Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да елдегі ірі бизнес өкілдерін Ақордаға жинады. Тағы да дейтініміз Мемлекет басшысы ірі кәсіпкерлермен мамыр айында да жүздескен еді. Кездесу барысында Президент бизнес өкілдеріне біраз міндет жүктеді. Төмендегі материалда Президент сөздерін қорыта отырып, негізгі тезистерді беруді жөн көрдік.
Президенттің негізгі ойлары:
- Еркін әрі тиімді нарықтық экономика құрылуы керек;
- Мемлекет бизнес ісіне араласпайды;
- Мемлекеттің міндеті – заңға бағынатын бизнеске ел ішінде де, халықаралық нарықта да қолдау көрсету.
Мемлекет атқаратын міндеттер:
- Экономиканы монополиядан арылту және жаңа нарықтар ашу;
- Мемлекет кез келген адамның адал бизнеспен айналысуына жағдай жасайды;
- Шағын және орта бизнеске ерекше басымдық беріледі;
- Мемлекет ірі, қалыптасқан бизнесті қолдаудан бас тартпайды.
Мемлекет бизнестен не күтеді?
- Бизнес қауымдастық әділетті Қазақстан құруға атсалысуы тиіс;
- Бизнес Салық кодексін әзірлеуге қатысуы тиіс;
- Бизнес адами капиталға – заманауи балабақшалар, жайлы мектептер, ауруханалар, іргелі университеттер салуға, туризмді дамытуға инвестиция құюы керек;
- Бизнестің қайырымдылық істерді жалғастыра бергені жөн;
- Бизнес елдегі мектеп, жатақхана, жастарға арналған спорт кешендерінің тапшылығын жоюға үлес қосуы қажет.
Осыған дейін қандай қателіктерге жол берілді?
- Бұрын жұмыстың дұрыс жүргізілгендігі мемлекеттік органдардың есебімен бағаланып келді. Енді ондай өрескел қателікке жол берілмейді;
- «Майшелпек орындар» мен жайлы қызметтерді үлестіру қатты белең алды;
- Бизнеспен жұмыс істеу кезінде ескі тәсілдер қолданылды;
- Құқық қорғау органдары тарапынан жүйесіздікке жол берілді;
- Бизнеске заңсыз кедергі келтіру – елдің сорына айналды. Рейдерлік қалыпты құбылысқа айналып кеткендей болды.
- Өңірлік билік пен аумақтық құқық қорғау бөлімшелерінің басшылары кәсіпкерлермен бірігіп, бизнесті қолдау деген сылтаумен үнемі заңды бола бермейтін әрекеттерді жүзеге асырып келді. Бұл – үлесті өзара бөлісіп алу деген сөз;
- Қазақстандық бизнес сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі әрекеттерге, әкімшілік ресурстарға негізделген және тендерлер мен бюджет қаржысын оңды-солды шашуға бағытталған жабайы кәсіп ошағына айналды;
Президент не тапсырды?
- Құқық қорғау органдары бизнес иелерін негізсіз қудалауды азайтуы керек;
- Бас прокуратура кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау, әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізуге жол бермеуді барынша қатаң бақылауды қамтамасыз етуге тиіс;
- Құқық қорғау органдары бірінші кезекте алаяқтық, қаржыны жылыстату, заңсыз ақша табу, қаржы пирамидаларын құру әрекеттерін әшкерелеуі тиіс;
- Бас прокуратура құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қиялынан туған қылмыстық істерді тоқтатуға тиіс;
- Бас прокуратура Жоғарғы Сотпен және Үкіметпен бірлесе отырып, заңнамаға нақты түзетулер топтамасын әзірлеуі қажет;
- Бас прокуратура Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес-омбудсменмен бірлесе отырып, қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілік салаларының ара-жігін ажыратуға бағытталған механизмдерді тез арада әзірлеуі керек;
Мемлекет басшысы жақында жариялаған Жолдауында да бизнес мәселесіне қатысты бірнеше бастамасын таныстырды.
- «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынас түбегейлі өзгереді;
- Мемлекет бәріне бірдей мүмкіндік береді;
- Экономикалық еркіндік басты планға шығады;
- Халық нарық тұрақсыздығынан мейлінше қорғалуы тиіс;
Экономикалық дамудың үштағаны мыналар:
1. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету;
2. Экономиканы әртараптандыру;
3. Цифрландыру үдерісін белсенді жүргізу.
Тоқаевтың сөзінше, соңғы кезде тым жиілеп кеткен – мемлекеттік органдардың, соның ішінде күштік құрылымдардың бизнесті тексеруге жаппай кірісіп, бағалар мен тарифтерді төмендетуді талап етуінің жолы кесілуі керек. Президент бұл әрекеттерді құр дақпырт үшін жасалатын әрекеттер деп бағалады.
- Қаржылай қолдау жасалар кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән беріледі.
- Мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі.
- Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалып, бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады.
- Бизнеске банктер көмектесуі керек. Олар тұрақты қаржы қоры (триллиондаған) бар екеніне қарамастан кәсіпкерлерге несие ұсынуда сараңдық танытуда.
- Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді.