолданбайтын болсаңыз, ерінбей барып жауып тастаңыз. Қандай түрін алуға болады деп ойлансаңыз, мынадай мәліметтерді нақтылап алуға кеңес береміз:
- Картаны шығару ақысы тегін бе, ақылы ма;
- Жылдық қызмет көрсету ақысы;
- Қолма-қол аша шығару лимиті қандай;
- Конвертацияға қанша комиссия ұстайды;
- Өз банкіңіздің банкоматынан қолма-қол ақша шығаруға қанша комиссия ұстайды;
- Басқа банктердің банкоматынан ақша шығарғаны үшін алынатын комиссия мөлшері қандай;
- Жоғалтып алған жағдайда жаңа картаны шығару ақысы;
- Қосымша қызметтер қосқанда ақысы қандай болады.